— Пандемия кезінде мораторий көптеген шағын және орта бизнес субъектісін сақтап қалуға көмектесті. Қазір де кәсіпкерлер салық жүйесіндегі өзгерістерге бейімделіп, жаңа талаптарды меңгеріп жатыр. Сондықтан осы өтпелі кезеңде, әсіресе шағын бизнеске, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды, — деді сарапшы.
Оның айтуынша, бизнесті қолдаудың негізгі жолдарының бірі — кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Тексерістер мен талаптардың шамадан тыс көбеюі кәсіпкерлерге қосымша қиындық туғызуы мүмкін. Ал тұрақты жұмыс істеуге жағдай жасалса, олардың қызметін заңдастырып, табысын ашық көрсетуге ынтасы артады. Бұл бизнестің дамуына да, салық түсімдерінің тұрақтылығына да оң әсер етеді.
Сарапшы шағын бизнесті қолдаумен қатар, азаматтардың қосымша табыс табуына мүмкіндік беретін цифрлық платформалардың әлеуетін де атап өтті. Мәселен, ауыл тұрғындары өздері өндірген құрт, май және басқа да отандық өнімдерді маркетплейстер арқылы сата алады. Мұндай платформалар өнімді өткізуге, төлем қабылдауға және жеткізуді ұйымдастыруға көмектессе, ауылдағы шағын кәсіптің шырайы кірмек.
— Бұл өз өнімін үй жағдайында өндіретін және ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарға тұтынушыларды кеңірек қамтып, табысын арттыруға мүмкіндік береді, — деді сарапшы.
Еске салайық, Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуды реттейтін жеңілдетілген құқықтық режим әзірлейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.