Мораторий жариялау жер мәселесін егжей-тегжейлі талқылау үшін қажет - Кәкімжан Сарханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің Жер кодексін күшіне енгізу мерзіміне мораторий жариялауы, осы мәселені егжей-тегжейлі талқылап алу қажеттігі тұрғысынан келгенде өте орынды деп ойлаймын, дейді «Егемен Қазақстан» газетіне берген пікірінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Кәкімжан Сарханов.

Жер мәселесі қай уақытта болса да маңыздылығымен ерекшеленген. Бірақ та бұл өзекті мәселе төңірегіндегі пікірталас, ұсы­ныстар негізсіз, жалған деректерден ада болып, нақты жер құндылықтарын қайткенде еліміз экономикасын көтеруге, халқымыздың мүддесіне сай пайдалана аламыз деген мақсатта өрбісе дұрыс болар еді.

Рас, бүгінде елімізде ауылша­руа­­шы­лық жер­лерін пайдалану тиімділігі сын көтермейді, пай­даланусыз жатқан ауы­л­шаруа­шылық жерлерінің ауқымдылығын айт­пағанда, бүгінгі ауыл­шаруашылық құрылымдары иелігіндегі жерлердің орта есеппен 30%-ға жуығы мақсатты пайдаланылмайды деуге болады.

Мысалы, елімізде 100 млн гек­тар­ға жуық жайылымдық жерлер пайдаланусыз жатыр, негізінен бұл шалғайда орналасқан жерлерді ауылшаруашылық өндірісі айналымына қоса ал­сақ, ғылыми тұрғыда не­гізделген болжамға сай 1 млн. тоннаға дейін мал ша­руашылығы өнімдерін өндіруге болады екен.

Осыған орай, елімізде ауыл­шаруашылық жер­лерін пайда­ланудың тиім­ділігін арттыру мақ­сатында кешенді іс-шараларды атқару қажеттілігі еш күмән келтірмесе керек.

Бірақ, басты мәселе ауыл­шаруа­­­шылық жерлерінің меншік түрлеріне байланыс­ты болып тұр ма, елімізде ауылшаруашылық жерлері­не жекеменшік институты енгізіл­геннен бері біршама уақыт өтсе де неге жерді өз меншігіне сатып алушылар қатары көбеймей отыр. Еуропада ең дамыған елдің бірі - Германия бүгінде ауыл­шаруашылық жерлерін жалға пайдалану жүйесіне неге бетбұрыс жасап отыр деген сұрақтар да толғандырмай қоймайды.

Сонымен қатар, жалпы, ауыл­шаруа­шылық тауарлы өндіріс жер­лерін саяжай, саябақ, орман, қорық мақсатында пай­даланылатын жерлер ерек­шеліктерімен салыстыруға болмайды, яғни олардың аумағы үлкен, экологиялық қауіпсіздік тұрғысында күрделі іс-шараларды, сапалы, мол ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін ауқымды материалдық-техникалық жабдықтауларды қажет етеді.

Менің ойымша, осыдан да өнім өндірушілер тарапынан ауыл­ шаруашылық жерлерін жеке­меншікке алуға ниеттілік төмен болып отыр. Сонымен қатар, ауыл­ шаруашылық жерлерін жеке­шелендіру кезінде мемлекеттік ауыл шаруашылық құрылымдарын жекешелендіргенде жіберілген кейбір қателіктер қайталанбай ма деген күдіктің болғанын да жасы­рудың реті жоқ. Тегін берген затта құн болмайды деген сөз бар ғой. Әлемдік тәжірибе қай уақытта болмасын ауылшаруашылық жерлерінің өнімділігін, пайдалану тиімділігін арттыру және түр­лі экологиялық апаттардан қорғау мемлекеттік көмек, қол­дау, бақылаусыз мүмкін бола бер­мей­тіндігін көрсетеді. Сонымен қатар, нарықтық экономикада ауыл шаруа­шылығы сала­сының негізін мемлекеттік емес меншік иелігіндегі шаруа­шылық құрылымдары қалыптастырып отырғанда, жерді жал­ға беру еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау­ға байланысты мемлекеттің ауыл шаруашылық өнімдерін өн­діру­шілерге әсер ете алатын бірден-бір тетігі екенін де ұмытпаған жөн.

Қазақ ауыл шаруашылығы кешені экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты Астана филиалы директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Кәкімжан Сарханов