MTV Video Music Awards 2026: BTS үш, ал Мадонна 7 марапатқа ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — MTV Video Music Awards 2026 марапаттау рәсімінде BTS тобы үш жүлдеге ие болды. Алайда музыканттар салтанатты шараға қатыса алмады. BLACKPINK тобының мүшесі Лиса «Үздік поп орындаушы» аталымында жеңіске жетсе, Мадонна бірден 7 марапатқа ие болды, деп жазады Yonhap.

Фото: Yonhap

Марапаттау рәсімі Лос-Анджелестегі Peacock театрында өтті. Мадонна кештің басты жүлдегері атанып, 7 марапат алды. Олардың қатарында «Жыл әртісі», Сабрина Карпентермен бірге орындаған «Bring Your Love» әні үшін «Үздік бірлескен жұмыс», «Үздік би» жүлделері, сондай-ақ үздік альбом, операторлық жұмыс, хореография және толықметражды бейнебаян үшін берілген марапаттар бар.

Фото: mtv.com

BTS үш негізгі марапатқа ие болды

BTS үш аталым бойынша ұсынылып, үшеуінде де жеңіске жетті. Топ «Arirang» атты бесінші студиялық альбомына енген «Swim» әні үшін «Жыл әні» және «Үздік K-pop» марапаттарын алды. Сонымен қатар топ «Үздік топ» атанды.

«Жыл әні» аталымында BTS Netflix-тің «K-pop: Жын аулаушылар» мультфильміндегі «Golden» әнін, Мадонна мен Сабрина Карпентердің «Bring Your Love» композициясын және Элла Лэнглидің «Choosin' Texas» әнін басып озды. Бұл BTS-тің «Жыл әні» аталымындағы алғашқы жеңісі болды.

BTS мүшелері тығыз жұмыс кестесіне байланысты марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Жүлделерді алғаннан кейін топ ARMY фанаттарына алғысын білдіріп, «Arirang» альбомының жетістігін жаңа бастаманың символы деп атады.

— Біз басты марапат — «Жыл әні» аталымындағы «Swim» жүлдесін музыкамызды жақсы көретін барлық жанкүйерлеріміздің арқасында алдық деп есептейміз. Жеті адамнан құралған топ ретінде сіздерге бұдан да тамаша музыка мен өнерімізді ұсына береміз, — деді топ мүшелері.

BTS «Үздік топ» аталымында бесінші рет жеңіске жетті. Бұған дейін топ 2019 жылдан 2022 жылға дейін 4 жыл қатарынан осы марапатқа ие болған. Ал «Үздік K-pop» аталымында BTS төртінші рет жеңіске жетті.

BLACKPINK мүшесі Лиса «Dream» әні үшін марапат алды

BLACKPINK тобының мүшесі Лиса жапон актері Кэнтаро Сакагутидің жазған «Dream» әні үшін «Үздік поп орындаушы» аталымында жеңіске жетті. Бұл аталымда ол Ариана Гранде, Charli XCX, Оливия Родриго, Сабрина Карпентер, Тейт Макрей және Тейлор Свифтпен бірге бақ сынады.

Фото: mtv.com

Лиса MTV VMAs тарихында осы аталымда жеңіске жеткен алғашқы азиялық жеке орындаушы атанды. Бұл оның марапаттау рәсіміндегі төртінші жеңісі. Бұған дейін ол 2022, 2024 және 2025 жылдары «Үздік K-pop» аталымында үш рет жеңіске жеткен.

Марапаттау рәсімінде Лиса «SaWaDiKa» атты жаңа әнін де орындады.

Жүлдені алған кезде әнші MTV-ге және өзі «Лили» деп атайтын жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

BLACKPINK тобының тағы бір мүшесі Дженни, Cortis бойз-бэнді және Katseye герл-бэнді де биылғы VMAs марапатына ұсынылды. Алайда олар жүлдеге ие бола алмады.

Өткен жылы BLACKPINK мүшесі Розе «Жыл әні» аталымында жеңіске жеткен алғашқы K-pop орындаушысы атанды. Ол Бруно Марспен бірге жазған «APT» синглі үшін марапатталған.

Айта кетейік, биыл BTS «Грэмми» сыйлығына қатысудан бас тартқан болатын.