Мо Янь Астананы «Орталық Азияның меруерті» деп атады

АСТАНА. KAZINFORM — Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янь маусым айында Қазақстанға шығармашылық сапармен келіп қайтқан еді. Кеше қытайлық TideNews платформасы жазушының Астана сапарында түсірген фотосуреттері мен соңғы каллиграфиялық туындыларын жариялады.

Фото: Қарлыбай Бақдәулет

Белгілі болғандай, Мо Яньның Қазақстанға сапары Қазақстан Жазушылар одағының ресми шақыруымен «Қазақстан-Қытай мәдениет жылы» бастамасының аясында ұйымдастырылған әдеби-мәдени іс-шаралардың бір бөлігі ретінде іске асырылған.

Жазушының сапар кезінде түсірген фотосуреттері, сапардан кейін Астана мен қазақ сөз өнерінің құрметіне арнаған каллиграфиялық туындылары 4 қыркүйекте TideNews ақпараттық платформасында «Яобянь» айдарымен жарияланды. Бұл айдар — жазушы Мо Янь мен каллиграф Ван Чжэнь бірлесіп жүргізетін өнер жобасының арнайы парақшасы. Онда негізінен жеке шығармашылық сапарлар мен өнер туындылары туралы жазбалар жарияланады.

Астанаға сапары кезінде Мо Янь қаланың бірқатар көрікті жерін суретке түсірген. Осы ретте Бәйтерек, NURBANK және «Нұр-Әлем» болашақ музейі қытайлық жазушының камерасына ілінген.

Фото: TideNews

Жазушы бас шаһарға арнап қытай иероглифтерімен «Астана — Орталық Азияның меруерті» деп жазылған каллиграфиялық туынды жасаған. Қолжазбаға «Қыжыл Жылқы жылының бесінші айы, Қазақстанның жаңа байтағы Астанаға сапар» деген түсініктеме жазып, қолын қойған.

Белгілі болғандай, Мо Янь осы сапарында қытайлық жеті буынды классикалық өлең үлгісімен «Жаңа астана — теріскей аймақ» атты өлең жазған.

Фото: TideNews

Өлеңде Арқа төсіндегі Астананың елорда ретінде қалыптасуы мен қаланың қарқынды дамуы суреттеледі:
Мо Яньның бұл өлеңі ресми кездесу орайында туған жай арнау емес, Астананың сәулеті мен Арқаның келбетіне көзі тойған қаламгердің жүрегін жарып шыққан шынайы ықыласының куәсі.

Фото: TideNews

Астанада өткен кездесуде, Мо Янь «Қазақ әдебиетін жеткілікті деңгейде оқымағаным үшін кешірім сұраймын. Оған себептер де бар. Өйткені, қытай тіліне аударылған қазақ әдебиеті үлгілері өте аз. Осы сапардан қайтқаннан кейін, қазақ жазушыларының қытай тіліне аударылған шығармаларын іздеп тауып, танысамын» деген еді

Нобельдің иегері уәдесінде тұрған сияқты, осы ретте қытайлық жазушы Абай Құнанбайұлының «Дүние — үлкен көл, Заман — соққан жел. Алдыңғы толқын — ағалар, Артқы толқын — інілер» және «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманды жаман күйлемек, Замана оны илемек» деген өлең жолдарының қытайша аудармасын оқырмандарына каллиграфия ретінде ұсынады. 

Фото: TideNews

Сондай-ақ, Мо Янь қазақтың «Ердің көркі — пырақ, көлдің көркі — құрақ» деген мақалының қытайша нұсқасын да көркем каллиграфияға түсірген. Туындыға «Қызыл Жылқы жылының жетінші айының жетінші күні» деп қол қойған, бұл 2026 жылғы 20 тамызға сәйкес келеді.

Демек, қытайлық жазушы Астана сапарынан алған әсерінен көпке дейін айыға алмай жүрген секілді.

Фото: TideNews

Жазушының Астанаға арналған өлеңі мен хұснихаты және Абай шығармаларын қолымен көшіріп, көпке ұсынуы қазақ-қытай халықтары арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды нығайтып, өзара түсіністікті тереңдете түсері даусыз.

Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі шын мәнінде жан-жақты сипат алып отырғанын айтқан болатын.