Мойнақ су электр стансасы аумағында бірде-бір сейсмикалық мекеме жоқ - Т. Абақанов

АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - 1889 жылғы әйгілі Шелек жер сілкінісі ошағында  болған зілзала алғашқы деректер бойынша тектоникалық табиғи сипатта болды.

Бұл туралы Сейсмикалық институттың директоры Таңатқан Абақанов бүгін Алматыда өткізген  баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Жер сілкінісінен кейін 20 минут өткен соң ахуалды талдау үшін орталық сейсмикалық обсерваторияда төтенше жиналыс өткіздік. Зілзала ошағынан 20 шақырым жерде Бартоғай су қоймасы және одан біршама алысырақта «Мойнақ» су электр стансасы бар. Бұл жер сілкінісі бедерсіз. Қазір оған аталмыш аймақтағы су қоймаларының әсері зерттелуде», - дейді Т. Абақанов. Оның айтуынша, «Мойнақ» су электр стансасы аумағында бірде-бір сейсмикалық бекет жоқ. Ереже бойынша мұндай маңызды нысандар сейсмикалық мониторингпен қамтылуы тиіс.