«Мойнақ ГЭС-інің» құрылысы экологиялық заңнамаларды бұзып отыр деуге еш негіз жоқ - «KEGOC» вице-президенті

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «KEGOC» АҚ Алматы облысындағы Шарын өзенінде салынып жатқан «Мойнақ» су электр стансысына қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, кейбір басылымдар мен интернет беттеріндегі «жоба құрылысы экологиялық заңнамаларды бұзып отыр» деген мәлімдемелерді теріске шығарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «KEGOC» АҚ-ның вице-президенті Бақытжан Қажиевтың атап көрсеткеніндей, «Мойнақ ГЭС қуатын беру» жобасының құрылысы туралы Үкімет қаулысы 2005 жылғы қарашаның 21-інде шықты. 2006-2007 жылдары энергокомпаниялармен бірлесіп, «Мойнақты» біртұтас электр желісіне қосу жобасы әзірленіп, оның құрылысы басталды (бастапқы құрылысы 1990 жылдары басталған болатын). Бірақ жуырда интернет және баспасөз беттерінде «Жасыл құтқару» қоғамдық бірлестігінің: «Стансының жоғары кернеулі электр желілері (220 кВ) тартылатын жолдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басып өтеді және экологиялық заңнамаларды бұзады», деген мәлімдемелері жарық көрген. Бұған түсініктеме берген «KEGOC» АҚ басшылары, «Мойнақ» ГЭС-інің» жоғары кернеулі желілері тартылатын бағдар бүгінгі күнге дейін әлі анықталмағанын және бұл мәселемен компанияның тапсырысымен мамандандырылған ұйымдар айналысып жатқандығын жеткізді. «Сондықтан нақты бағдар анықталмай тұрып, алдын ала дау тудыруға еш негіз жоқ. Ал қоғамдық бірлестіктің айыптаулары компанияның іскерлік беделіне нұсқан келтірумен қатар, экономикалық зардабын да тигізуі ықтимал», - дейді Б.Қажиев. Сол себепті компания басшылығы, аталмыш қоғамдық бірлестік бұдан кейін де бұл мәселеге қатысты қандай да бір жалған мәлімдемелерді тарататын болса, олардың үстінен сотқа шағымдануға мәжбүр болатындарын қадап айтты.