Москва үшін шайқас: МАЙДАН ШЕБІНДЕ

None
АСТАНА.ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихқа ие, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежесі бар ҚазАқпарат агентігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бүл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатігез бейнесі шынайы бейнеленген. Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында коптеген роман, повесть қиса, дастарндар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.

***

КРЮКОВОДА

...Крюково үшін ұрыс басталды. Бірінші күні алты сағат ұдайы соғыс болды... Екінші күні соғыс он екі сағатқа созылды... Үшінші күні он сегіз сағат өштесе арпалысумен болдық...Крюковоның шет жағалары бір тәулік ішінде қолдан - қолға бірнеше рет өтті: біресе дұшпан бізді итермелеп, селоның орталығына дейін ығыстырады; біресе күш жинап, ышқына ұмтылып, біз оны тойтарып тастаймыз. Қоян-қолтық арпалыс, алма-кезек төмпештеудің соңындамыз, бір-бірімізге көнер емеспіз, бір-бірімізге ырық берер емеспіз. Арамыз өте жақын... Артиллерия мен минометтерден атуға екі жақ та тәуекел жасай алмайды. Дұшпанға деп атқанымыз өзімізге ойран салып жүрмесін деп қауіптенеміз. Біз көптен бері орнығып, тұрақтай алмай соғысып жүрміз. Жасыратын ешнәрсе жоқ кей кезде қашып, босып та жатқанбыз. Соған үйреніп, үрейленіп қалған тыл бөлімшелеріміз, Крюководағы дабылдардың сарынын есіте салысымен жиырма бес - отыз километрге кейіп қарай зымырай тартыпты. Шіркін-ай, басқалардан гөрі тылдағылардың жандары қымбат келе ме әлде! Ия, әркімнің жаны өзіне тәтті. Мен де, комиссар да бұл хабарды ести сала қатты ызаландық. Курганский мен Толстунов екеуін тылға жұмсадық. - Бүгінгі түн ортасынан қалмай барлық тыл осы жерден екі - үш километр жерге келін орналассын! Менің бұйрығым осылай! - дедім мен оларды аттандырып тұрып. - Тылды басқарған мырзалардың барлығын жинап, түн ортасында маған ертіп келіңіздер! Комиссар алдыңғы шепте жүр еді. - Жолдас командир, жолдас командир! -деп мені итермелеп оятып тұрған Сулима екен. - Жолдас командир, тылдағылар келіп отыр. Мен ұйқымды аша алмастан орнымнан әзер тұрып, сағатқа қарасам, түнгі екі екен. Бөлме толы адам. Шаруашылық жағынан жәрдемшім Василий Андреевич Кварчуктың үстінде 303 Әдеби KZ жаңа тоны бар, басында күндіз берік. Тамақ жағын басқаратын Яков Матвеевич Смирнов та таза киініп алыпты. Киім жағын басқаратын Пшеничныйдың үстінде бұйра жағалы қара тон, аяғында үлкен киіз байпақ. - Ия, мырзалар... Тамақтарың тоқ, киімдерің әсем, э! Доктор сіз де келдіңіз бе, - дедім Илья Васильевич Гремичкинге. - Бір кезде оқып едім «дәрігер тәуіп» ауруларға баласынан да жаны коп ашиды деп. Сіз Илья Васильевич, тек диплом алған қатал адамсыз! - Мен дәрігермін, жолдас командир. - Дәрігерлер жаралы жауынгерлерді далаға тастамайды. Сізде намыс та, ар да жоқ. Сізден батальондағы фельдшерлер артық. Неге сіз барлық ауырлықты солардың мойнына тастап, өзіңіз зытып отырдыңыз. Комиссар кіріп келді. Барлығына ол жаман көзімен бір қарады да: - Доктор, дереу батальонға барып, өзіңізге тиісті істі ұйымдастырыңыз! -деп менің сөзімді бөліп жіберді. Гремичкин орнынан тұрып шығып кетті. - Сіз, Кварчук, бірінші батальонға барыңыз, сіз екіншіге, Смирнов, сіз үшіншіге, Пшеничный, - деді комиссар шешініп жатып. - Таң атқанша батальондар барлық жағынан толық қамтамасыз етілсін. Олай етпейінше, сіздерге алдыңғы шептен қайта оралуға командир де, мен де руқсат ете алмаймын. - Мен тылға барып, істің жайын түсіндіріп айтып қайтайын да, - деді Кварчук. - Айтарыңызды алдыңғы шепте тұрып айтыңыз. Онда да жұмсайтын адамдар табылады. Барыңыздар, - деп бұйырдым мен. - Ақырып, ашуланып, қадамы ұзарған біреуді көргенім жоқ, - деді комиссар маған қарап, олар шығып кеткен соң. - Барса, өз көздерімен көрсін, өз қолдарымен ұйымдастырсын. Крюково күн сайын бір қолдан бір қолға өтіп жатыр. Әлі жеткендер тас-талқанын шығарып тартып алады да, әлсіреген кезінде айрылып қалады. Артиллерия мен минометтерде үн жоқ. Жұдырықпен найзаласу қызу жүріп жатыр. Қоян-қолтық, жағаласу, арпалысу. Біз полк комиссары Логвиненко екеуміз осылардың басы-қасында жүрміз. «Берсең де аламын, бермесең де аламын» дегендей жаудың қимылы. Ол үсті-үстіне тиісуін қояр емес. «Қайтсең де бермеймін» дегендей біздің жауынгерлер табан тіресе қарсыласулы. Сол күндер менің әлі де есімде. Қиян-кескі соғыста көп кезеңдер болады ғой. Бәрін айта берсем зеріктіріп алармын. Кейбіреулерін ғана қысқаша баяндайын. Мен қарыздармын. Қысқартып айтайын да, құтылайын. Тағы бір рет қарсы шабуылға шығып, дұшпанды тойтарып бара жатырмыз. Жау шегініп, біздің жігіттер өкшелей қуып барады. Менің алдымда жүгіріп бара жатқан жауынгердің сол қолын жеңінің шыға берісінен минаның жаңқасы отап кетті. Бір елі теріге ілінген алақаны мен саусақтары қанға боялып салбырап барады. Оны денесі қызған жауынгер байқар емес. Ол әлі де жүгіріп барады. Астапыралла, бұл кім? Ол кілт тұра қалды. Енді ғана аңғарды. Бір елі теріге ілініп тұрған қолын ызаланып жұлды да, лақтырып тастады. Өз денесін қар үстіне қарай атты. Мен тітіркеніп кеттім. Ол сау қолымен пистолетін серт ұстап, алға кезеніп, жоғары көтерді де, ашынған даусымен «атаңның аузы...» деп жау соңынан тап бере жүгіре жөнелді. Мен оны таныдым. Ол бұдан екі жеті бұрын Соколово селосында жаудың 3 танкімен жекпе-жекке шығып, қарсыласып тұрып алған батарея старшинасы Бүркіт Әлішеров. «Алатаудың сұңқары, атаңа тартқан екенсің!» дедім мен ішімнен. Мен қырдың, ия сырдың қазағы емеспін, таудың қазағымын. Қырғыздар біздің елмен көршілес тұрады. Атаңа рахмет, ерім - Бүркіт. Анаңа рахмет, Бүркітжан! Бір жолы немістер бізді тойтарып тастап, село орталығында қоян-қолтық ұрыс қыза бастады. Бір көшеден ыршып жүгіріп - жүгіріп өттім. Енді тағы бір көшеден өтуім керек. Атыс үдей түсті. Мен бір үйді паналап, оның тасасында жарқанатша жабысып тұрмын. Оқтар зуылдап өтіп жатыр. Жан тәтті, орнымнан қозғалуға батылым бармайды. Сілейе қатып тұрмын. Мен өтетін көше оқ астында. Атқылау саябырсынып дегенде, енді алға ұмтыла бергенімде, біреу күшті қолымен желкемнен бүркітше шеңгелдей қармап алып, ай-шайға қарамастан, мені шалқалақтата сүйрей жөнелді. Мен қалбалақтап барып қар үстіне есімнен тана құладым. Есімді жинап алғанша манағы мен тұрған жерден «тра-таа- тааа, тррр... тра-та-тааа» деп қол пулеметі безілдей бастады. Астапыраллалап орнымнан тұрып қарасам, біздің екі жауынгер үйдің бұрышына кенедей жабысып, мен өтем деген көшені атқылап жатыр екен. Екеуі де жер бауырлап кейін шегініп, әлі есімді жинай алмай тұрған менің қасыма келді.Орта бойлы, бет-аузын қалың қара түк басқан, орақ мұрын жігіт күлімсіреп, менің алдыма қалт тұрып:

- Ғапу етіңіз, жолдас командир. Мен сәл әдепсіздік еттім сіздің алдыңызда. Кешіріңіз, сіз өтер көшеде немістер бар екенін сіз білмеген боларсыз, - деді. Менің аялаушым, құтқарушым украин жігіті Спиридон Гапоненко екенін таныдым: Екінші ротаның бақылау пунктінде отырмын. Қасымда сол ротаның саяси жетекшісі Ахтан Хасанов - жұқа, қарақатша, көзі мөлдіреген қара қазақтың бірі. Ол мені командир демейді, «ағатай» деп имене сөйлейді.

- Жолдас... Ағатай! Сіздің мінезіңіз... Ағатай, кешіріңіз...

- Айтарыңды айтсаңшы!

- Шынымды айтсам, ататай, мен сізден қорқам. Біз сізді сыйлаймыз да... -

- Қорқып сыйлаған сыйынды өзің қайта ала ғой. Оның маған керегі жоқ!

- Өте дұрыс айттыңыз, ағасы. Біз оған түсінеміз ғой.

- Не айтпақ едің?

- Мына қиян-кескі соғыста кім өледі, кім тірі қалады... Мен атадан жалғыз едім. Келініңіз орыс қызы. Аты Валентина. 306 Әдеби KZ Өзіміз тек Валя дейміз. Оның құрсағында бір нәрсе қалып кетіп еді, мен соғысқа аттанғанда. Білмеймін босанды ма екен? Мен өлсем, артымда кім қалар екен? Қыз ба, ұл ма?

- Тәйт! Сен өлмейсің!

- Кетерде мен келініңізге «Қыз тапсаң атын Варвара қой, ұл тапсаң атын Сергей қой» деп едім...

- Неге Сергей, неге Варвара?

- Атамның аты Сергей еді. Енемнің аты Варвара еді.

- Сен жақсы күйеу екенсің. Қайын ата, қайың енесін сыйлау...

- Олар менің ата-анам ғой, ағатай.

- Дұрыс, Ахтан, дұрыс.

- Қараңызшы алға. Не деген сұмдық! Бірін бірі танымайтын адамдар бірін бірі өлтіріп жатыр. Жастар бірін-бірі өлтіріп жатыр!

- Политрук Хасанов. Вы - наивный пацифист! - деп ақырдым оған мен. - Егер фашисті сіз өлтірмесеңіз, ол сізді өлтіреді.

- Ия, менің аңқау екенім рас шығар, ататай.

- Біз өзімізді өлтіруге келгендердің бәрін де өлтіруіміз керек. Сен политрук емес, шалағайсың, - дедім отан мен ашу үстінде ақырып.

- Түсіндім, ататай, - деді ол төмен қарап. - Какая печальная судьба нашего поколения. Убивать друг-друга, ағатай?! - деді ол орысшалап. Қасымызға бір жас жауынгер жүгіріп келді. Жиырмаға жетпеген орақ мұрын, бүркіт қанат қасты жаңа өспірім жігіт қалт тұра қалып мені ескерместен Хасановка:

- Жолдас политрук. Мен сіздің бұйрығыңызды орындадым. Меня убили, - деді ол орысшалап.

- Ширван - Заде, сен не сандырақтап тұрсың?

Ширван - Заде мұрттай құлады. Оның жүрегін оқ тескен екен. Жас бала өлді.

- Тәжіктің жас жігіті өлді, - деп Хасанов жауынгердің басын сүйей, еңіреп жылайды, өксіп-өксіп жылады. Мен төмен қарап, жер шұқылап отырып қалдым. Ширван-Заденің соңғы сөзі жас боздақтың соғысқа айтқан лағнетіндей есімде қалды. Келесі күні ұдайы қиян-кескі, қоян-қолтық ұрыспен болдық. Көше бойы күнімен, түнімен атыс, айқас. Әрбір үй үшін қолма - қол ұрыс... Алыстан ататын артиллерия мен минометтер және авиация біздің тылдарды да үсті-үстіне оқтың астына алып, мазалап, жандарын қоярға жер тапқызбай жатыр. Олар да бомбалар арасында әлек-шәлектері шығып аласұрып, жығыла-сүріне, өздерін қамтамасыз ету жағынан тілектерін істеп жүр. Қатты қаңтар аяздың үстіне қатты суық жел соғып, бетіңді темірдей қарып, тырнақ астына ине шанышқандай, бармақ басын ашытып, жаныңды шығарып барады.

- Қалай, тоңдың ба, ерім? -дедім бір үйдің бұрышын тасалап тұрып, оқта - санда мылтығын кезеп оқ атып тұрған жауынгерге.

- Не қылар дейсіз. Бізді қысымға алған аяз бен жел немістердің де екі аяғын бір етікке тығып тұрған болар. Өздері манағыға қарағанда біраз кібіртіктеп қалғанға ұқсайды, - деді ол алдан көзін ажыратпастан жүре жауап беріп.

Қас қарайғанда біздің полкқа Москвадан 350 адам келді. Үстеріндегі сұр шинельдері мен қолдарындағы жарақтары ғана болмаса, олардың ортасында не офицер, не сержант атағы бар кісі де көрінбейді. Комиссар олармен әңгімелесіп тұрғанда орнынан бір еңгезердей кісі түрегеліп, мылтығына сүйеніп тұрып, қарлыққан даусымен былай деді: - Жолдас командир, жолдас комиссар! Біз болсақ Москваның жүмысшыларымыз. Бізді мұнда Москваның партия ұйымы жіберді. Бәріміз де коммунистерміз. Большевикше соғысамыз, гвардия атағына дақ салмаймыз. Күмәнданбастан бізді позицияға жауынгерлер қатарына қойыңыздар.

Оларды біз бөлімшелерге топтап, бөліп тараттық. Комиссар сол қанатқа, мен оң қанатқа кеттім. Жер аппақ,аспан жалтыр, аяз сықырлата қысып, жел қарып, жалап тұр. Бір жақтан пұшық гаубица әуіп ете түседі. Оның снаряды ышқына, ысқыра ұшып, бір жерге барып, орманды жаңғыртып гүрс ете қалады. Түнгі аспанда жарқ ете жарылып, аққан жұлдыздай төмен зымырап барып сөнеді ракеталар. Алғашқы шепті біраз аралап, кейбір командирлермен жағдайды анық білу үшін, темір жол бойындағы кішкене үйге келіп ендім. Комиссар екеуміз осында жолығысуға уәделескен болатынбыз. Ол әлі келмеген екен. Үй ішінде білте шамның алдында, екі байланысшы жауынгер отыр. Олармен әңгімелесіп, мен терезе алдындағы табуретка үстінде отырмын. Кенеттен, біреу ортаңғы омыртқама ілгек салып тарта жөнелгендей, опыра алып барады. Тәлтіректеп, сол жағымдағы жауынгердің аяғын құша, еденге гүрс етіп құладым. «Тра-та- тра-та» деген пулеметтің даусы сырттан естілді. Арқам қызған темір сұққандай ашып барады. Бір қолыма сүйеніп орнымнан тура берейін дегенімде комиссар кіріп келді.

- Саған не болды, Бауыржан-ау?!

- Жарақаттанғанға ұқсаймын, Петр Васильевич.

Шаршап-шалдығудың үстіне жараның азабы қосылды. Белімқақсап, қол-аяқтарым ұйи бастады. Аздап басым да айналады. Полк дәрігері Илья Васильевич екі елідей етімді тіліп жіберіп, оқты шығарып алып, менің алдыма тастады.

- Оншама ешнәрсе көрінбейді, Петр Васильевич, тиген оқ менің көз алдымда жатыр, - дедім мен телефонмен алғы шепте қалып қойған комиссарға.

- Жылы оранып жатып, біраз дем ал. Бұл жақта өзіміз бас-көз бола тұрармыз, - деді комиссар.

Менің адъютантым Петр Сулима дейтін сұңғақ бойлы, реңді жас лейтенанттардың бірі еді. Сулима өте әдепті, өзін өзі салмақпен кімнің алдында болса да ұстай білетін. Бір жолы ұйыған қол-аяғымды уқалап отырғанымда Сулима жаңа карта алып келді. Картаға қарап, мен майдан шебіндегі жағдайдың белгілерін нақыштай сызып отырмын. Біздің полктың сыбағасына тиген шаршы участоктың төр жағына белгілер түсіру үшін картаны кең жая бастағанымда, дастарқандай үлкен картаның бір бұрышында теңбілдене қарауытып, оймалай нақыштала сызылған бөрік көлеңкесіндей белгіге көзім түсті. Мен үңіле қарадым: «Москва» деген ірі жазуды оқыдым.

- Сулима, сіз Москвада болып па едіңіз?

- Жоқ, жолдас командир! Тек сыртын айнала эшелонмен өткенім болмаса. Мен картаға тағы да үңіле қарадым. Карта бетінде Москваның сансыз шеңберлене орағытқан көшелері, көк сең-сең, жайылған тері сияқты парктері мен бульварлары, иір-иір арналарымен аға жатқан өзендері топография белгілерімен нақыштала. ап-айқын сызылған. Ортасында қызыл жұлдызды қоршаған дуал белгісі. Ол - Кремль. Бойымды суық шалғандай денем түршігіп, селк ете қалғанымда:

- Сізге не болды, жолдас командир? - деді Сулима.

- Жай, тек салқын тиген болар. Пешке отын тастағызшы, үйдің іші салқындап бара жатқанға ұқсайды.

Картаға қарап отырып ойыма әр нәрсе келді. 1812 жылы Наполеон әскері Москваны өртеп, қарт Кремльдің көк тасын ластап еді. Биыл болса Гитлердің самолеттері күнде бомбалап, самсаған фашистер қолы күннен күнге жақындап келеді. Айыр циркулімді алып, Крюково мен Москваның арасын өлшедім. Төтесінен 30-ақ шақырым. Немістер тағы бір жұлқынса, Москваның іргесіне дейін қашық емес. Ал егер біз тағы да шегінуге мәжбүр бола қалсақ, дұшпан алдында тосқауыл болып, бекінуге жағдайлы жер бар ма екен деген оймен, Крюково мен Москваның арасындағы жер жағдайын карта бетінен бір шолып өттім. Ондай жер, қолайлы шеп карта бетінен көрінбейді. Денем тағы түршігеді... Соғыста жауынгер басатын ауыр сорға дайын болмастан жақсылықты ойлай алмайды. Уайымды жеңбей, кесімді шешімге басын тіге алмайды. Мені қазір уайым қиялы жанши басып, орнымнан тұрғызар емес. Түс көргендей қиялымда дұшпан Москваның көшелерінде жүр. Көше сайын қираған үйлер, қаусаған мүліктер, дөңгелектері аударылын, жолдан шыға қулап, қирап жатқан трамвайлар мен троллейбустер, тротуарларда жылтырап жатқан сынған терезелердің майда шынылары. бықсыған өрт, аула толған өлік - жерленбеген шал-кемпір, қатын-қалаш, бала-шаға, жауынгер сүйектері... Кең көшенің ортасымен сәнді саппен қатарларын түзеген фашистер полктары тақыр асфальтті сарт-сұрт теуіп, салтанатпен өтіп барады. Олардың алдында көзілдірікті, орақ мұрын, ат жақты, сұңғақ бойлы генерал бүлінген үйлерге көзінің қиығымен қарап, жымия күлімсіреп, асықпай байсал басып барады.

- Ия, жеңімпаздың салтанаты!

- Сіз не деп отырсыз, жолдас командир, - деді Сулима.

- Жай, бір жаман түс көргендей, көзіме әртүрлі сұмдықтар елестеді. Москва тіпті қол созым жерде тур, бауырым!

- Ия, өте жақындап қалыппыз, жолдас командир, - деп Сулима күрсініп қойды.

- Сізше командирге карта не үшін керек? - деп сұрадым Сулимадан.

- Не үшін дейсіз бе? - деді ол түсінбей. Біраз ойланып қалды. - Әрине жер жағдайын тану үшін керек. Ұрысқа кірер алдында шешім алу, болжау...

Ол білгенін емтихан тапсырғандай айтып тұрғанда, мен картаны бүктей бастадым.

- Пышағыңызды беріңізші, - дедім Сулимаға, картаны бүктеп болған соң. Ол ашылған маған ұсынды. Мен картаның бір шетінен бүктелген жерінен сырып отырып екі бөліп кестім де, Москва белгісі бар жартысын Сулимаға ұсынып: - Мә, мынаның бетіндегі жер жағдайын бізге танудың керегі де болмас. Жағып жіберіңіз, - дедім.

Сулима картаны алып біраз кідіріп турды, картаны жұмарлақтап бүктеп пештің ішіне тастап жіберді. Карта лап етіп жана бастады. Лейтенант маған бұрылып орнынан тұрды да: - Бәрі де түсінікті, жолдас командир, - деп қалт тұра қалып честь берді.

Біз соғысқа кіріскелі бері белес-белес сындардан өткен ер офицерлеріміздің бірі бірінші ротаның командирі Филимонов Ефим Ефимович бір қарсы шабуылды өзі басқарып жүргенде, ауыр жарақаттанып, қатардан шықты.

- Қолымның сүйектері қирай сынып, саптан еріксіз шығып барамын, - деді ол кінәлі түрде арманды үнмен. Бозжанов келді. Оның сол қолы добалдай болып ісіп кетіпті.

- Ей, сенің қолыңа не болған?

- Кеше кешке бұршақтай минаның жаңқасы тиіп, соның кесепаты ғой.

- Оны алдырдың ба?

- Жоқ, өте арыда көрінеді, - деді ол қолына қарап.

- Онда дереу медсанбатқа барсаңшы, асқындырмастан.

- Бармауға рұқсат етіңіз, жолдас командир. Мына қиян-кескі жағдайда жолдастардың қасынан кеткім келмейді. Бір ұрыс саябырсыса көре жатармын, - деп Жолтай арсалаңдап күлді.

Әділін айту керек, мен жарақаттанғаннан кейін ұрыста полкты басқарудың барлық ауыртпалықтары біздің комиссар Петр Васильевич Логвиненконың мойнына түсті. Ол керекті жағдайда өзін де аямай кететіндердің біреуі еді. Комиссар алғы шепте, арпалыстар арасында жүр. Кейде түн ортасында келіп, асығып-аптығып жуынып тұрып: - Жігіттер, маған жүрек жалғар бір нәрсе беріңдерші, - деп қолын сүлгімен сүртіп тұрып, маған қарайды. - Ал, жоғарыдан не жаңалықтар бар? Алдыңғы шеп жағдайын қазір айтамын.

Тамақтанып отырып пікір алысқаннан кейін, комиссар тағы да алдыңғы шепке жөнелетін. Ұрыс тынар да емес, саябырсыр да емес. Үдеу үстіне үдей түсуде. Жалмауыз соғыс араны ашылып, қатарымыздан коп сабаздарды не жарақаттап, не ғайып етіп жатыр. Қатарымыз селдіреу үстіне селдіреуде. Екі-үш күннің ішінде полктың фронты үш рет қысқартылып, тығыздалды.

- Менің байқауымша, - деді комиссар - біз кешікпей-ақ шабуылға шығамыз.

- Қай күшіңізбен, қай бетіңізбен шықпақсыз, Петр Васильевич?

- Байқадың ба, біздің жақтан күн сайын фронттың танауы тарылып, ықшамдалып келеді. Демек, бір нәрсе даярланып жатыр. Осы сөзім есіңде болған.

...1941 жылдың 6 декабрінің таңы әлі бозарып атқан жоқ. Шығыс жақ нажағайдай жарқ-жұрқ, сатыр-күтір. Жер солқылдап, күрк-күрк жөтелгендей. Крюковоның аспаны ұлып, гүрсілдеп, уһілеп, ентіге дем алып, от шашып, құйындай ұйтқып, қара түтін қаптап, ойран-асыр болды да кетті. Біздің артиллерия жауды осылай атыс астына ала бастады. Атыс сарыны күңірену үстіне күңіреніп, минут сайын үдеп барады. Біздің соғысқанымызға алты ай болды. Сол уақыттан бері ыза мең кектің ызғарлы үнін алғаш естіп тұрғандаймыз. Крюководағы жау жатағының күлі көкке ұшып жатыр. Артиллерия атысының даусынан түн де оянғандай. Таң бозарып атып келеді, атыс күшейе түсуде. Күн қызарып шығып келеді. Атыстар әлі тоқтар емес, дабыл үстіне дабыл. Сарын күңірене күшейіп барады... бірнеше қызыл ракета аққан жұлдыздай аспанға ыршыды. Қарт Тверь мен Тула арасындағы майдан шебін бұзып уралаған дауыспен жер-көкті жадыратып Совет Армиясы қарсы шабуылға шықты. Бүлік. Астан-кестен шыққан ойран орны. Көшеде, қорада, құлаған үй босағасында, қар үстінде, жол үстінде қираған танктер, зеңбіректер қасында, әp түбінде кілең өлік. Қолдарын жеңдеріне тығып, иықтарын қушитып, төмен қарап топтана келе жатқан тұтқындар. Табиғат адам сырына қалай айғақ екенін, әсіресе, ұрыста коп байқауға болады. Түн ортасы ауа қар жауып еді. Сәскеде шығыстан жел тұра бастады. Жел елпең қарды суыра, борандата айдай бастады. Жел күшейе бастады. Жаяу боран шашадан үрлеп, тірсекке қарай көгілдір тұмандана, жалдана көтеріліп барады. Қашу! Қашқанның өкшесін баса қуу! Біреу боранның бусанын белуардан кешкендей, қалбалақтап, алды-артынша қарамай жүгіріп барады. Ол аяқ астына да қарамайды. Ол жол да іздемейді, жөн де іздемейді. Ол сүрінеді. Түзеліп барып, қалбалақтап бес-алты қадамнан кейін қарға омбылап барып құлайды. Орнынан тұрып қарманады, қадамы ұзамай қалың қарға малтығады. Оның аяғына қар да, бұға да тұсау. Әр төмпеш оны сүріндіреді, әр шұқыр оның аяқ-қолын шідерлеп, адымын создырмай кібіртіктетеді. Әр омбы оны етпетінен түсіріп құлатады. Табаны қатқыл мұздақ тақырға тигенде ол қалбалақтай жүгіреді де, тайғанақтай барып қулайды. Тура жүгіреді. Ол адам - қашқын жауынгер. Қолы адал болса, ол саспай қашар еді, оның қолы арам, ол басқыншылар әскерінің жауынгері. Біреу арқасын еселей соққан өктем желдің екпініне билетпей тіп-тіке, адымын ентелей кере басып, мылтығын серт ұстап барады. Ол Қызыл әскерлердің жауды қуып бара жатқан жауынгерлері.

Түс қайта бергенде біздің полктың саптарын атты әскерлер мен танктер қуып жетіп, бізден оза жөнелді. Олар генерал Доватор мен полковник Катуков басқарған «Конномеханизированная группа» екен. Олардың мақсаты жан-жақтағы жауға көңіл бөлмей, майданды қақ жарып өтіп, тікеден-тіке Истраға барып шегінген жау топтарының, алдында тосқауыл болып тұру екен. Сондықтан олардың күштері біздің полк үшін «сенгендегім сен...» болып шықпады. Біз оз сыбағамызбен қалдық. Біздің қолымыздағы әрбір лайықты жер жағдайында, әрбір селода немістер бізге қарсылық көрсетіп, кей кезде бізді қаймықтырып тастап барып, бұлтаң етіп, құйрығын бір- ақ көрсеткен кезеңдері де аз болған жоқ.

АҚ БАТА - ІЗГІ ТІЛЕК

Жел саябырсып, боран тыныштана бастады. Жол бойындағы қыр төбесінде үлкен шіркеу, шіркеудің айналасы өркеш-өркеш айдар жалды қар төмпешіктер. Бұл - өртенген үлкен селоның қар астында қалған жұртының орны. Карта бетін жермен салыстырып алу үшін мен қасымдағы жігіттермен шіркеуге қарай бұрылдым. Шіркеудің іші лық толған адам. Кемпір-шал, әйелдер, жас балалар, бір-біріне ығысып өздерінің жүктерінің үстінде отыр. Бір бұрышта үш аяққа ілінген шәйнектен бу шығады. Оның астындағы отқа қолын жылытқалы барған жас балалар бірін-бірі итермелеп, қолдарын әлсіз жалынға қарай созады. Шіркеудің қабырғаларында топтана ығысып отырған адам тобының үстінен көк көз Мұса пайғамбар, бұйра шашты, қара сақал Иса пайғамбар қолында талпынған сары сәбиі бар, мұңды тұнық көзді Исаның шешесі Мариялардың суреті (иконы) «Ей, бишаралар» деп қарап тұрғандай. Осы шіркеуді өз қолдарымен тұрғызған, «құдайларының» суреттерін өз қаражатына салдырған осы селоның ата-бабаларының «немере-шөберелеріміз осындай мүшкіл халде болады» деген түсіне кірді ме екен? Міне, сол селодан бір үй қалмай өртке опат болып, елдің барлығы шіркеуге тығылып, мүсәпір болып отыр. Біз кіреберістегі бос бұрышта карталарымызды жайып тұрмыз. Бізбен ешкімнің ісі болған жоқ. Әрі-беріден кейін көңіл бөліп қараған да жоқ. Бүгін күні бойы бізден бұрын да көп офицерлер мұнда болса керек, әбден көздері үйреніп қалған білем. Болжап, салыстырып болған соң, картамды бүктеп сыртқа бет ала бергенімде шіркеу төрінен: - Тұра тұр! Тоқтай тұр, командир! - деген бір әйелдің даусы естілді. Біз дағдарып қалдық. Отырған кісілердің тізелерінен, қаптарынан аттап, бізге бет алып келе жатқан әйел қолын сермеп: - Тоқта! Тоқтай тұр, балам! - деп келеді. Қайсымызды «балам» деп шатастырып келеді екен дегендей, бір-бірімізге қарадық. Басында тоқыма жүн орамалы бар, үстінде тозған сең-сең жағалы кең сары тон, аяғында қос жамаулы киіз ұлтанды үлкен етікті егде тартқан әйел маған жақындап келіп, бетіме жасаураған көзімен күле тесіліп қарап тұр.

- Шынымен сенбісің, ей! - деп жеңімнен тартып қалды да, сенер-сенбесін білмегендей, тағы да тесіле қарап, - сенбісің? - деді де, жақындап қарсы алдыма тұра қалып: - Құдайға шүкір, - деп ауыр күрсінді. - Демек, сен тірі екенсің ғой, балам!

- Әзірше тірімін, шешей... Сіз мені кіммен шатастырып тұрсыз, шешей?

- Жоқ. Сен мені әлі танымай тұрсың ғой, ә, - деп менің бетіме тағы да қарады. Көзіне көзім түсті. Мөлдіреген қара көзі сәл кінәлі жылт етіп:

- Есіңде ме? Мен сені шапалақпен...

- Есімде, шешей, есімде! - деп күліп жібердім. - Енді таныдым.

- Енді таныдың ғой, ә?

- Таныдым, шешей, таныдым.

- Кешір мені, қарағым, егер кешіре білсең.

- Мені де кешіріңіз, шешей. Менің бұйрығым бойынша өрт салынды емес пе? - Үйлері құрсын, дүниесі де құрсын! Сендерден қалғанын немістер тонал, өртеп кетті. Бәрінен де амандық артық екен, балам. Амандығың жақсы, шырағым!

- Рахмет, шешей. Атыңыз кім?

- Мені жұрт Вика апай дейді.

- Толығынан ше?

- Виктория Александровна.

Қоштасуға ыңғайланып мен қолымды соза бергенімде: - Жоқ, мен сені шығарып, өз қолымнан аттандырам.

Ол орамалын тартып, тонының түймелерін салып, маған жол берді. Сыртқа шығарып салды. Мен ат үстінен қоштасып, шаба жөнелгенімде: - Қош бол, балам! Жаратқан жар болсын! - деп айқайлады әйел.

Мен бұрылып қарасам, Вика апай біздің соңымыздан қолын бұлғап тұр екен...

ЖОРЫҚТА

Қауіпті 1942 жылдың февралі. Біз жорықтамыз. Россияның қатты қысы. Қар қалың-ақ, аңдай ұлып, долдана соққан жел қарды құйындата қуалап, тозаңдата түтеп тұр. Аспанның әлек-шәлегі шығып, айналаның құтырып тұрғанына үш күн болды. Тынар емес, ұйтқып соғып, қардың астан-кестеңін шығара сыпырып, борап тұр. Астымдағы жануар тынысын ала алмай тұншығып, құлағын қайшылап, булыға тәлтіректеп жүріп келеді. Кейде көзін қар тозаңы бітеп, таяғы қолынан түскен соқырдай адасып шайқалақтап, жобалап жүріп, жолдан ауытқи береді. Қалың қарға малтыға омбылап тығылады, сүріне қулап жығылады. тәлтіректеп барып тұрып, қайтадан жолға түседі. Жол тапқан ат тұяғы қатқылға тигенде, мен өз аяғым тигендей сеземін. Сәл тізгінімді босатып, ер үстінде алға икемделе ұмтыламын, түбітті биялаймен аттың көзін сүртемін. Атым қар тозаңын сүзе жарып, ауыздықты тістеп. тізгінімен алыса желе жөнеледі.Алда иықтарын қомдап, жауырындарын сыртқа беріп, шұбай шұбырып келе жатқан жаяулар. Буырқанған боз тозаңның ішінде мұнарлана бозалаң тартқан жауынгерлер легі боран ышқына келіп соққанда тізбегі шайқалақтап, ауытқып барып желмен арпалыса, тырмыса қайта түзеліп кетеді. Жел шекпендерінің мұздаған етегін көтеріп желпілдетеді. Біз жорықтамыз, майданға бет алған жолдамыз, сапарымыздың белгілі түйінді жері алда - алыста. Оған ертең жоқ, бүрсігүні ымырт жабыла жетуіміз өте қажет. Бұйрық солай. Бір аттының қасынан өте беріп: - Қай батальон? - деп айқайлап сұрадым. Оның: - Үшінші, - деген жауабы ұйтқыған жел жұлып үзіп ала жөнелгендей естілді. Келе жатырмыз. Мына табиғаттың құбылысы аяғымызға салынған тұсаудай матап, кере адым создырар емес. Алда нән жайын жанындай сағымдана қарауытып бір мұнар елестейді, ол алдымыздағы қалың орманның қарасыны. Біз келе жатқан жол бойы елсіз алаң, ашық далада соғып тұрған сұрапылдан бізге пана боларлық жер осы алдымыздағы көрінген қалың орман. Таңертеңнен бері сол орманға жетуге ынтық болып келеміз. Бүгін қонып түнейтін жеріміз - соның орталығындағы жыңғыл. Орманның кеші ерте түседі. Қалыңды күн батпай-ақ қараңғы бүркей бастайды. Ашықта қас қарая бастағанда, орман іші ымырт жабылып, түн бүркенеді. Тоғайға енгенде нағашымыздың аулына келгендей болдық. Қалыңның іші жым-жырт, тып-тыныш. Қалың біткен зәулім ағаштар бізге «қалқан» болып, өз панасына қабылдады. Құлақ тыншып, жанымызды шақырып алғандаймыз. Әскерлер үстіндегі қарын қағып, сілкініп түлеген қырандай болып қалды. Орман іші дүбірлеген қимыл, айқайласқан дауыспен жанданды. Боранның уілдеген ызалы сарыны алыстан әлсіреп қайта еміс-еміс естіледі. Ағаш түбіндегі қалың қарды, жауырындай қол күректерімен аршып жіберіп, қазтаңдай жапырақтарды төсеп, жігіттер бестен - ондап шұқырға ығыса орналасып жатыр. Қараңғы орман қайтадан тым-тырыс болып, баласын әлдилеп отырған ақ жаулықты әйелдей қалғып тұр. Анда-санда күзетшілердің бірен-саран дауыстары ғана естіледі. Шаршаған қол суықты елемей шырт ұйқыда жатыр. Орманның таңы асықпай шабан атады. Ашықта күн найза бойы көтерілмей, ормандағы көлеңке жарыққа жеңдірмейді. Таң сәулесі орман ішін бірден нұрландырмайды. Сәскеде ғана қалыңдағы қараңғы сұйылып ыдырап, орман түкпірі бозара бастайды. Таң бізді қарсы алмайды. Таңды біз қарсы аламыз. Біз жорықтамыз. Жол ұзақ алда жатыр. Жорық, соғыс, майдан жағдайында жауынгерлердің ұйқысы бір түнде торт емес, қырық бөлінуі заңды. Мұз төсеніп, қар жамылу - жауынгерліктің атам заманнан қалған сыбағасы. Түнде аттанып, ерте жүрмесек болмайды. Уақыт тар, жағдай қиын. Әлі қап-қараңғы. Таңсәріге жолда ғана жолықпақпыз. «Тұр-тұр» мен «жүр-жүр» бізді «жылы төсектен» қозғап, барар сапарға бет алдырып жолға салған. Қатарланып топтанып, қатқан қарды қарш-қарш басып жолға түстік, қос орнынан қозғалды. Меңіреу орман ағаштары қамыға төмен қарағандай, ақ сәукелесі иіліп, «сапарларың сәтті болсын!» деп қоштасқандай болып томсырайып қозғалмай тұр. Борандатқан таты үш күн. Мұз төсеніп, қар жамылған тағы үш түн... Біз жорықта келеміз. Соңғы түнеген жерде жауынгерлерге ақ киім - халат берілген. Киіммен бірте солтүстіктің «жел маясы» ұшы майысқан пышақтың ұшындай, ұзындығы бір жарым құлаштай, иген шеңбер сияқты, ені бір қарыс шаңғы, ұшында түйе табандай сүзбе шеңберібар екі таяғымен бірге әрқайсымызға ат орнына берілген. Асығып адымдап, желе-жорта жүгіріп, сырғанақ тебе, сырғытып келеміз. Күн жап-жалтыр, ап-ашық. Айнала аппақ қар, көзің шағылысып қаратпайды. Темірдей қарып, жалап тұрған аяз. Бет-ауыздарын үсікке шалдырып алған жігіттер аз емес. Беті мен иегі қарауытып, қызара жараланғандар бесеудің бірі. Біз ат-арбаларды айналма жолмен жіберіп, өзіміз баратын жерге жолсызбен тың қалың қарды баса салт, төтелей тіке тарттық. Аяғымызда қарға батпас «қайық» сырғанақ - шаңғы, қолымызда оның ескегі - таяқ. Әр топтың арасы екі-үш құлашты соза сермеп, лақтыруға жетер жер. Қаз-қатар шағаладай қаптап, қардың бетін сыза тартып келеміз. Шапшаң жүруден денеміз қызып, аязды елер емеспіз. Бұрыш шаңғы теуіп үйренбеген жігіттер алдымен аяғына тұсау салғандай кібіртіктеп, таяқ пен аяқты қалай кезек жұмсауды білмей шатысып, әйтпесе, орасан көп көсіліп жіберіп, шалқасынан жығылып, жарым жолға жеткенше коп азаптанып, кейіннен үйреніп, аяқтанып кетті. Алдағы майдан шеңберіне бір түстік - ақ жер қалды. Күнге шағылысып, аспанда қалықтап үстімізден немістің инелік тәрізді бүкір барлаушы самолеті екі-үш рет орала айналып, кейін қарай өрлей жөнелді. Біраздан соң алыстан ататын, құлашы ұзын зеңбіректің оқтары зуылдай ұшып, асып түсіп, қар тозаңын аспанға құйындай көтеріп, жаңғырыға жарыла бастады. Атымыз шаңғы, қамшымыз - таяқ, «борбайлап» сырғыш, ентелей сызып, алға «желе-жорта» жөнелеміз. Дұшпанның он шақты самолеті біздің үстімізден өтіп барып, орағыта бұрылып, қайта келіп бізді дәлдеп, құйыла төніп, құмалақтай бастады. Келе жатқан бойымызда қарға құлай - құлай кеттік. Ыңырсып, ызылдаған майда бомбалар жерге түскенде бақылдай жарылып, қарды будақтата қопарып көтерді. Біз қарға көміле бұғып жатырмыз. Шүкір, дұшпанның бірінші «сәлемдемесінен» жоқ. Асығып-аптығып келе жатқан «аулымыздың» алыстан қарсы алуы осылай болды.

МАЙДАН ШЕБІНДЕ

Февральдың екішні жаңасы. Майданның жиегіне топтарымыз азанда келіп жеткен кез. Арттағылар кеш бата жетер. Майданды бұзып өтуге даярламақ. Біздің полктың сыбағасына Ново - Свинухово қыстағындағы жаудың жатағы тиді. Барлаушылар неміс жатағының «ауыл сыртын» шолып, болжап алып келген ақпарына қарағанда, жау қыстақты қоршап ор қазып, әр үйдің астын үңгірлей ін қазып, шиырлана мығым бекінген. Қолға анық - қанық дерек айтарлық «тіл» түсіре алмадық. Қолдағы мәлімет шын болсын, теріс болсын барлаушылардың алып келген ақпарлары ғана... Түн ортасы ауған мезгіл. Мен алдағы батальонның командирі - капитан Гундиловичпен қатар жүріп келемін. Осы жорықта бірінші рет кірісетін ұрыс дәл бүгін, біраз уақыттан кейін басталмақ. Сол үшін келеміз. Оның басынан аяғына дейін өзім қатысып, бас-көз болып атқаруды осы жолы айрықша міндетім деп білген едім. Оған мені тербете түрткен мынандай жағдайлар еді. Майданда кей кезде тар жағдай танауын қусыра тиіп, ретін тапса іремей сояды. Осы сапарда сондай жайға кез болдық. Әлі алды-артымыз жиналмай жатып, жорықта келе жатқан бойымызша тіп-тікеден ұрысқа кірістік. Топтана күш жинап, қомдана тиюдің орнына біз жүріп келе жатқан бойымызша қолда бармен кіріспек болдық. Солдаттардың көбі бұрын соғыста болып шынықпаған, олардың көбі жақында ғана елден келген ылғи жасөспірім бала жігіттер еді. Бұрын өмірінде қан көріп, жан тәсілім қасында болмағандар. Олар жауынгерлік қанатын бүгін бірінші рет жаймақ қанды майданды аттап, адымдарынбаспақ. Өлім мен өмірдің арпалыса жанталасып, бетпе-бет, жекпе-жек шыққанына кездеспек... Қорықпайтын пенде болмайды. Жандының бәрі де сескенеді. Өлім кімнің денесін түршіктірмейді? Ажал мен азаптан қобалжи қорқу айып емес. Тірі жанға арын ардақтап ұстай білмегендік айып. «Жаным арымның садағасы» деген сөз бұрынғыдан қалған. Анадан ешкім батыл да болып тумайды. Машықтана қалыптанып, сын өткелдерден тәжірибеленіп аяқтанады, буындары қатады, ширайды. Бірінші рет соғысқа ену, оңай емес, кімнің болса да алғашқы кезде жүрегі дауаламай соғып, денесі тітіркене сескенеді. Қорқыныш сезімін тез жеңу, әркімнің қолынан келе бермейді. Елдің барлығы бірдей салмақты, сабырлы емес. Көзі жоқ көкжал, жүректі жойқын жолбарыс, айбатты алғырт арыстандай ер, анадан туа батыр болмайды. Тәрбие мен тәртіп, тар жолда тәжірибеден тарыға сабақ алып, қысылтаяң жағдайдың қыспағында болып, шегіне барып шеңгелден құтылып, ашына алға ұмтылып, арпалыста айқасып алып ұрып, көптен көріп, көптен оқып барып батыр болады. Оны өмір ұршықтай иіріп, шылбырдай ширатып, терідей илеп, иін қандырып барып, батыл, батыр деген атаққа ие етеді. Ерлік ер басына жүре бітетін қасиет. Атаққа ілінудің жолы - алыс жол. Атақ туы - ардақты ар. Ар, намыс анасы - тәрбие. Тәрбие - «жаным арымның садағасы» дегеніміздің айғағы. Күресте күш шынығып, арпалыста - арбаудан өтіп барып, айла мен айбындылық пайда болады. Бірінші соғыс - жас жауынгерлерге үлкен сын. Өміріндегі өте қатерлі жағдай, жас баланың тұсауын кескендей, бірінші соғысқа жас жауынгерлерді абайлап салу керек. Оларға барлық жағдайды тудырып, жауды желкелете отырып, жеңіске жеткізудің болашақта қалдыратын әсері мол. Егерде жас жауынгер бірінші соғыста жаудан таяқ жеп беті қайтса, екінші айқаста жасқаншақ болып қалуы ықтимал. Әрине, соғыста өне бойы бет алыстың барлығы сәтті бола бермейді. Әрқашан жеңе бермейсің, бірде жығылып, бірде жығу заңды. дұшпанның орайына келген ісі аз болмайды. Tic қаққан жауынгерлер жеңілсе ашына, ызаланып, кектене күреседі. Жаудан өшін алмай оның жаны тыншымайды. Мені толқытып келе жатқан осындай ойлар еді. Алдымыздағы жау жатқан қыстақ атшаптырым жерде, мұнарлана қарауытып тур. Роталар түнді бүркеніп, нұсқаған жаққа жасырына бұғып тарап кетті.

Әрқайсысы аяқ ұшымен басып, дұшпанға сездірмей, жау жатағын іргелей орналасып, шабуылға бұйрық болғанша, тым-тырыс тап беруге даярланып, қарға сұңғи, жау бағытын бақылап жатулары керек. Біздің заманда соғыстың әдісі «алыспақ бар да, атыспақ жоқ емес». Ол атам замандағы «жекпе-жектің» заңы. Бұл кезде - «көз жеткенге оқ жеткіз». Алдымен зеңбірек оқтарын дұшпанның ордасына жаудырып атқылап, бомбалап күлін көкке ұшырып, әлек-шәлегін шығарып, дұшпанның дегбірін қашырып барып тиіс деген ереже. Жаудың да бізге істейтіні сол. Дұшпан жатағын шабуыл алдында илеп иін қандырар зеңбіректер қарға малтығып артта қалып қойды. Қолда бары - кішкене қол шанаға тиеп алып келген сегіз минометтер ғана. Минометтердің командирі орта бойлы, үлпершек, қызыл шырайлы жас капитан Рассохин деген жігіт екеуміз орманның шыға беріс шетінде тұрмыз. Батальон командирі аласа бойлы, тапал денелі, күлімсіреген жасыл көзді, отыздан асқан сары жігіт, капитан Гундилович сырғанап жақындап келіп, сыбырлап: - Жолдас полк командирі! Барлық топтар әрқайсысы өз бет алыстарына ыңғайлана орналасып болды, - деп баяндады.

- Қалай соқпақсыз? - деп сұрадым одан.

- Екі ротаны - екі бүйірінен, бір рота тіке маңдайдан, - деді ол тағы сыбырлап.

- Дұрыс, - дедім оған, сөйтіп Рассохинға қыстақты нұсқай көрсетіп.

- Ал сіз мынаның иін қандыруға жарайсыз ба? - деп сұрадым.

- Әр минометке елу-алпыстан миналарымыз бар. Соларды төгіп көрейін... Қайдам, жетер ме екен, - деп күмәндана сөйледі.

- Барымен базар, уақыт аз, солдаттардың қар үстінде жүректері дүрсілдей соғып жатқан болар, тезірек болса, - деді Гундилович.

- Я, уақыт аз, таң бозарып атып келеді. Не болса да, күн шықпай ойпаң-тойпаң ету керек. Алдымен сөз сізге беріледі, - дедім мен Рассохинға.

Түйе мойнақтан істеген күбідей сегіз минометтер кеңірдегін сорайтып жау тұсына қарай табалдырығына жантая тіреліп, қаз-қатар орналастырылды. Рассохинның командасы бойынша минометшілер жалма-жан қимылдап, қыстақты дәлдеп көздей бастады... Оқтаушы солдаттар әр минометтің ауызша асқабақтай дөңкиген ауыр миналарды көтере тіреп тұра қалды.

- Ат! - дегенде оқтаушылар минаны тастап жіберіп, тез шегініп қалды. Сегіз миномет бірден гүрс ете түсті. Сегіз мина бірден ыңырана зулай ұшып, қыстаққа қарай жарыса жөнелді. Гундилович қуланған дауыспен оларға: - Жолдарың болсын, қатар ұшқан қабақтар, - деп күлді. Минометчиктер қызу қимылдап, шапшаң атқылауға кірісті. Миналар кезек-кезек қыстақтың әр шетіне түсіп, жарқ-жұрқ етіп тарсылдай, жаңғырта жарылым жатыр. Бір кезеңде сегіз мина бірден жарылып жарқ ете қалған да көшеде аласұрып жүрген немістерді көріп қалып: - Дұрыс, азаматым. Сенің «қабақтарыңның» салып жатқан ойранын солдаттар да көрігі жатқан болар. Дұрыс! - деді Гундилович Рассохинға. Көздеген үш нысанамыз - қыстақтың арғы шеті мен бергі шеті және дәл орталығы, кезек- кезек тиісті сыбағаларын алып жатыр. - Жүз жетпіс екі мина атылды, деп баяндады Рассохин.

- Жарайды, енді тоқтат, - деп бұйырдым. Гундилович аспанға өрлей аққан жұлдыздай қызыл ракета жіберді. Ол белгіні көре салысымен автоматтарын безілдете, айналаны «уралай» ұрандап, миналы бері қарға көміліп, жүректері дүрсілдеп жатқан жауынгерлер орындарынан тура қыстаққа шабуыл сала жөнелді. Көріп турмыз, бет алыстары жаман емес, адымдары ширақы, екпінді, қарқындап қаптап барады...

Таң атып, күн көзі көрініп қалған мезгіл. Жарық. Қыстақ та ұйқы-тұйқы болып жатыр. Ордан орға секіріп, үйден үйге жүгіріп ұрыс қызуында жүрген солдаттар. Мен көшеде келемін, жауынгерлер дұшпанның орын, жертөлелерін, қыстақ үйлерін тінте соғысып жүр. Айнала атыс. Дұшпан қыстақтың арғы шетіне сырғи-сырғи барып бекініп, бізге қасара қарсылық көрсетіп, оқ жаудырып жатыр. Біз иемденген қыстақтың жартысында, ой - шұқырға, үйлердің босағасына тығылып жатқан немістер аз көрінбейді.Біздің бір топ солдаттар үйлердің босағаларын паналай жата қалып, немістермен басекелесе, атқыласа бастады. Соны пайдаланып, мойын бура алмай алдына қарап жатқан жау бекінісіне екі тобымыз ұрандап, атқылап, бүйірден соқты. Шыдай алмастан немістер дүркіреп қыстақты тастап, үрке жөнелді. Тым-тырақай безіп барады. Біздің солдаттар өкшелей қуып, соңынан қалар емес. Атып барады. Оқ жеткендері қалпақтай ұшып, қулаған жерінде тура алмай қалып жатыр. Кейбіреулер анық құтылмасына көзі жетіп, жан сауға сұрап, сүмірейіп қолдарын көтере бастады. Біраздары құтылып та кетті. Мен көшеде келе жатырмын. Кей үйлер, жүк тиелген немістің кейбір машиналары лаулап өртеніп жатыр. Лапылдаған жалын ыстық лебімен қарды жалап ерітіп барады. Дұшпан солдаттарының өлігінсіз үй босағалары жоқ. Біздің жігіттерден де ажал жеткен жерінде қалып жатқандары бар. Айнала жатқан өлік. Жарағын серт ұстап, аласұрып жүгіріп жүрген біздің солдаттар. Әp жерде атыс-айқай, соғыстың ың-жың үні. Құлақшындарының құлағын едірейтіп, біздің екі қара домалақ солдат үріккен танадай бір қорадан ыршып шығып екеуі екі жаққа қарай жүгіре жөнелді. Бір нәрсені ұмытып қалғандай біреуі шұғыл тура қалып, бұрыла қарап: - Ай, Жұмажан! - деп жолдасына айқайлап. - Әлгі немісше «тоқта, қолыңды көтер!» дегенді не деп айтушы еді? - деп сұрады. Жұмажан оны естімей, бет алысынан бұрылмай жүгіріп барады. Бұдан бір жұма бұрын немістің бірнеше сөздерін солдаттарға үйретіп едік. Міне, бүгін соның нәтижесі. Жігіттің түріне қарай күліп: - «һалт! һенде хох!» дейді, - деп Жұмажанның орнына оған мен жауап қаттым. Ол бет алысына қарай жүгіре жөнелді...

Роман Әдеби KZ порталынан алынды

Жалғасы бар