Моншаға түсудің пайдасы мен зияны қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Күн суып, қыс түсе жұрттың моншаға баруы жиілейді. Бұл ретте, дәрігерден ыстық буға түсудің денсаулыққа пайдасы мен зияны жөнінде сұраған едік.

Фото: Kazinform / ЖИ

Елордадағы №9 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Әсел Қарасаева моншаның адам ағзасына оң әсерлерін атап өтті:

  • Моншадағы жоғары температураның әсерінен қан тамырлары кеңіп, қан айналымы күшейеді, тіндерге оттегінің жеткізілуі артады;
  • Тер бездерінің жұмысы күшейіп, қарқынды терлеу арқылы терінің тазаруы мен зат алмасу үрдісі жақсарады;
  • Бұлшық еттер босап, тырысы жазылады. Соның нәтижесінде шаршау басылып, ұйқы жақсарады, буындардың қозғалысы жеңілдейді.

– Моншадағы бу тыныс алу жолдарының шырышты қабатын ылғалдандырып, мұрын бітелуін уақытша жеңілдетеді. Бірақ бронхитті, өкпенің созылмалы ауруларын емдемейді, вирустық инфекцияны жоймайды. Бронх демікпесі бар адамдар үшін тыныс алуды қиындатуы мүмкін. Жоғары температура мен салқындаудың кезектесуі иммундық жүйенің белсенділігін арттыруға әсер етеді, – деп түсіндірді маман.

Фото: Әсел Қарасаеваның жеке мұрағатынан

Сонымен бірге, оның сөзінше, кей кісілерге моншадағы ыстық бу зиян болуы да мүмкін.

– Жүрек аурулары бар адамдар жоғары температурада ұзақ отырса, жүрек соғуы жиілеп, ырғағы бұзылады, жүрекке түсетін жүктеме артады. Қатты терлеу кезінде ағза су мен электролиттерді жоғалтады. Бұл әлсіздікке, бас айналу, қан қысымының төмендеуіне әкеледі. Соның кесірінен кісінің көзі қарауытып, естен тануы ықтимал, – деді дәрігер.

Одан бөлек, өте ыстық бу теріні күйдіріп, қорғаныш қабатын зақымдауы мүмкін. Ер адамдар жоғары температурада ұзақ отырса, бұл жағдай аталық безде сперматозоидтардың түзілуіне кері әсер етеді.

Әсел Қарасаева моншаның осындай пайдасы мен кері әсерін ескере отырып, дені сау ересек адамдар үшін аптасына 1-2 рет баруға кеңес береді. Бастапқыда бу бөлмесінде 5-10 минут болған жөн. Жағдайға қарай үзіліс жасап, салқындап демалу қажет. Жеткілікті мөлшерде су ішу де маңызды.

Мына жағдайларда моншаға түспеген абзал:

· Жедел инфекция, дене қызуының көтерілуі, тұрақсыз стенокардия байқалса;
· Жақында инфаркт немесе инсульт болған жағдайда;
· Қан қысымы тұрақсыз, жүрек ырғағының бұзылыстары бар болса;
· Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар;
· Жиі өршитін бронх демікпесі;
· Эпилепсия;
· Варикоздың айқын сатысы болса;
· Алкоголь ішкеннен кейін.

Сонымен қатар, тері аурулары (экзема, псориаз) бар жандар, жүкті келіншектер және үш жасқа дейінгі балалар моншаға бармағаны дұрыс.

– Монша денсаулыққа барынша пайдалы әрі қауіпсіз болуы үшін өз ағзаңыздың ерекшеліктерін ескеріп, қажет болған жағдайда, дәрігермен алдын ала кеңесуді ұмытпаңыз. Сонда ғана шипалы бу денеңізге сергектік, ал жаныңызға шынайы рахат сыйлайды, – деп түйіндеді дәрігер.

Айта кетейік, бұған дейін сақ моншалары шетелдік туристер арасында танымал бола бастағанын жазғанбыз.