Монреаль турнирінде Рыбакина мен Путинцева бақ сынайды

Фото: sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — 27 шілде – 7 тамыз аралығында өтетін Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің жеребесі тартылды.

Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген, әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды.

Қазақстандық теннисші америкалықтар, әлемнің 50-ракеткасы Хейли Баптист немесе рейтингіде 150-сатыдағы Уитни Осуйвенің қай жеңгенімен кездеседі.

Қазақстанның екінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингіде 260-орындағы қытайлық, іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі Ханьюй Гомен шеберлік байқасады. 

Монреаль жарысы АҚШ ашық чемпионаты қарсаңындағы ірі турнирлердің бірі болып есептеледі. 

Финал 7 тамызға белгіленген. 

Қазақстанның ерлер арасында бірінші ракеткасы Александр Бублик Торонто (Канада) мастерс додасына қатысудан бас тартты. Есесіне ол 5-18 тамызда өтетін Цинциннати мастерс жарысында өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аустриядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Елена Рыбакина Вашингтон турнирінің финалынан тыс қалды.