Мотоцикл жүргізушісін жолаушылар лапылдай жанған жалынның ішінен алып шықты

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қытайда жол-көлік оқиғасының куәгерлері асқан жылдамдықпен жүк көлігіндегі бензин багына соғылып, отқа оранған мотоциклден жүргізушіні құтқарып қалды.

Жол апаты 6 мамыр күні Цзянси провинциясы Наньчан қаласындағы көшелердің бірінде орын алды. Жылдамдықты шамадан тыс  арттырған Чень есімді мотоцикл жүргізушісі, қиылысқа бұрылған жүк машинасына соғылған. Небәрі бір секундтың ішінде екі көлік құралы да отқа оранып үлгерген. Оқиға желісі сыртқы бақылау камераларына түсіп қалған.

Асфальт бойындағы мотоцикл жүргізушісін өтіп бара жатқан екі жолаушы лапылдай жанған жалынның ішінен алып шықты. Ер азаматты құтқару ісіне жанып жатқан көліктен атып шыққан жүк көлігінің жүргізушісі де араласты. Өрт тек қырық минуттан кейін ғана сөндірілді.