АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло мастерс турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші әлемнің бұрынғы 6-ракеткасы, қазіргі кезде 199-орында тұрған франциялық, 39 жастағы Гаэль Монфистің меселін қайырды.
Екі сет те 6:4 есебімен аяқталды.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсекеде Бублик 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін құр жіберген жоқ. Монфис 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, чехиялық Иржи Легечка немесе рейтингіде 39-сатыдағы чилилік Алехандро Табилоның қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 77-орындағы Александр Шевченко алғашқы айналымнан аса алмады. Ол әлемнің 51-ракеткасы, хорватиялық Марин Чиличке есе жіберді — 1:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 16 жастағы қазақстандық теннисшінің Алжирдегі жарыста чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).