Мойынты – Қызылжар теміржол желісіндегі жолдардың түйісуі аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM - Мойынты – Қызылжар желісінің құрылысында теміржол жолдарының түйісуі аяқталды. Бұл – Қазақстандағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін жүзеге асырудағы маңызды кезең, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп келеді және еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, халықаралық көлік бағыттарын кеңейтуге және экспорттық тасымалдар көлемін арттыруға бағытталған.

Фото: Үкімет

Жаңа теміржол желісінің құрылысы жоғары қарқынмен және бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Бүгінде нысанда 2 мыңға жуық маман және 700-ден астам техника жұмылдырылған.

Жұмыстарды орындау барысында күрделі учаскелердегі құрылыс процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешімдер қолданылып жатыр.

Фото: Үкімет

Атап айтқанда, көпір құрылыстарында теміржол жолы айналма желілерді қолдану арқылы төселуде. Бұл тәсіл жұмыстардың үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімдерді сақтауға мүмкіндік береді.

Ұзындығы 323,3 шақырым болатын жаңа теміржол желісі Ұлытау және Қарағанды облыстарының аумағы арқылы өтеді. Пайдалануға берілгеннен кейін ол Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліздің) маңызды буынына айналып, өңірлердің көлік байланысын нығайтып, жүк тасымалының тиімділігін арттырады деп күтіліп отыр.

Фото: Үкімет

-Өз кезегінде, жобаны жүзеге асыру жүк тасымалы бағытын 149 шақырымға қысқартуға, Мойынты – Жарық теміржол учаскесіне түсетін жүктемені азайтуға, контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыруға және жүк пен транзиттік тасымалдардың өткізу қабілетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бекітілген кестеге сәйкес, теміржол желісін пайдалануға беру осы жылға жоспарланған,-делінген хабарламада.

Осыған дейін «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісі несімен тиімді екенін жаздық.