Мосулды тастап кеткен жергілікті тұрғындар саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирак әскері Мосул қаласын азат ету операциясын бастағалы бері шаһардан амалсыз көшкен тұрғындар саны күрт артты. Бұл туралы Халықаралық көші-қон ұйымы мәлімдеді, деп жазады «Хабар 24».

Деректерге қарағанда өткен жылдың қазан айынан бері Мосулды 300 мыңнан астам адам тастап кеткен. Ал осы қала орналасқан Найнава провинциясынан 280 мың тұрғын бас сауғалаған. Өйткені Мосулды бейресми астанамсыз деп жариялаған лаңкестер үкімет әскеріне тегеурінді тойтарыс беріп, бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде жиі пайдаланады.

Еске сала кетейік, Ирак жауынгерлері Мосулды азат етуге өткен жылдың қазанында кірісті. Бүгінде содырлар шаһардың тек 30 пайызын ғана уысында ұстап отыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда қақтығыс кезінде билік жасағының соққысынан Әбу Мухаджир әр-Руси деген лақап атпен танылған содырлардың қолбасшысы қаза тапты. Ирак федералды полциясының мәліметі бойынша онымен бірге тағы 6 лаңкес оққа ұшқан.