Монреаль қаласындағы ИКАО штаб-пәтерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі мен ICAO Cinema Club-тың жәрдемімен алғаш рет қазақ тілінде ағылшын субтитрлерімен «Бақыт құшағында» атты қазақ фильм-мюзиклінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мырза, Ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза, Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Даулетбек Құсайынов мырза, сондай-ақ ИКАО жанындағы мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері, Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ИКАО Хатшылығы мен Қазақстанның Канададағы елшілігінің қызметкерлері және Монреаль қаласындағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде ИКАО жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза аталған іс-шараның тарихи сипатқа ие екенін атап өтті, өйткені ИКАО Штаб-пәтерінің қабырғасында алғаш рет қазақ фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Тимур Тлегенов бұл оқиғаның тарихи маңызын атап өтіп, ИКАО штаб-пәтерінде алғаш рет қазақ фильмінің көрсетілгенін жеткізді. Ол мұндай мәдени бастамалар халықаралық түсіністік пен мәдени байланыстарды нығайтатынын айтты.
Тошиюки Онума қазақстандық тарапқа кешті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, мәдени дипломатияның халықаралық ынтымақтастықтағы рөлін ерекше атап өтті.
Көрсетілім алдында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, домбырада музыкалық бағдарлама орындалды. «Сарыарқа», «Қара жорға», «Қараторғай», «Алатау» сынды шығармалар шырқалды.
Іс-шара соңында қонақтар кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, қазақ фильмін жылы қабылдағанын және оның көрермендер тарапынан оң пікір алғанын жеткізді.
Осыған дейін ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның авиация саласындағы үлесін атап өткенін жазған едік.