Моноқалалардың айналасында кен іздеу жұмыстары жүргізіледі - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы моноқалалардың айналасында ірі ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізу көзделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаланың негізі болып тұрған кәсіпорындардың қорлармен қамтамасыз етілу проблемалары, пайдалы қазбалар қорларының төмен толықтырылуы және «жетілген» деп аталатын кен орындарында өндірудің төмендеуі бүгінгі күні шешуді талап ететін негізгі мәселелер болып отыр. 2025-2040 жылдарға қарай моноқалалардың айналасында орналасқан бірқатар ірі кен орындары сарқылады деп болжануда», - деді министр.

Оның атап өтуінше, геологиялық зерделеуді арттыру мен пайдалы қазбалардың басым түрлерінің ресурстарын бағалау үшін 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.

«Онда Шығыс, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы моноқалалардың айналасында ірі ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізу көзделеді. Бұл қаланың негізі болып тұрған кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.