Монреаль хаттамасы туралы құжат Сенаттың жалпы отырысына шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «1999 жылғы 3 желтоқсанда Бейжіңде қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөнiндегi Монреаль хаттамасына Түзетудi ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Еске сала кетейік, Озон қабатын бұзатын заттарға қатысты Монреаль хаттамасы 1987 жылы қабылданған болатын. Ал Қазақстан Монреаль хаттамасына 1997 жылы қосылды. Хаттама аясындағы Бейжің түзетуі 1999 жылғы 3 желтоқсанда қабылданды. Онда Монреаль хаттамасының мүшесi болып табылмайтын кез келген мемлекетке гидрохлорфторкөмiртектi экспорттауға немесе импорттауға тыйым салу белгiленедi және Хаттамаға мүше мемлекеттер гидрохлорфторкөмiртегi өндiрiсiн реттеудiң қосымша шаралары енгiзіледi. Құжатты ратификациялау кезiнде Қазақстанға Ғаламдық экологиялық қор тарапынан қаржылық және техникалық қолдау көрсетiлетiн болады.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болды.