АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло мастерс турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 13-ракеткасы, чехиялық Иржи Легечканы жолдан тайдырды.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке 6:2, 7:5 есебімен аяқталды.
А.Бублик 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Легечка 7 эйспен көзге түсті.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен таласады. Ол үшінші айналымда әлемнің 30-ракеткасы, аргентиналық Томас Мартин Этчеверриді ұтты — 6:1, 4:6, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан — Канада матчының жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).