Деректі фильм Қазақстанның халық жазушысы Морис Давыдович Симашконың өмірі мен шығармашылығына арналған.
Фильм «Төртінші Рим» атты Симашконың автобиографиялық эссесі желісі бойынша түсірілген. Фильмнің режиссері ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Александр Головинский.
Биылғы «DetectiveFest» фестивальі «Терроризм және қылмыспен күрес әлемдік қауымдастықтың міндеті» деген тақырыппен өтіп, оған әлемнің 20 елінен 80 фильм қатысты.
Айта кетейк, «Detectivefest» Халықаралық шытырман оқиғалы фильмдер фестивалінің ескі атауы «Заң және Қоғам» болған. Ол 1998 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестивальдің басты мақсатының бірі - терроризммен күресуге және заңға бағынуды ұстануға шақыратын телебағдарламалар мен фильмдер түсіретіндерге қолдау білдіру.
Морис Симашко Қазақстан Президенті бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты, 1986 жылы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын орыс тіліне аударғаны үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Сондай-ақ, Нобель сыйлығына әдебиет бойынша Халықаралық ПЕН клубының үміткері.
Симашко 20 кітаптың авторы, оның туындылары әлемнің 40 түрлі тіліне рекордтық таралыммен тараған, ол жазған сценарийлер бойынша он шақты фильм түсірілген. Орталық Азиядағы жаңа тарихи роман мектебінің негізін салушылардың бірі.
Осыған дейін аталған фильм Мәскеуде өткен «Вместе» XVII Халықаралық телекинофорумда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Миры Мориса Симашко» (режиссері А.Головинский) атты толықметражды деректі фильмі «Литературная газета» басылымының атынан «Орталық Азиядағы жаңа тарихи роман мектебінің негізін салушылардың бірі және майдангер өмірінің беймәлім парақтарын ашқаны және шеберлігі үшін» арнайы жүлдемен марапатталған.