Москва үшін шайқас: ЕСТЕ ҚАЛҒАНДАР

None
АСТАНА.ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихы бар, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежедегі ҚазАқпарат агентігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бұл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатігез бейнесі шынайы бейнеленген.

***

Арада талай соғыстар болды. Барлығын бірдей тізіп жату қиын. Ол жөнінде барлық газеттер де жазды. Газеттер 316 дивизияның 8-гвардия дивизия болғандығын, дивизияның Қызыл Ту орденімен наградталғанын, Иван Васильевич Панфиловтың өлімін аза тұтып та жазды. Панфилов өлімі біз үшін өте ауыр қаза болды. Байсалды ұстаз, білгір командир ретінде кімнің де болса, көкейінде қалды ол "кісі. Оны сүймейтін, құрмет тұтпайтын, тұлға көрмейтін ешкім жоқ еді арамызда. Оның қазасы өзі басқарған дивизиясы үшін де үлкен сын болды. Панфиловпен бірге болған, бірге соғысқан адамның қайсысы болса да, ол туралы білетінін ортаға салғысы келетін болар-ау. Кейбір есімде қалған кездерімді мен де жұрт алдына ұсынғым келеді. Алматыдамыз, дивизияның алғаш құрылып жатқан кезі. Генерал кабинеттен шыққан бойы менің қолтығымнан алды да, өзімен бірге ертіп келе жатты. (Кез келген генерал шені төмен кіші офицерлермен қолтықтасып жүре бермейді.)- Тезірек жүрейікші, тезірек. Мен қағазға біраз айналып отырып қаппын. Кешігіп қалмасақ игі еді. Басшыларға кетіп бара жатқанда кешігуге болмайды. Адъютантым бір жерде кідіріп қалды ма, білмеймін. Сіз менімен бірге жүріңіз. Басшыларға адъютантсыз бару генералға ыңғайсыздау болар. Қасымда болыңыз. Бір нәрсеге әлде керек болып жүрерсіз. Машина көк желекке оранған Алматының тұп-тура кең көшесімен ызғи жөнелгенде генерал маған: Қайда бара жатқанымызды білесіз бе? - деп сұрады. - Дәл білмеймін, жолдас генерал. Бірақ сіз айттыңыз ғой басшыларға барамыз деп. - Сіз екеуміз Орталық Комитетке келе жатырмыз. Неге келе жатқанымызды білесіз бе? - Білмеймін, жолдас генерал. - Мен сізге сыр ғып қана айтайын, ешкімге тіс жарып ештеңе демеңіз. Осы сөздерді айтқанда жас сәбилерше күліп, хаххаа, деп, содан кейін құлағыма сыбырлады да, - Орталық Комитеттің секретарьларына, Халық Комиссарлар Советінің председателіне ісірмекпін. Оларға тілек қойып ем, келіңіз депті. Олардан не жөнінде сұрағымның келетінін білесіз бе? - Білмеймін, жолдас генерал. - Сіз менің серігім болып келе жатырсыз ғой, неге келе жатқанымызды білуіңіз керек. Республика басшыларында үш - ақ тілегім бар: біріншісі - бізге бірқатар әйелдер мен қыздар, өздігінен тіленген фельдшерлер мен медсестралар келеді. Меніңше, бұл патриоткаларды әскерше киіндіру керек, бірақ, әйелше әдемі киіндіру керек деп ойлаймын. Дивизия интенданты « қайтеміз, жолдас генерал, оларды солдатша киіндіреміз де» дейді, сонда ол әйелдерге еркектің көйлегін, іш киімін, гимнастеркасын, шалбарын, солдаттың шұлғауын орап, етігін кигізбек. Табель осылайша осындай болуға тиіс дейді ол. Мен қыздарды еркекше киіндіре алмаймын. Ішкі киімдерді қайдан тапсаң, одан тап, әйелдің киімдері болу керек. Шалбар емес, юбка болсын, шұлғау емес, шұлық. Гимнастерканы, шинельді, малақайды киіп, белдікті Пуымын жүре берсін. - Ал, олардың шаштарын қайтесіз, жолдас генерал? - Бұл екінші кезектегі мәселе. Әйелдер шаштарын қимайды. (өзі менің есіме мұны жақсы түсірдіңіз. Оны әйелдердің өзі білсін, бұрым қоя ма, болмаса басқадай етіп әсемдей ме, соғыс жағдайында қайсысы қолайлы болса, солай етсін. - Сонда сіз олардың шашын алдыртып тастамақсыз ба, жолдас генерал? - Жо... жоқ. О не дегеніңіз? Мен олай деп айтқан жоқпын, өздері білсін дедім ғой. Ерік өздерінде. Екінші мәселе - өзімізде жеке оркестрдің болуын сұраймын. Қисыны келген кезде музыкамен, салтанатпен жүрген қандай жақсы, көңіл көтереді. Үшінші мәселе - республика басшылары біздің полктарда болып жауынгерлермен өз туысқандарынша, жолдастарынша сөйлесуін сұрамақпын. Ол көңіл үшін... Бір сағаттан кейін орталық Комитеттің бірінші секретарының кабинетінен генерал күлім қағып шықты. Біз Үкімет үйінің үлкен коридорымен жүріп келе жатқанда менің қолтығымнан ұстап, генерал ақырын ғана құлағыма сыбырлағандай:-Барлық мәселені шешті к. Басшы жолдастар біздің тілегімізді орындайтын болды, деп ізет білдірген милиционердің сәлемін қабылдады да өтe берді. ...Сентябрьде біздің батальон старое Рахино маңында қорғаныс шебінде жатты.Генерал жаяу біздің әскерлердің о шетінен кіріп, бүл шетінен шықты, барлық әскери жабдықтарымызды көрді. Генерал маған адамдарды жи деп бұйырды. Жиналған жұрттың бәріне де отырып, темекі тарта берулеріне рұқсат етті. Өзі кішкене биіктеу кеспелтек томарға отырды да сөйлей бастады: - Мен сіздерге, жолдастар, мұнда не істеп жатқандарыңызды білейін ден, әңгімелесейін деп келдім. Жақсы іс жасап жатыр екенсіңдер. Бірақ, шынын айту керек, араларыңызда жалқаулар да бар көрінеді. Оларды көзіне шұқып көрсетпей-ақ қояйын. Отделение командирлерінің бастықтарының өзі-ақ оларды тезге салар. Солдат - үйсіз адам. Оның жанында әкесі де, шешесі де, қамқоршы әйелі де жоқ. Солдатты туған- туысқандарынан айырған соғыс. Оның басындағы жалғыз панасы - көк күмбез аспан, ұрыстағы оның үйі - окоптар мен траншеялар, ал, оның семьясы, туысы -- өзі жүрген әскери коллектив. Міне, сондықтан да бұл коллектив жақсы семья сияқты ынтымағы зор коллектив болуы керек. Біз соғысқа әзірленіп, өзіміздің әскери позицияларымызды дайындаудамыз. Әрбір жауынгер өз үйін салғанда жанын салатын қожайындардай болуы, ынталы істеуі керек. Траншеялар мен ячейкаларды ыңғайлы етіп салғанымыз жөн, онда өзіміз боламыз ғой. Алдымызда әлі қиын ұрыстар бар, жолдастар. Ең басты мейлінше аз шығынданып, немісті тұмсыққа қаттырақ ұру. Жақсы жасалған қорғаныс солдаттарды оқ пен снаряд жарықшақтарынан сақтайды. Әрбір жауынгер өзінің не істейтінін жақсы білуге тиіс. Өз міндетін ақылмен дұрыс орындауы үшін оған жалпы жағдайды білу қажет. Сіздерге қарағанда газетті мен бұрынырақ алып, бұрынырақ оқимын, радионы да ертерек тыңдаймын. Сондықтан соғыстағы хал - жайды қысқаша баян етейін сіздерге. Өздеріңізге мәлім барлық майданда жау бізді қатты тықсырып келеді. Ал, біздің резервтеріміз сонау алыс түкпірден майдан шебіне жетіп үлгере алмай жатыр. Бірақ олар әлі-ақ келіп жетеді. Алыстағы Алматыдан келіп біз де қосылып отырмыз ғой. Әзірге біздің армияға қиын жағдайда соғысуға тура келіп тұр. Қолбасшы өзінің сөзінде біздің Отанымыздың басына қауіп төнгенін, біздің сәтсіздіктеріміздің қандай себептерден екенін талдау жасап айтып берді. Оны сіздер жақсы білесіздер. Мен қайталап жатпаймын. Сіздер мен біздердің алдымызда қиын міндет тұр. Біз қорғаныстамыз. Ал, қорғаныстағы негізгі міндет - өрекпіп келе жатқан жауды қайткен күнде де тоқтату. Қалай тоқтатуға болады. Ол үшін ең алдымен жақсылап орналасу керек. Мықты бекіну керек. Орналасқан жеріміз, өзімізге жасаған қорғанымыз ұрыс жүргізуге қолайлы болсын. Фашист әскерлері шабуылға шыққан кезде оларды оқпен қарсы алып, шайлықтыру керек. Фашистерді егер көбірек тұмсыққа ұрсақ, көп кешікпей ол жылжи алмай туралайды, тоқтайды деген сөз... ...1941 жылдың ноябрінің бас кезі, әлі есімде. Біздің штаб Софьино деревнясына орналасқан еді. Біз де қорғаныстамыз, немістер де қорғаныста. Жан Рахимовтың басшылығымен тамақ әзірлеуге дайындалып жатты. Ол май шыжғырып жатыр да, Рахимов жерде сәбіз турап отыр. Жанға қазанға ет сал деп қояды. Туралған етті салған кезде ыстық май шыжылдап, быжылдап бөлмені бу басып кетеді, қоңырсыған иіс шығады. Біз тұрған үйдің қожайыны ақсақалды, жетпістер шамасындағы шал еді. Бәріміз оны «папаша» дейтінбіз. Ол кісі әлгі будан шашалып - қақалып шолақ тонын жамылды да, үйден шығып кетті. Бізге генерал келді. Шолақ тонын шешіп жатып Рахимовтен:- Бір тәуір тамақтың исі шығып тұр ғой, не әзірлеп жатырсыңдар? - деп сұрады. -Бұрынғы тамақтардан жалығып кеткен соң, жолдас генерал, бүгін палау пісірсек пе деп едік, - деді Рахимов, жуылмаған қолын қоярға жер таппай апыл-ғұпыл сүртіп. - Палау жасауға қажетінің бәрі бар ма сіздерде? - Бәрі де бар, жолдас генерал. -Е, онда жасаңдар,-деді орындыққа отыра беріп,-көптен палау жегем жоқ. Шығыстың тамағын сағындым. Егер шынымен палау пісіріп жатсаңыздар, онда мен сіздерге қонақ боламын, - деп генерал не дер екен дегендей екеумізге де қарады. - Е, болыңыз, болыңыз, жолдас генерал. Рахимов шығып бара жатыр еді: - Маған бола асықпаңыз, Рахимов жолдас. Кәдімгі өзбекше болсын, жақсылап жасаңыздар. Генерал менімен біраз әңгімелескеннен кейін планшетінен картасын алды да, алға жайып салды. Тесіле қарап отырды да, мені жағдаймен таныстырды. Бағанағы сыртқа шығып кеткен шал келіп еді, генерал орнынан тұрып, қол беріп амандасты. - Иә, Иван Тимофеевич, денсаулығыңыз қалай? - Рахмет, жолдас генерал, әзірше тірі жүрмін ғой. Ал, өз денсаулығыңыз ше? - Мені Иван Васильевич - ақ десеңізші, Иван Тимофеевич. Екеуміз аттас екенбіз ғой. Мен генералдан рұқсат алып, шаруамен кеттім. Қайтып келсем Жан қазанды қақпақпен жауып үстінен қалың орап тастапты. Ең сыртынан өзінің сырмалы кеудешесін бастырыпты. Өзбекшелеп ол маған бу шығармаса күріштің майды бойына тартатындығын, содан кейін ылбырап пісетінін түсіндірді. 20-30 минут осылай жауып қоям, содан кейін алдарыңызға әкелем, жолдас комбат, - деді. Синченко самауырға тамызыққа ағаш ұсақтап отыр. Ал Рахимов қиярдан, жуадан, шалғамнан салат жасап отыр. - Бұл арадан кеткіңіз келмей ме, Иван Тимофеевич, бір қаңғырған мина кеп төбеңізден түссе қайтесіз, - деді генерал. - Атамекенімнен қайда барамын, - деп күрсінді әлгі шал. - Өмір бойы осы үйде тұрдым, жұмақтың төрінде болғыр Матрена Михайловнам осы үйде бес бала тапты, мен де осы үйде өлгім келеді. Бәрі бет-бетімен басы ауған жаққа кетті: екі ұлым Қызыл Армия қатарында, ұрыста, бір кіші қызым институттан дәрігер болып тура майданға кетті. Ал, үлкен ұлым мен қызым немерелерімді алып, немістер Волоколамскіні алғаннан кейін Москвадан әрі көшіп кетті. Мен осы үйді күзетіп қалдым. Сіздер немісті тықсырып қуғаннан кейін мүмкін семья боп атамекенге олар да оралар. - Менің үлкен қызым да оқуын бітіре алмады. Ол да ұрыста медсестра болып істеп жүр, - деді генерал.- Ол не болғанын, қызыңды тіпті оқуын бітіртпей майданға жібергенің не. - Қызымның өзі кетті. Соғыс біздің бәрімізге бірдей ғой, ақсақал. Отан соғысы ғой, Иван Тимофеевич. - Иә... Осы араға сіз екінші рет келіп отырсыз, жалпы қызық адам екенсіз, Иван Васильевич. Бәріне жұмсақ айтасыз, дауысыңыздың қаңқылдап шыққанын бір естімедім, «мынаны былай ету керек, сіздің былай етуіңізді сұраймын» дейсіз де жүресіз. Сіздің бұйрығыңыздың өзі де біртүрлі жұмсақ бұйрық. Бірақ, жұрттың бәрі ұйып тыңдайды, орындайды. Жан буын бұрқыратып палауды алдымызға әкеп қойды. Рахимов Николай екеуі шыны табақшаларға салынған салатты, қасықтарды әкеле жатыр. Генерал орнынан тұрып қолын жууға кетті. Әлгі шал кеткісі келіп еді, бірақ генерал оны жібермеді.- Екеуміз жақсы әңгімелестік, енді бірге отырып тамақ желік. Шал көпке дейін көнбеп еді, генерал да қоймады оны. Қоярда қоймай әкеліп отырғызды. Бәріміз де ізет сақтап, генералдың алуын күтіп отырмыз. - Палауды қасықпен жеген кімді көрдің, - деді ол қасық ұсынып жатқан Рахимовқа, - кәне ортақ табақтан қолмен өзбекшелеп алайық. - Қожайынға қарады да, - мұны палау деп атайды, Иван Тимофеевич, міне, былай қолмен жейді деп, генерал табақтың шетінен оң қолының ұшымен палауды алды да, бір күрішті шашау шығармай, кәдімгі палау жеп кәнігі болған өзбекше аузына апарды. - Қолмен жегенге не жетсін, қасықпен алсаң дәмі тіпті басқа көрінеді. Есік жақта тұрған Синченко арақты көрсетіп Рахимовке ым қақты. - Жолдас генерал, «Наркомовскаяны» ұсынуға рұқсат етіңіз, - деп Рахимов қипақ қақты. - Бағанадан бері не қарап отырыс, тіпті ас алдында осының өзінен бастағанымыз жақсы болатын еді ғой. Кәне, бар болса құйыңыз. Синченко флягадан арақты құйды да, отырғандардың алдарына қойды. Генерал сол қолымен рюмканы алып, біздің жеңісіміз үшін тост көтерді. - Құдай қолдасын, құдай қолдасын, -- деп шал күбірлеп естілер-естілмес бірдеңелерді айтып, қолындағы бұйрықты жерге қоя салды да, шоқынып алды. Сөйтті де, - Иван Васильевич, сіздің денсаулығыңыз үшін, - деп рюмканы қайта көтерді. Тамақ соңынан шай келді. Күн еңкейді. Кеш батты. - Ал, ішерімізді ішіп, жерімізді жедік, дәмді палауға тойдық. Нысап керек шығар енді. Рахмет, жолдастар. Генерал бәрімізбен қол алысып қоштасты. Әсіресе қожайын карт пен Жанға ерекше ілтипат көрсетті. Жанға дәмді палау жасағаны үшін мақтау сөздер айтып әзілдеді. Мұндай дәмді тағам жеу үшін тағы да бір рет қонаққа келетінін өзбекшелеп қалжың араластыра айтты. Жан генералдың мұншама жайдары мінезіне қатты риза болып, сол сәтте өзінің қызыл әскер екенін де ұмытып, өз ұлтының салтынша кеудесіне қолын қусырып, басын изеп, тағзым етіп шығарып салды.Сыртқа шыққан соң, генерал Рахимовпен тағы да қоштасты да, маған: -Сіз мені шығарып салмайсыз ба, жолдас Момышұлы. Сізбен әңгімеміз әлі аяқталған жоқ көрінеді. Сіздің шанамен жүруді жақтырмайтыныңызды білемін, сонда да келіңіз, менің қасыма отырыңыз, ал, атқосшыңыз бен менің адъютантым артымыздан ерін отырсын, - деді. Біз орманға жеткенше генерал тіс жарып сөз қатпады. Ағаш арасындағы қараңғы аллеямен тартып келеміз. Қос торының тұяқтарының дүбірінен, шана табанының ызғыған сыбысынан басқа ешнәрсе естілмейді. - Әлі есімде. Алматыда бір кездескенімізде сіз үшінші июльден кейін ғана өзімді шын офицер деп санадым дегеніңіз. Ұмытқан жоқсыз ба? - Иә, ұмытқан жоқпын. Есімде, жолдас генерал. - Менің сол бір сәттегі түсінуімше сіз Қолбасшы сөзінен соң ғана өзіңіздің командирлік жауапкершілігіңізді ұққандай едіңіз. Біздің командирлердің көпшілігінің дәл сізше ұққандығына кәміл сенемін. Қолбасшы мұндай жауапты сөзді партияның атынан, Орталық Комитеттің атынан айтты ғой. Мен сізден, жолдас Момышұлы, көптен бері бір жәйді сұрағым келіп, сұрай алмай жүр едім. Енді сұрамай болмайтын шығар. - Сұраңыз, жолдас генерал. - Сіз осы уақытқа дейін партияға неге өтпей жүрсіз? - деп сұрақты тіке қойды. Комбаттардың ішіндегі партияда жоғы мен ғана едім, бұған, әсіресе біздің полктың комиссары Логвиненко тіптен риза емес - ті. Сондықтан да генералдың бұл сұрағы маған аса жайлы сұрақ болған жоқ. Мен де бірден жауап бере алмай үндемей қалдым. - Сіздің патриоттық, азаматтық, шынайы таза қасиеттеріңізге мен ешбір шек келтірмеймін. Сіз жөнінде, жолдас Момышұлы, менің ешбір күдігім жоқ. Бірақ партия қатарына өтуге сізге не бөгет болды? Сіз 1924-1936 жылға дейін комсомол қатарында болыпсыз ғой. «Оһо, мұны да біліп қойған екен ғой» деген ой сап ете түсті. Парлап жеккен ат бірде осқырып, бірде пысқырып, желе жортып келеді. Жеңіл шана шоқалақ жерлерге келгенде толқындағы қайыңша теңселіп. ауытқып барып түзеліп кетеді. Біз қараңғы түскен тау ішінде келе жатқандаймыз. Генералдың адъютанты мен Синченко бізді біресе қуып жетіп, біресе артта ұзап қалып қойып келе жатты. Қараңғы орман мүлгіп түр. Мен генералға 1936 жылы Қиыр - Шығыста ұзақ жорықта жүрген кезде комсомол билетімді жоғалтып алғанымды айттым. Қиыр - Шығыстың бір шалғайынан екінші шалғайына ауа көшіп жүрген әскерлік өмірде бұрынғы есепте тұрған жерімнен қанша байланыс жасасам да, еш хабар ала алмай, ақыры комсомолдан өз-өзімнен шығып қалдым. Одан әрі генералға партияға өтуге өзімді әзір емеспін деп санайтындығымды айттым. -- Мен сонау 1916 жылғы империалистік соғыстан бері майдандамын, ескі армияның қатарында фельдфебель шеніне дейін көтерілгенім бар. Одан кейін 1929 жылға дейін азамат соғысында мен барлық майдандарда да болған шығармын. Міне, енді өздеріңмен бірге Ұлы Отан соғысында жүрмін. Бір жағынан сіздің асықпағаныңыз да теріс емес, партияға өтуге мен де асыққан жоқпын, азамат соғысының аяқ кезінде, 1923 жылы өттім. Партия жолының артық, адалдығына көзім жетіп барып өттім. Сіз өзіңізді әзір емеспін депсанайтын көрінесіз. Соғыс бүгін-ертең біте қалмайды. Сізді соғыстың өзі әзірлейді. Тағдыр жаманшылыққа жазбасын, аманшылық болса сіз нағыз коммунист - командир боласыз деп сенемін. Шананы айдап келе жатқан қызыл әскерге генерал аттарды тоқтатуды бұйырды.- Бұдан әрі ұзамай-ақ қойыңыз, онсыз да мен сізді біраз жерге дейін алып кеттім. Менің қолымды алған бойы біраз ұстап тұрды да: - Біздің Отанға шабуыл жасап отырған фашизм. Біз қайткен күнде де Октябрьдің ұлы жеңісін қорғап қалуымыз керек. Мен атқосшы Синченкомен бірге штабқа қайтып келе жатырмын. Астымдағы күрең қасқа ат аяқтарын алшаң тастап келеді, біресе пысқырады, біресе қаршылдатып ауыздығын шайнайды. Қаншама қиын жолдан өткен, талай соғысты бастан кешірген ащы да ауыр азамат соғысының азабын да көрген, революцияның жеңістерін қорқаулардан қорғауға қатысқан, жау жүрек үлкен адамның менімен өз тұстастарындай да жайлы сөйлесуі, ақылгөйсімей, насихатшысымай еркін де жолдасша сөйлесуі қандай ғажап. Ол сөзінің аяғын әрдайым «айтқаныма түсіндіңіз бе», «жақсылап ойланып көріңіз» деп бітіруші еді. Сол күндері ол «Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын қорғап қалу керек» деген сөзді пәлендей жиі қайталамайтын. Біз қараңғы аллеямен үнсіз аяңдап келеміз. Көкейімде коммунист Иван Васильевич Панфиловтың: «Ұлы Октябрьдің жеңістерін қайткен күнде де қорғап қалу керек» деген сөзі ұялаған. Бір күні мен генералға мынадай жайды айттым: Совхоз маңында неміс барлаушыларының бір взводы біздің батальонның үшінші ротасының қым-қиғаш оғының астында қалды. Немістер арлы-берлі жанталасып, қашуға тырысты, жан ұшырды. Бірақ пулеметчиктер оларды өткізбеді. Бір де неміс кете алмады. Ауыр жараланған бір сержант қана тірі болып шықты. Оны батальон штабына носилкаға салып алып келді. Жылы одеялмен жақсылап оралған, қолында әдемі қолғабы бар. Неміс қалшылдап, дірілдегі жатыр. Барлық сұраққа да ештеңе білмеймін деп жауап беруде. Ол су сұраған кезде мен өзіміздің фельдшер қарт Киреевтен сержантқа су беруге бола ма деп сұрадым. Ол менің құлағыма келіп сыбырлады: - Оның бірнеше жерден омыртқасы үзілген, ішін де оқ тесіп кеткен. Неміс суды қағып салды да, ауыр күрсініп былай деді:- Рахмет, большевиктер мұндай мейірімді деп ойламаушы едім. Біз сержантқа одан әрі сұрақ қойғанымыз жоқ. Киреев оның қасынан қарыс аттап шыққан жоқ. Неміс екі иығынан дем алып жатыр. Басын көтеруді сұрады да: - Өліп барам. Көмерсіздер, - деп Киреевтің қолында жан тапсырды. Киреев оның көзін жұмды да, басын жайлап жастыққа салды. Жау солдатының өлімі қай - қайсымызға болса да батып тұрғандай. Сөйтсек алғаш айбат шеккенде жаралы сорлының қолы тоңған екен. Мұны білген лейтенант Василий Попов оған өзінің қолғабын кигізіпті. Генерал сәл ойланып тұрып: - Ұрыс даласында басқаша, онда соғыстың өз заңы бар, онда ешкімді ешкім аямайды - өлтіру, тұтқындау... Ал, дұшпан қолға түскен кезде, әсіресе жараланып түскен кезде оған адамша мейірімді көзқарас болғаны дұрыс. Мұны бізден әскери этика талaп етеді.Міне, біздің генерал осындай болған еді. Тағы бір есімде қалғаны бізде олжа радиоқабылдағыш бар болатын. Степанов оның маңына ешкімді жуытпай, өзі ғана ұстайтын еді. Бір күні бөлмеге кіріп келсем, ол радиоқабылдағышын айналдырып жатыр екен. Қасында Бозжанов, Краев, Рахимов тұр. Алғашқы сәтте түңкілдеген үзік - үзік дыбыстар естілді, тырылдаған үн құлаққа түрпідей тиді. Бір уақытта немістердің бақылдағаны жетті құлағымызға. Содан кейін «уралаған» дауыстар естілді. Телефонист маған трубканы ұсынып еді. Рахимов Степановқа «тырылдатпай қоя тұр» дегендей ыңғай білдірді. - Жолдас Момышұлы! деген генералдың үні естілді. - Сіздерде радиоқабылдағыш бар ма? - Бар, жолдас генерал. - Онда Москва» тыңдай қойыңыздар! Степанов ары-бері бұрап Москваны ұстауға тырысты. Отырғандардың бәрі де отқа төнген балалардай радиоқабылдағыштың төңірегіне шүпірлей қалыпты. Тағы да айқай - шу, құлақ жейтін тырыл, үздік-үздік гуіл, немістердің бажыл - балдыры. - Бүгін айдың неше жаңасы? - деп сұрады Краев. Бозжанов саусақтарын санап - санап тұрды да: - 6-шы ноябрь екен ғой, - деді. Бір уақытта радиоқабылдағыш ышқынып барып үн қатты. Бәріміз де тына қалдық. Әрқайсымызға таныс, сабырлы сөздері, салмақты үн естілді. «...Жау Украинаның көбін, Белоруссияны, Молдавияны, Литваны, Латвияны, Эстонияны, басқа бірсыпыра облыстарды жаулап алды, Донбасқа өтті, Ленинградтың үстіне қара бұлт болып төнді, біздің даңқты астанамыз - Москваға қауіп туғызып отыр». «...Біздің армиямыз бен флотымыздың жауынгерлері Отанымыздың намысы мен бостандығын сақтап, құтырған жаудың шабуылдарын ерлікпен тойтара отырып, жүректілік пен батырлықтың үлгілерін көрсете отырып, жаудың қанын судай ағызды. Бірақ, жау қырғынға ұшырағанына қарамай, ол өзінің солдаттарының қанын титтей де бағаламайды, ол қатардан шығып қалған адамдарының орнына майданға үсті-үстіне жаңа отрядтарын айдап салуда, қыс түскенге дейін Ленинград пен Москваны алу үшін ол барлық күшін аямай жұмсауда, өйткені қыстан оған ешбір жақсылық күтуге болмайтынын ол біледі». «...Алайда, фактілер «қауырт» жоспардың барынша саяз ойдан шыққандығын және негізсіздігін көрсетті». «...Батыс Европада жолы болған «қауырт соғыстың» шығыста жолы болмай, іске аспауының себебі не?» «...Москва мен Ленинградты қорғау майданында біздің; дивизиялардың жақын арада немістердің отыз шамалы шыныққан дивизияларын құртып жіберуі Отан соғысының орта ішінде жаңа совет жауынгерлері мен командирлері, летчиктері, артиллеристері, минометчиктері, танкистері, жаяу әскерлері, моряктары шыңдалып шығатынын және қазірдің өзінде шыңдалып шығып жатқанын, ертеңгі күні олар неміс армиясының зәресін алатын зор күшке айналатынын көрсетеді». (Ду қол шапалақтау.)«Осы жағдайлардың бәрін қосқанда «қауырт соғыстың» шығыста қалай да іске аспайтындығын күн ілгері шешкендігінде ешбір күмән жоқ». «...Гитлершілерді ұлтшылдар деп есептеуге бола ма? Жоқ, болмайды. Шынында гитлершілдер қазір ұлтшылдар емес, олар империалистер». «...Гитлершілдер партиясы империалистердегі, империалист болғанда, дүниежүзінің барлық империалистері ішіндегі ең жыртқыш және қарақшы империалистердің партиясы». «Гитлершілерді социалистер деп есептеуге бола ма? Жоқ, болмайды». «...Гитлершілдер партиясы - демократиялық бостандықтардың дұшпандарының партиясы, ортағасырлық реакцияның және қара жүректік погромшылардың партиясы». «...Қандай шарамен болса - дейді Гитлер, - немістердің дүние жүзін жаулап алуы керек. Егер біз ең алдымен славян халықтарын, орыстарды, поляктарды, чехтарды, словактарды, болгарларды, украиндарды, белорустарды ығыстырып құртып жіберуіміз керек. Мұны істеуімізге ешқандай себеп жоқ». «...Адам дейді Гитлер, туғаннан күнәлі болып туады, оларды тек күш арқылы ғана басқаруға болады. Олармен айналысқанда қандай әдіс қолданудың да артықшылығы жоқ. Саясат талап еткен уақытта, өтірік те айту керек, сатып та кету керек, тіпті өлтіру де керек». «...Өлтіре беріңдер дейді Геринг, бізге қарсы болған әрбір адамды өлтіре беріңдер, өлтіре беріңдер, буған сіздер жауапты емессіз, мен жауаптымын, сондықтан өлтіре беріңдер». «Мен адамды дейді Гитлер, ождан деп аталатын қорлаушы бәледен азат етемін. Білім сияқты, ождан да адамды жарымжан қылады. Менің артықшылығым сол, ешбір теориялық немесе моральдық ар-ұят дегендер мені тоқтата алмайды». Неміс команда 25 сентябрьде 489 жаяу әскер полкына берген, немістің өлген унтер офицерден табылған бір бұйрығында былай делінген: «600 метр жерге келген әрбір орысқа оқ атуға бұйырамын. Орыс өзіне батыл жау қарсы келіп отырғанын, одан ешбір мейірім күтуге болмайтынын білуі керек». Майдандағы Франкфуртта туған лейтенант Густав Цигельден табылған неміс командованиесінің солдаттарға арнаған бір үндеуінде былай делінген: «Сенде жүрек те, жүйке де болмасын, соғыста олардың керегі жоқ. Есіркеушілік, аяушылық дегендерді атымен жой, кез келген орысты, совет адамын өлтіре бер, мейлі ол карт болсын, немесе әйел болсын, қыз, иә бала болсын, тоқталма өлтіре бер, бұл арқылы сен өзіңді апаттан қорғайсың, өзіңнің семьяңның болашағын қамтамасыз етесің және даңқың мәңгіге қалады». Гитлер партиясы мен Гитлер командованиесі лидерлерінің программасы мен нұсқаулары адамдық бейнесін жойып, жабайы андар дәрежесіне дейін төмендеген адамдардың программасы мен нұсқаулары міне осындай. Міне осындай ождан мен абыройдан айрылған айуандық моральді адамдар шімірікпестен улы орыс ұлтын, Плеханов пен Лениннің, Белинский мен Чернышевскийдің, Пушкин мен Толстойдың, Глинка мен Чайковскийдің, Горький мен Чеховтың, Сеченов пен Павловтың, Репин мен Суриковтың, Суворов пен Кутузовтың ұлтын құртуға шақырады!Неміс басқыншылары КСРО халықтарына қарсы қырғын соғыс жасағысы келді. Бола қойсын, егер немістер қырғын соғысты қаласа оны өздері де көреді. (ұзақ ду қол шапалақтау.) Ленин соғыстың екі түрі барлығын айырды, басқыншылық соғыстар, демек, әділетсіз соғыстар және азаттық жолындағы, әділетті соғыстар. Немістер қазір басқыншылық, әділетсіздік соғыс, басқаның жерін тартып алуды, басқа халықтарды бағындырып алуды көздеген соғыстар жүргізіп отыр. Сондықтан да адал адамдар неміс басқыншыларын жау деп біліп, оған қарсы аттануға тиіс. Гитлершіл Германияға қарағанда, Совет Одағы мен оның одақтастары азаттық, әділеттік жолында, Европа мен КСР Одағының қудаланылған халықтарын Гитлердің азат ету жолында соғыс жүргізіп отыр. Сондықтан да барлық адал адамдар КСРО, Великобритания, тағы басқа одақтастар армиясы азат етуші армия деп біліп, оған болысулары керек. Әңгіме Европаның халықтары мен территориялары туралы болсын немесе Азияның, оның ішінде Иранның халықтары мен территориялары туралы болсын, бәрінде де, басқалардың территориясын жаулап алуды, басқа халықтарды бағындыруды көздеу бізде болмайды, соғыста ондай мақсат көздеуіміз мүмкін емес. Біздің бірінші көздейтін мақсатымыз өзіміздің территориямыз бен өзіміздің халқымызды неміс - фашист тепкісінен азат ету болып отыр. Бізден көмек күткен славян халықтарына, Европаның құлдықтағы басқа халықтарына өзіміздің талабымызды, өзіміздің режимімізді ұсыну бізде болмайды, соғыста ондай мақсат көздеуіміз мүмкін емес. Біздің «мақсатымыз бұл халықтардың Гитлер құлдығына қарсы азаттық күресіне көмектесу, осыдан кейін олардың өз жерінде өз қалауынша тіршілік етуіне толық бостандық беру. Басқа халықтардың ішкі істеріне ешбір қол сұғу болмайды. Бірақ бүл мақсаттарды іске асыру үшін біздің Отанымызды құлдауға келіп отырған неміс басқыншыларының соғыстық қуатын қирату керек, неміс оккупанттарын бірін қалдырмай құрту керек. (Ұзақ, ду қол шапалақтау.) Бірақ бұл үшін біздің армиямызға, біздің флотымызға бүкіл еліміз шын мәнісінде, белсене көмектесетін болуы қажет, біздің жүмысшыларымыз бен қызметшілеріміз, еркектеріміз бен әйелдеріміз кәсіпорындарында тынбай істеп, майданға танктерді, танкке қарсы ататын мылтықтар мен зеңбіректерді, пулеметтерді, винтовкаларды, ұрыс жабдықтарын барған сайын молайтып беретін болуы қажет, біздің колхозшыларымыз, еркектеріміз бен әйелдеріміз өздерінің егіс жерінде тынбай істеп, майданға және елімізге астықты, етті, өнеркәсібіне шикізатты бұрынғыдан да еселеп мол беретін болуы қажет, бүкіл біздің еліміз, КСРО- нің барлық халқы біздің армиямызбен, флотымызбен бірге Отанымыздың намысы мен бостандығы үшін, неміс армияларын қирату жолында алып бостандық соғысын жүргізіп отырған бірыңғай жауынгерлік лагерь болып ұйымдасуы қажет. (Ду қол шапалақтау.) Біздің ендігі міндетіміз осы. Біз бүл міндеті орындай аламыз және орындауға тиіспіз. Осы міндетті орындағанда ғана, неміс басқыншыларын талқандағанда ғана біз ұзақ және әділетті бейбітшілікке жетеміз».- Жолдастар, әрқайсың өз роталарыңа барыңдар да естіп -білгендеріңді солдаттарға айтыңдар, - деп тарқаттым мен тыңдағандарды. Тыныштық... Көз алдымызда орлармен, окоптармен жырым - жырым болған Москва өлкесінің жері. Қысқы аяз көгере буланып тұр... Кешегідей бүгін де командирлер мен саяси қызметкерлер роталарға радиодан тыңдағандарын айтуға кетті. Мен Краевтен бірге со л ірге жаққа қарай келе жатырмын. - Жолдас комбат, бір-екі соз айтуға болар ма екен? - Айта ғой, Семен. - Кім білсін, Мосвкада Қызыл Алаңда әскерлер салтанатпен сапта тұрған шығар... Сіз қалай ойлайсыз, немістер Қызыл Алаңға да самолеттерін қаптатар ма екен? Әлде онда да бұлыңғыр тұман екен. Біздің естігенімізді неміс естімеді дейсіз бе, олар да қарап отырмас, - деп қауіптене сөйледі Краев. - Тұман бөгет емес, Краев. Демек, Қызыл Алаңда парад жүргізіліп жатқанына қарағанда Москва көгінің мықты сенімді қорғаныста болғаны. Жауынгерлер орман шетінде отыр. Біз келген соң олар орындарынан турды. Отырып темекі тартуларына рұқсат еттім де, Краевқа әңгіме өткіз дедім. Ол алшақтай басып ортаға келді де жөтеліп алды. Қолғабын шешіп қойнына тықты да: - Жолдастар, бүгін, міне қазір Қызыл Алаңда Москва гарнизонының салтанатты парады болып жатыр. Қолбасшы партия мен үкімет атынан сөз сөйледі. Ол бізді Октябрь революциясының 24 жылдығымен құттықтады, "я жолдастар, бұл жылды біздің еліміз өте қиын жағдайда мейрамдап отыр. Жау көп жерімізді алып қойды. Ленинград пен Москваға өте тақау. Біздің Қызыл Армия жаумен қаһармандықпен күресуде. Армия мен халық жауға қарсы күресте бұрынғыдан да топтаса түсті. Бірлік осалдаған жоқ - нығайды, күшейді. Естеріңізде болар, 1918 жылы интервенттер біздің көп жерімізді алып қойған еді, ал енді міне, немістер алып отыр, бірақ сол кезде біздің әкелеріміз, жолдастар, ешбір қиындыққа қарамастан, аштыққа да, жалаңаштыққа да, қарудың аздығына да төзіп батырларша күресті. Ал бізде ше? Бізде тамақ та бар, киім де бар, әрқайсысында қару-жарақ. Егер шындап ерлікпен күрессек немісті будан әрі жібермейтіндігімізді бәріміз де білеміз, Волоколамск түбінде оны көрсеттік те. Москвадан садаға кетсін, құзғын жау. Әлі-ақ тым- тырақай болып кейін қарай қашады. немістер нашар соғыспайды..." - Осы араға келгенде Краев мүдіріп қалды да, мүсәпірсіп мен жаққа қарады. - Оның рас, Краев, немістердің жаман соғыспайтынын өз көзімізбен көріп жүрміз ғой. Егер неміс нашар соғысатын болса, біз бұл арада отырмаған болар едік, - деп қуаттадым мен оны. - Иә, жолдастар! Бірақ, біз де жаман соғыспаймыз, - деді Краев одан әрі. - Оны немістер де көрді. Оларды қанша рет тұмсықтан ұрып, қанша рет тоқтаттық. Міне, Волоколамскіде отырғанына қанша болды. Қашан қуып шыққанша біз құзғын жауды төпеп ұра береміз, жолдастар. Олар әлі көресісін көрген жоқ. Жауды әзірге тоқтатқанымыз бер жағы ғана, ол қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көреді. Бүгін Қолбасшы бізде детанктер коп болады деді. Содан кейін немістерді қуамыз. Алды-артына қарамай қашар бәлем дер. Бізге, жолдастар, бүкіл халық қарап отыр, бүкіл халық қорғаным деп сеніп отыр. Мықтап соғысуымыз керек, халық сеніміне дақ түсірмеуіміз керек... Қолбасшының мына сөзі менің есімде қалды: «Бүл соғыста сіздердің ұлы аталарыңның - Александр Невскийдің, Дмитрий Донскойдың, Кузьма Мининнің, Дмитрий Пожарскийдің, Александр Суворовтың, Михаил Кутузовтың әруағы қолдасын. Ұлы Лениннің жеңімпаз туы жігер берсін...». Краев мені оң жақ канатқа дейін ертіп барды да, ротасының басқа взводтарында әңгіме өткізуге кетті. Краевтың сөзінен қуат алып мен де штабқа қарай қайтып келе жатырмын. Егер барлық командирлер мен саяси қызметкерлер Қолбасшының сөзін Краев сияқты айтып бере алса, онда жаман болмағаны. Менің есімде генералдың командирлер мен саяси қызметкерлердің бір кеңесінде айтқан мынадай сөзі есіме түсті. «Біз Волоколамскіні бердік, бірақ дұшпанды әбден титықтатып бердік. Ол өзінің түпкі мақсатына жете алған жоқ. Біз оның жоспарын бұздық, уақытша болса да ілгері қарай жылжудан бас тартуға оны мәжбүр еттік. Ол енді Волоколамскіде өнері тасығандықтан отырған жоқ. Осыны жауынгерлерге түсіндіріп айтыңыздар, олар біздің әскерлер бекерден-бекер шегініп келе жатыр деп ойламасын. Рас, біз де өнеріміз тасығандықтан шегініп отырған жоқпыз, шегінуге мәжбүр болдық, бірақ шегінудің де шегінуі бар. Дұрыстап, ақылмен шегіну керек. Неміс уақытша тоқтады. Бірақ ол күшін жинап жатыр. Оның ойы енді бір жұлқынып Москваға жетіп алмақ. Өткізе алмаспыз. Біз алдағы уақытта да есін кетіре соққы беріп, жаудың желігін басуымыз керек. Командованиенің кейінгі резервтерді алға жеткізіп жинақтауы үшін уақыт ұтуымыз керек. Уақыт! Уақыт ұту керек! Қолбасшы айтты: «Біздің ісіміз әділ іс, біз жеңеміз!» деді. Я, біз жеңуге тиіспіз. Сондықтан да жағдай барған сайын шиеленісіп келеді. Жау да жанталасуда. Оның қатал құрсауы Москва төңірегін тарылтып, қусыра түсуде. Бұл қайсымыздың жанымызға батпайды дейсің. Қайсымыз осы қаланы сүймедік, қайсымыз осы қала туралы жырды шабыттана жырламадық? Москва аман болса екен, Москва тыныш болса екен деп қайсымыз айтпадық. Күн асқан сайын біздің шегіне түсуіміз де Москваға қатты батуда. Бірақ, біз берікпіз, берік бола бермекпіз! Уақыт! Уақытты ұту керек! Сонда Москва жау қолына түспейді!». Ол күндер - қатал да қаһарлы да күндер еді. Ұлы Октябрьдің жеңісі, ұлы халықтың намысы жолында қиян-кескі соғыс жүріп жатты. Социалистік революцияның, пролетарлық революцияның жеңісін осы бір қара түнек қауіптен қорғап қала аламыз ба, жоқ па? Әлде қалай болады деген арпалысқан сын сағаты еді. Әр жүрек осылайша қинала соғып, әр жүзден мейірімсіз жауға қаһарлы айбат туды. Жұртың бәрінің қабырғасы қайысты. Сондықтан да «жаным арымның садағасы» деген ата дәстүрін ұстап өлім қаупіне бас байланды. Өйткені ар кіндігі артымыздағы Москвада еді.

ШАПАЛАҚПЕН ТАРТЫП ЖІБЕРДІ

Біздің дивизияның артиллерия начальнигі Виталий Иванович Марков келді. Омыраулы, сауыры кең, бура санды, бота тірсекті күрең төбелдің үстіндегі ол маған торғайдай болып көрінді. Белі шойрылып қалғандай, ол атынан сүйретіліп зорға түсті. Марковтың көзі кіртиіп, бетін жирен түк басқан. Түрі өте солғын, еңсесі төмен түскен, тыржиған. Барлық бейнесінен қайғы басқан тұрпаты аңғарылады. Жасы қырықтан жаңа асқан Марков шал болып көрінді.Марковті. менің Панфилов қаза тапқаннан кейін көріп отырғаным осы. Оның еңсесін төмен түсіріп, жүдетіп, жаншып қартайтқан соғыс үстінде әрі ағасы, әрі жауынгер дос- жолдасы генералдың қайтыс болғандығының күйігі. Серкесін, серігін жоғалтқан ақбөкендей, Марковтың тұла бойын қайғының зілі басқан. Марков бұрын сайғақтай сымбатты да, сыпайы да үлкен офицерлердің бірі еді. Ал бүгін, менің алдымда, еңсесі төмен түскен қырық жасар шал.тұр - Тағы да кейін шегін деген бұйрық бар, - деді ол. Одан соң біраз мүдіріңкіреп тұрып, - ал шегініс кезінде жолымызда жаудың пайдасына қалып бара жатқан кез келген мүлікті өртеуге де бұйрық алдық. - Егер өртемесек ше? - Мемлекет пен мемлекет соғысып жатыр, ал, сіз бен біз тек қатардағы жауынгерміз. - Құп! Өртейміз! ...Москва өлкесіндегі деревнялардың үйлері ылғи ағаштан салынады. Коп жылдардан бері үй қабырғасы болып қаланған қарағай бөренелері, от тигенде қурайдай жанады. Біздің өртшілер қолдарындағы тамызықтарын көтере ұстап, әр үйге .от қойып келеді. Қуарған бөрене от тиген бойда - ақ сатырлап жана бастайды. Жалын өрлей шапшып, үй қабырғасын өрмелеп, шатырды шарпи жөнеледі. Сықырлаған.қатты аяз, бұлтсыз аспан, жалтыр түн. Деревня жанып, жалыны аспанға шапшып, қоралар, үйлер от құшағында қалды. Көше жап-жарық, ың-жың, айқай-шу, . ызалы дауыс, жылап-сықтау мен қарғау. Адамдар көрпе-төсегін құшақтап, сасқалақтап аласұрып, жүгіріп жүр. Марков екеуміздің қасымызға аяғын асықпай басып бір егде тартқан әйел келді. Бурыл шаш, басы жалаң бас, иығында түбіт орамал, сұңғақ бойлы, тік иық, келбетті, сымбатты әйелдің тұла бойы булыққан ашу, көзқарасы - қарғыс пен лағынетке толы. - Бұларың не? - деді ол тістене сөйлеп Марковқа. Ол төмен қарады. - Соғыс, Отан соғысы, шеше! -дедім мен. - Біздің баспанамыз, от - ошағымыз, көрпе-төсегіміз сеніңше Отандікі емес, дұшпандікі ғой. Қандай есерсоқ сені командир тағайындады екен! -деп маған жақындап келіп, шапалақпен тартып кеп жіберді. Бетім ду ете қалып, көзім қарауытқандай болды... Марков мені қолтықтай жөнелді... Қыстақ жанып жатыр. Біз кетіп бара жатырмыз. Марков менімен қатар келеді. Жаяумыз. Екеуміз де үн жоқ. Соңымызда аяқтарын сүйрете, сылп-сылп басқан батальон. Батальонда бұрынғыдай күбір де, сыбыр да естілмейді. Әйел түгіл еркектен таяқ жеп көрмеген жазған басым дың-дың. Марков түнде қар үстінен ине іздегендей, еңкейе түсіп, менен жарты адымдай алда келеді. - Дұрыс, - деді Марков күрсініп. - Нені дұрыстап келесіз? - Дұрыс! - деді ол тағы да күрсініп. - Әйел сені...- Дұрысында мен емес, шапалақты сіз жеуіңіз керек еді, дедім мен оның сөзін бөліп, - шын өртеуші сізсіз, біз сіздің бұйрығыңызды орындадық.- Қызбалыққа жол беріп өктем- өктем сөйлеп келесің, шырағым. Сенікі де дұрыс. Таяқ жеген сен екенің рас. Мен де оңып келе жатқаным жоқ. Ал енді бұдан былай өртеуші болмалық. Жоғарғы жақтың алдында жауапкершіліктің барлығы да менің мойнымда болсын, - деді Марков. Марков генерал Панфиловтың сенімді серігінің бірі еді. Бір сөз кезегінде Марковтан мен генералдың қалай қайтыс болған жайын сұрадым. Жол жүріп келе жатыр едік. Марков әңгімесін орағыта алыстан бастады. -Бір жолы жоғарыдан хабар келді. «Командир Панфиловтың жауынгерлері нағыз табандылық көрсетіп, дұшпанмен айқасуда. Күші басым дұшпан қаншама аянбай әрекеттер істегенімен, қажырлы қақтығыстарда қатты тойтарыс алып, атака үстіне атакалап жүріп, әзер дегенде тәулігіне бір жарым километрдей - ақ ілгері басты» депті. Совинформбюроның бір хабарында. Жаңағы жағдайдың мазмұны екен. - Мынау біз туралы ма? - деп сұрады генерал оқып тұрып. - Я, біз туралы. Осылай жазыпты, жолдас генерал. - Ақ теңізден Қара теңізге дейінгі майдан шебіндегі жалғыз Панфилов мен емес шығармын, менен басқа да Панфилов атты командирлер бар шығар, солардың біреу і боп шығып жүрсе, кейін ұятқа қалып жүрмелік. Сондықтан бұл жағдайды әзірше ешкімге айтпай-ақ қойыңыз. Ертең бүрсігүні газет те келіп қалар. Елдің содан оқығаны дұрыс болар, - деп генерал штаб офицеріне хабарды қайтарып жіберді. Тағы бір хабар алынды, онда былай депті: «КСРО Қорғаныс Халық Комиссарының бұйрығы, 18 ноябрь, 1941 жыл, № 339. Москва. Коп соғыстарда біздің Советтік Отанымызды гитлершіл басқыншылардан қорғауда, 316-атқыштар дивизиясы ерлік, табандылық, тәртіптілік пен ұйымшылдықтың енегелі үлгілерін көрсетті. 316-атқыштар дивизиясы жаудың торт жаяу әскер дивизиясы мен бір танк дивизиясының атакаларын батыл ерлікпен тойтарып тастады. Дивизия жауынгерлері дұшпанмен қасарыса айқасып, өрекпіген, күші мол жаудың сағын сындырып тоқтатты да, оны ізінше кейін қуып, көп шығынға ұшыратты. Дұшпанның сексен танкісін, бірнеше батальон жаяу әскерін жойды. Жоғарыда айтылғанға сүйеніп, КСРО Жоғарғы Советі Президиумның қаулысына сәйкес, Жоғарғы Бас Командашының Ставкасы бұйырады: 1. Соғыстарда табандылық, батылдық және ерлік көрсеткені үшін 316-дивизия бұдан былай 8-гвардиялықатқыштар дивизиясы деп аталсын. Дивизия командирі генерал-майор Панфилов И. В. 2. КСРО Жоғарғы Советінің қаулысына сәйкес дивизияға Гвардия Туы тапсырылсын». Майдан шебінде ауыр халде болсақ та, генерал өте көңілді еді. Шай үстінде бізбен әзілдесіп, әрқайсымызды «Гвардеец» деп мадақтап отырды. Түні бойы телефон дамыл тапқан жоқ: алғы шептен қауіпті хабарлар айтылып жатса, жоғарғы орындар мен көршілерден құттықтау сөзбен телефондар соғылып жатты. Бәрімен де генерал қалжың - шынын араластырып, сөйлесумен болды. «Жалғыз батыр майданға қалай тұлға бола қойсын. Сіздер сияқты беделді көршілеріміз болмаса бізге мұндай атақ қайда. Сол сенімді келешекте де ақтауға тырысамыз ғой. Атақты да, ордерді де кішкене бұрынырақ алыпқойдық па дейміз. Кешікпей - ақ сізді де осындай абыроймен құттықтаймыз ба деген үміттеміз. Ия, шын тілектеспіз!» деп сөйлеседі ол, құттықтап телефон соққандармен. Біреумен сөйлескенде: «Ия, Орта Азия - менің екінші туған жерім. Аз ба, көп пе, 17-18 жыл сонда қызмет еттім. Сонда балалы - шағалы болдым. Балалардың туған жері де, елі де сол жақта. Халқы өте сабаз, ержүрек келеді. Ия, солай.» «Мен ешкімді көзінше мақтамайтын адаммын. Қазақта мынадай мәтел бар, Сергей Петрович: «Ұлың өссе - ұлы жақсы мен, қызың өссе - қызы жақсы мен ауылдас бол», «жақсы мен көрші болсаң жарисың, жаманмен көрші болсаң арисың» деген. Ия, сізбен іргелестігімізге қуанамыз, шарапаттарыңыз тиді. Рахмет!». Алдыңғы шептен соғылған телефонға генерал тұжырымды жауап қатумен болды. «Бәрі баяғы келісім бойынша болсын. Ешнәрсені өзгертуге болмайды. Бір түннің ішінде алмалы - салмалы шешім қабылдап, ұшқалақтық істей алмаймын. Білемін, бірақ мен сіздің ғана қамыңызды ойлап істегенім жоқ, жалпы жағдай көптің қамына байланысты болғандықтан солай істелсін дегенмін. Бәрімізге де оңай соғып отырған жоқ. Көршіңізге «көже өкпені» қойып, онымен қойын - қолтықтаса, ауызбірлікпен іс істеңіз. Ия, барыңды аяп отырғам жоқ. Тағы да біраз көмек көрсетерміз. Адамдар тамақтанды ма? Жарақаттанғандарды тезден тоқтатпай жіберіп отырыңыздар. Жолда тоңып қалып жүрмесін. Ия, солай етіңіздер». Бір кезде немістер Гусеновоны алыстан зеңбірекпен атқылай бастады. - Әне, неміс те бізді құттықтауын бастады, -деді Панфилов телефонды текшеге қоя беріп. Таң ата мен генералдың бөлмесіне кірдім. Ол қырынып болып, бетін шайып тур екен. Менің сәлемімді алды да, алдындағы айнаға, өзін сынаған адамдай, біраз тесіле қарап турды. - Гвардеецтің сыртқы бейнесі тап - тұйнақтай болғаны дұрыстау болар еді, бірақ мына әжімі құрғыр ертерек түсіп қалған ба, қалай?! -деп бетін сипай күлін, - көрдіңіз бе, қатпарланып тұрғанын, - деді маған. - Әжімнің әр қатпарында өмірдің ізі ғана емес, сырлары да жатыр ғой, - дедім мен. - Құдайға шүкір, сіз бен біз жып - жыпматай гвардеец емеспіз. Оған өмірдің салған таңбасы, жаудың салған ені куә. Айтпақшы, мен сізге айттым ба, айтқаным жоқ па? - Нені, жолдас генерал? - Бір гвардеец кеше мені қатты қысымға салды. - Қалайша- Бір ротаға барып, олардың шебін аралауға тура келді. Окопта бір топ жауынгерлер отыр екеу.-«Хал қалай, жолдастар? Көңіл көтеріңкі ме?» деп сұрадым. Орта бойлы жуан дауысты сержант орнынан тұрып: «Халіміз мақтанарлық емес, жолдас генерал. Көңіліміз де көтеріңкі деп айтуға аузым бармайды», - деп салғаны бар емес пе? Мен сасқалақтап қалуым керек. «Неге? Неліктен?» - дей беріппін. «Сізге қояр кінә жоқ, жолдас генерал. Бірақ өзіңіз сұраған соң, бізден адал жауап керек. Окопта отырудан дұшпанның қайдан соғарын білмей жалтақтаудан, шегінуден зеріктік, жолдас генерал», - дегені ғой. Мен не айтарымды білмей біраз дағдарып қалдым. «Қорғана білген кісі шабуыл жасай да біледі, сіз, сержант, менің байқауымша сәтін күтіп жатқан қажырлы, ызалы арыстанның біреуі көрінесіз. Жақында біз де жау ордасына ойран салып атойлаймыз. Оған мен де сенемін, сіз де сенесіз», - дедім. Осы жауынгердің сөзі маған өте ауыр тиді, Виталий Иванович.- Сенсеңіз, маған да жеңіл тиіп отырған жоқ. - Қорғанып жүріп, қаймыға шегініп, шабуылды көксеген жауынгер - ел азаматы, намыстың құлы... Біздің гвардия атағына ие еткен сондайлар, Виталий Иванович... - Ол сержанттың аты-жөні кім екен? - Сұрамадым, сұрай да алмадым. Себебі, сұрасам үркітіп алып жүрем бе деп қорықтым. Бірақ оның бейнесі менің көз алдымда. Аманшылық болса шабуылда кездесіп: «Енді қалай, батырым!» - деп онымен шындап таныспақшымын. Мен өзім - қатардағы жауынгер, ефрейтор, сержант, фельдфебель міндеттерінің тұз-дәмін бірінші жиһангерлік соғыстан татқанның бірімін. Алдыңғы шептегі тұтқа солар болады. Олар жаман болса, мың жерден ақылды бұйрығың түкке аспайды. Сержант қателессе,-бөлімше қырылады, олармен бірге сержанттың өзі де кетеді. Взводта да солай. Ал ротадан бастап, әңгіме басқа. Менің қуанғаным: біздің дивизияда ер тұлғалы азамат сержанттар бар екен. Оған үш дәлелім бар: біреуі - жаңағы сержант; екіншісі - сондайлардың жауынгерлік тұлғаларының жеңісі - біздің гвардия деген абыройлы атағымыз; үшінші дәлелім - біздің партияның еңбек жеңісі - советтік патриотизм әр жауынгердің жүрегінде нық ұялаған. Сіз де оған жете түсінесіз. Генерал киінді. Біз далаға шықтық. Алдағы шептің жағдайын болжау үшін бақылау төбесіне (НП) бет алып бара жатырмыз. Жау жағы тағы да атқылай бастады. Алдымыздан саперлер ротасының бір сапы шықты. Рота командирі капитан генералды көре салып: «Смирно! Равнение направо!» деп команда беріп генералға рапорт айтты. Генерал жауынгерлер сәлемдесіп болған соң, капитанға былай деді: - Оқ астында сап құрып жүрмес болар, жолдас капитан. Бет алған жақтарыңызға бытырап ентелеңіздер. - Жаңағы жерден коп болса 150-200 қадамдай-ақ ұзағанымызда, бізден 4-5 құлаш жерге, ұли келіп, бір ауыр мина гүрс етіп жарылды. Алдымда келе жатқан генерал теңселіп барып екі-үш қадам басты да құлады. Мен жүгіріп барып, басын сүйей бергенімде, маған қарап: «Буду жить!» деді де қалғып кетті. Әлгі минаның бас бармақтың басындай жаңқасы генералдың жүрегін тесiп өтіпті... Ер ажалы құмалақтай қорғасыннан дегендей, генерал қайтыс болды, - деп сөзін аяқтай беріп, Марков бір күрсініп алды да, - сабаз ойға да, ақыға да терең, адамгершілігі мол, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін кісі еді марқұм. Сыймай кетті маңдайға! - деді ол сөзін аяқтап, тағы да бір күрсініп. Екеуміз біраз жерге дейін үн қатыспадық.

МАЙОР ЕЛИН

Менің полк командирім Клип Григорий Ефимович партияда жоқ офицерлердің бірі еді. Орта бойлы сыры көшкен ұсталған шана сияқты сарғылттау; қатып-семіп қалған арық кісі болатын) Қырықтан жаңа асса да шашы бұрыл тартқан, сабырлы, мұңды адамның бірі еді. Мені генерал Панфилов соғыс қимылы басталғалы бері өзінің «жеке меншігіне» алып, кетігін тапқан жерге қалап пайдаланғандықтан,мен«нағашысының қолында өскен баладай», Елинмен көпке дейін тепе - тең болын соғыстарға қатысып жүрдім. Сол себепті ол кісінің атын бұрынғы жазбаларымда оқта-текте үстірт қана атап келдім. Елин орыстың бір сырлы, сегіз қырлы азаматтарының бірі еді.Біздің дивизия құрыла бастағаннан бері екеуміздің арамыз жаман болып көрген емес. Оны мен аға тұттым, ол мені іні тұта білді. Елин ешуақытта да менің атымды, немесе фамилиямды атап сөйлемейтін. Ол маған «сен» деп сөйлеуші еді. Әскери атағымды да сирек қолданатын. «Комбат один» дейтін ол бірнәрсеге шешім тауып, мені не айыптарын, не ақтарын білмегенде. Әйтпесе «комбат первый» дейтін ол менің ісімді мақұлдағанда. «Старший лейтенант первого батальона» деуші еді ол маған ызаланып ұрысқысы келгенде. Бірақ бір рет те ашуына ерік беріп, маған ұрсып көрген емес. Панфилов өліп, батальонымыз кейінгі қоршаудан шыққан соң, біз өзіміздің полктың үйіріне келіп қосылдық. Бірнеше соғыстарға қатыстық... Бір күні мені полктың штабына шақырды. Мен Жалмұхаммед Бозжановты қасыма ерте аттандым. Келсем, Елин ауызашар үстінде, бір жілікті кеміріп отыр екен. - А, комбат первый, - деп ол мені орнынан тура қабылдады. - Бүгін бір құнажынды сойып едік, соның тоқпан жілігін мүжіп отырмын, көптен бері сүйек ұстамаған қолым мына жіліктен айрылар емес. Қолымды саған бере алмаймын. Отыр, комбат первый, табақтас болайық, - деп маған қолындағы жіліктің басымен нұсқап орындық ұсынды. Мен отырдым. О л қалбалақтап: - Сулима, Сулима! - деп адъютантын шақырды. Адъютант келгенде, - ал, біздің флягада комбат первыйдың сыбағасы қалған болса, тез құй. Бұл кісіні аяз сорып келді ғой, - деді. Адъютант маған жарты стакан арақ ұсынды. - Қағып таста, комбат первый. Мына жамбасты ал. Ай, шіркін, атаң қазақ емес пе, сенің ет жеуіңе қарап, менің де араным ашылып барады, - деп әзілдей күлді, жілік мүжіп отырып, - кеңінен кең отырып әңгімелесерміз, жақсылап тойып ал мынаны аса, - деп қояды. Мен де аш бөрідей, таза піскен жұмсақ етті қарбыта асап, бірде шайнап, бірде шайнамастан жұтып отырмын. -Бәрекелді! -деді Елин қолын газетпен сүртіп. -Бәрекелді, ерім! Мына етті жесіңе қарағанда, сенің анық қазақ екеніңді бір байқап қалдым, - деп қарқ-қарқ күлді. - Құдайға шүкір, басқа қолымыздан келмесе де, ет жеу біздің қазақтың қолынан келеді, жолдас майор,-дедім мен оның әзіліне жауап ретінде. Ол рақаттана тағы да күлді. Шай іштік. Темекі тарттық. Елин жайбарақат отыр. Асығар емес. Дастарқанды жинап болғаннан кейін, Елин алдыма картасын жайып салып: - Ал, енді, комбат первый, іске кіріселік, - деді. Елин алдымен мені жалпы жағдаймен толық таныстырды. Одан кейін полктың хал-жайын айтты. Соңынан менің батальонымның міндеттерін түсіндірді. Біз тұрған Пятница деревнясының аумағын бүгін таң сәріде атты әскер полкына тапсырып, батальон Лопастино, Струсово, Соколово бағыттарына ауысуы қажет екенін ұғындырды. - Мына бос жатқан үш-төрт километр жерді сендер бекініске ұстайсыңдар, - деді ол сөзінің аяғында. Біраз ойланып тұрып, біздің қалайша ауысу, жаңа орынға қалай орналасу керектігі жөнінде ақылын айтып, кеңес берді. Мен шұғыл қайрылып кетіп бара жатқанымда тоқтатты да: - Ал, комбат первый, айтпақшы, әлгі Попов Василий дейтін, сенің 3-ротаңның бұрынғы командирін бұдан былай қайтеміз? Сол жігіт туралы пікіріңді айтып кетші? - деді.- Тимково түбінде ол қашты. Одан бері мен өзімен жолыққаным жоқ, жолдас майор. - Жолықтырмаған мен едім. - Онда менен не сұрап тұрсыз?- Обалы не керек, Попов Тимководан келе салысымен-ақ батальонға қайта барамын, пе көрсем де сонда көрейін деген еді. Бірақ сенің мінезіңді біле тұрып мен оны жібере алмадым. - Момышұлы тебе не простит этого. Лучше оставайся здесь, пока не остынет», - деп оны жібермедім. - Я ему не прощаю, но и преследовать его теперь не намерен. - Мен Поповқа риза болған бір жерім - ол айыбын мойнына ала білгендігі. «Момышұлы өте қатал болса да, оның қаталдығы әділетті» депті Попов жолдастарына. Бұл да ерліктің бір түрі. Әрине, Попов сенің алдыңда, жауынгерлердің алдында өз абыройын өзі төгіп алды. Сондықтан комиссар екеуміз ақылдасып отырып, Поповты сенің қарамағыңа жібермеуді дұрыс деп таптық. Оны кішірейтіп, рота командирінің орынбасары етіп тағайындадық. - Ал, бұны қайтеміз дегеніңіз не? - Егер сен Поповпен жолыға қалсаң, кегіңді сыртыңа шығарушы болма. Әрі-беріден кейін ішіңе де сақтама. Оған ағалық, жолдастық мейіріміңді көрсете біл. Өз ұяты өзіндегі кісіні таптамас болар. Ол жаман жауынгер емес. - Түсіндім, жолдас майор. - Бәрекелді, демек келістік қой? - Келістік, жолдас майор.

Роман Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар