Mudarabah Capital: сот вайнерлер ісі туралы егжей-тегжейлі айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда атышулы Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмалы аудандық сотында қылмыстық топтың аса ірі мөлшерде ақша мен мүлікті тарта отырып, қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша 12 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Сот айыпкер К. 2019 жылы «Astex.kz» ЖШС-н ашқанын және оны қылмыстық топтың мүшелері ағайынды М. және Е.-ге рәсімдеп, директоры етіп Р.-ны тағайындағанын анықтады. Аталған тұлғалар салымшыларды тартумен айналысқан. Олар ақшалай қаражатты қабылдап, сондай-ақ енгізілген салым сомасының 10%-ын жаңа салымшыларды тартқан тұлғаларды көтермелеу үшін қолдану мақсатында бонустық бағдарламаны енгізген.
Бұл ретте салымшыларға салымдар бойынша дивидендтер ала және бөле отырып, олардың тендерлік жобаларға бағытталатыны туралы жалған ақпарат берілген. Мұның орнына түскен ақшалай қаражат алынып, айыпкерлердің жеке шоттарына аударылған. Ал жәбірленушілердің салым ретінде ұсынылған мүліктері «Astex.kz» ЖШС-нің есепшотына ақша енгізбестен сатылып отырған», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметінен.
Осылайша, жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде – 867,5 млн теңге сомасында материалдық залал келтірілді.
«Бұдан кейін айыпкер К. салымшы тартудың төмен деңгейіне қанағаттанбай, желілік маркетинг саласында тәжірибесі бар адамдарды қылмыстық әрекетке қатыстыру туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол желілік компанияларды дамыту дағдысына ие О.-мен (іздеуде) қылмыстық келісім орнатқан. Нәтижесінде 2020 жылдың ортасында «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС атты жаңа пирамида құрылды. Ол Ислам қағидаларына сәйкес келетін қаржы (инвестициялық) институты ретінде таныстырылып, жәбірленушілердің осы жоба сенімді деген жалған түсінігін қалыптастырған.
«MUDARABAH CAPITAL» ЖШС құрылтайшыларының құрамына осы ЖШС-да әрбірінің 11-11,5% үлесі бар түрлі қылмыстық рөлдер берілген айыпкер Б., У., Ч., К., Ж., С. кірген. Сондай-ақ компанияның жұмысын насихаттау, үгіттеу, әлеуметтік желілердегі өз парақшаларында ЖШС жарнамасын жүргізу рөлдері берілген айыпкер Ш. және Т. да тартылған», - деп атап өтті соттың баспасөз қызметінен.
Осы қаржы пирамидасы қызметінің нәтижесінде жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде – 1 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілді. Сотта айыпталушылар кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұраған. Мемлекеттік айыптаушы соттан оларды 5-12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот үкімі бойынша 10 сотталушы ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысқаны, қаржы (инвестициялық) пирамида құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Айыпкер Т. және Ш. қаржы пирамидасын басқарғаны үшін кінәлі деп танылды және оларға қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жазаны тағайындау кезінде кейбір сотталушылардың жас балаларының болуы жеңілдететін жағдай ретінде қарастырылды. Сондай-ақ сот жәбірленушілердің 1 861 752 441 теңгеден астам соманы қамтитын азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.