Мозамбикте футболшы қолтырауынның жемтігіне айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мозамбиктің жас футболшысы Эстевао Альберто Жино қолтырауынның құрбаны болды.

Бұл туралы ол ойнаған «Атлетико Минейро де Тет» клубының Facebookтегі  ресми сайтында жазылды.

«Біз  ойыншымыз, досымыз, қорғанысымыздың мықты буыны, футболдағы  болашағы жарқын, небәрі 19 жастағы Эстевао Альберто Жиноның өліміне  қатты қайғырудамыз. Кеше ол Замбези өзені жағалауында қолтырауынның құрбанына айналды»,-делінген хабарламада.

  Клубтың менеджері Эди Карвальоның сөзін келтірген 101greatgoals.com порталының жазуынша, қолтырауын өзеннен атып шығып ойыншыны тістеген күйі суға алып кеткен. Сол кезде қатты айқайды естіген жанындағы екі досы қатты қорыққандықтан ешнәрсе істей алмаған. Қолтырауынның ұзындығы бес метрден асады.