«Motor-Roller» тобы қазақ-голливуд фильміне саундтрек жазды

None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Motor-Roller» тобы қазақ режиссері Саламат Мұхаммед-Әли түсірген фильмге музыкалық композиция жазды, деп хабарлайды Меломан порталы.

Бірер күн бұрын рок әншілер Лондоннан оралды. Фильмнің әні Ұлыбритания астанасындағы студиялардың бірінде жазылған болатын.

«Маған Саламат Мұхаммед-Әлиден «Бүкіл әлем сіздің аяғыңыздың астында» атты фильмге екі ән мен төрт музыкалық аспаптық топтама жазу жөнінде ұсыныс келіп түсті. Ол бұның алдында біздің Чинзана атты әніміздің клипін көрген екен. Оған материалды беру стилі мен орындау жанры қатты ұнапты. Өз фильміне біздің шығармашылық жақын екендігін сонда сезген болса керек. Басында мені күмән сезімі жаулап алды, алайда сценарийді оқығаннан соң, менің шабытым ашылды, образдар пайда болып, жұмысым алға басты», - дейді топ жетекшісі Ілияс Аутов.     

Музыканы жазуға Ілиясқа 2 ай уақыт кеткен. Ал дайын материалды жазуға 5 күн жұмсалған. Оны жазу үшін Кент графтығының аумағында орналасқан Ten 21 Recording Studios студиясы жалға алынды.

«Біз тіпті үзіліссіз жұмыс істедік. Тек қысқа уақытқа созылатын түскі асқа ғана қол үзіп отырдық. Бірақ бұл бағалауға тұрарлық еңбек болды», - дейді Аутов.

Музыканы жазуға қазіргі заманның ең танымал саксофоншысы, Пол Маккартнимен, Эрик Клэптонмен, Том Джонсмен, Тина Тернермен, Jamiroquai тобымен бір сахнада өнер көрсеткен Гарри Барнакл қатысты.

«Бұл өте пайдалы тәжірибе болды. Ол менің музыка түсінігімді жаңа деңгейге көтерді», - деп еске алады ол.

Гангстерлік мелодрамасының премьерасы әлі белгісіз. Ол қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде прокатқа шықпақ. Оның продюсерлерінің бірі, фильмде рөлдердің бірін сомдаған атақты Голливуд жұлдызы Арманд Ассанте болып отыр. Сонымен қатар киноға Кэри-Хироюки Тагава, Майкл Мэдсен, Боло Йенг, Питер О,Тул сынды танымал голливуд актерлері түскен.