Moody’s агенттігі Отбасы банктің қаржылық тұрақтылығын жоғары екенін растады

Фото: Отбасы банк

АСТАНА. KAZINFORM – Moody’s халықаралық рейтингілік агенттігі Отбасы банктің қаржылық тұрақтылығын жоғары деңгейде екенін тағы да растады.

Агенттік банкке ұлттық валютадағы депозиттер бойынша берілген ұзақмерзімді рейтингті Baa1 деңгейінде қалдырды. Сондай-ақ банктың қысқа және ұзақ мерзімді қаржылық тәуекелдерді басқару қабілеті де сенімді деген бағасын алды. Moody’s берген бұл бағалар Отбасы банктің тұрақты, сенімді және жауапкершілігі жоғары қаржы институты екенін көрсетеді.

Бүгінде банк активтер көлемі бойынша еліміздің ЕДБ ішінде 4-орында, ал меншікті капитал бойынша 5-орында тұр. Биыл банк өнімдерінің арқасында 62 363 қазақстандық отбасы баспаналы болып, қоныс тойын атап өтті.

Көптеген азаматтар үшін бақытты қоныстой иелерінің қатарына қосылуға әлі де мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдап жатыр. Өтінім қабылдау 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады. Осы кезең аяқталған соң қатысушылар пулдары қалыптасып, одан әрі кредиттік өтінімдерді қабылдау, тұрғын үй іздеу және қарыз беру кезеңі басталады. Бүгінгі таңда бағдарламаға 19 580 өтінім сәтті тіркелді. Оның ішінде 3 119 өтінім – тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтардан түскен.

«Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар. Тұрғындардың ең көп таңдайтын қалалары – Алматы, Астана және Шымкент. Биылдың өзінде бұл бағдарлама 7 404 отбасының қоныс тойын тойлауына мүмкіндік берді.
Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында қарыз беруді де белсенді түрде жалғастырып келеді. Бұл – бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі көптеген азаматтар үшін ең қолжетімді және кеңінен қолданылатын негізгі құралдардың бірі. Аймақтарда «Дипломмен – ауылға» жобасы, жастарға арналған бастамалар және түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп, қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндігін кеңейтіп отыр.

Осындай тұрақты әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі банктің кредиттік портфелінен айқын көрінеді. 2025 жылдың 1 қазанына берілген мәліметтер бойынша, Отбасы банктің үлесі еліміздегі бүкіл ипотекалық портфельдің 51 пайызын құрайды. Ал жалпы кредиттік портфель көлемі 3 885 454 миллион теңгеге жетті.

Қаражат жинауды үйрену қазақстандықтарға ипотеканы уақытында өтеуге де үлкен көмек береді. Тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесі қалыптастыратын тұрақты түрде ақша жинау дағдысы азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттырады. Соның нәтижесінде Отбасы банк клиенттері қарыздарын өтеуде ерекше тәртіпті әрі тұрақты болып келеді.

Осы мәдениеттің арқасында банк еліміздегі екінші деңгейлі банктер арасындағы NPL көрсеткіші ең төмен ұйымдардың бірі саналады. Қазіргі уақытта 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі небәрі 0,12 пайызды құрайды, ал нарықтағы орташа көрсеткіш – 3,52 пайыз.

Қазіргі таңда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне еліміздің 3,3 миллион азаматы сенім артып отыр, бұл шамамен экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 33,6%-ын құрайды. 2025 жылдың 1 қарашасы жағдай бойынша депозиттік портфель көлемі 2 598 990 миллион теңгеге жетті.

Осы жылы Отбасы банкте жаңа депозит ашқан адамдар саны 739 913 адамды құрады. Олар бұл қаражатты кейінгі уақытта ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен несие алып, тұрғын үй сатып алу үшін пайдаланбақ.

Жеке тұлғаларға болашақтағы баспанасы үшін қаражат жинауға мемлекет те қолдау көрсетеді.

Жыл сайын мемлекет депозит сомасының 20%-ына дейінгі сыйлықақыны (максималды 200 АЕК) есептеп береді. 2025 жылы да бұл мүмкіндік сақталады. Жыл соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін, депозитке 786 400 теңге салсаңыз, максималды сыйлықақы ретінде 157 280 теңге алуға болады.

Депозит ашу үшін банк кеңесшілеріне жүгінуге болады, ал қашықтан рәсімдеуді мобильді қосымша немесе видеобанк арқылы жасауға мүмкіндік бар.