ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев Наурыз мейрамы қарсаңында өткен гарнизондық жиында ҚР ішкі істер министрінің атынан келген құттықтау телеграммасын оқып, заңдылық пен құқықтық тәртіп саласында аянбай тер төгіп жүрген сақшыларға алғысын жеткізді. Өз сөзінде ол полицейлердің алдағы уақытта да облыс азаматтарының қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ете отырып, қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенім білдірді.
«Сонымен қатар салтанатты шара барысында еңбегі ерен полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. ШҚО ПД бастығы Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Әбдолдановқа «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарын табыс етті», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетсек, 8 ақпанға қараған түні Өскемен қалалық Полиция басқармасының патрульдік полицейлері көпқабатты үйлердің біріндегі тыныштықтың бұзылуы туралы шақырту алған болатын. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер ішімдік ішіп, қатты сөйлеп тұрған екі ер адамды көрді. Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Әбдолданов оларға тәртіпті бұзғандарын түсіндіріп, шу шығармауды өтінген. Осы уақытта ер адамның бірі Н.Кәкеевтің мойнын пышақпен жаралап, қаша жөнелді. Соған қарамастан полиция қызметкерлері қуғынға түсіп, тәртіп бұзушыны қолға түсірген.