«Мұғалім мәртебелі мамандық болады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 26 тамыз, жұма күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Достық пен іскерлік үйлесімі» атты мақала жарық көрді. Аталмыш мақалаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бакпен кездесуінде көтерілген мәселелер туралы баяндалады. Жиын барысында мемлекеттердің екіжақты тауар айналымы 2010 жылы 50,3 пайызға артып, 760,1 млн. АҚШ долларына жеткендігі айтылады. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы тауар айналымы 396,3 млн. дол­лар болды. Соның ішінде экс­порт - 125,3 млн., ал импорт - 271 млн. доллар. Қазақ­стан­дық экспорттың негізгі түрлеріне ферроқорытпа, құрыш пен темір прокаттары, алтын, мыс, күміс, уран жатады. Ал Кореядан негізінен электроника мен мәшине жасау өнімдері мен құралдары алынады. Статисти­ка­лық мәліметтерге қарағанда, 1993 жылдан бастап есептегендегі Оңтүстік Кореяның Қа­зақ­стан экономикасына салған инвестиция көлемі 4 млрд. дол­лар­ға жуық қаржыны құрайды. Ал Кореяға құйылған қазақстандық инвестиция көлемі - 66,8 миллион доллар.

Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтың «Ата заң және мемлекеттік қызмет» атты мақаласы басылды. Онда мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі көптеген мемлекеттерді қызық­тыратындығы айтылады. «Соның бір дәлелі - Ресей Үкіме­тінің мемлекеттік басқару саласындағы негізгі жоғары оқу орындары 2009 жылы әзірлеп шығарған «Мемлекеттік қызмет» оқулығында әлемдегі 9 мемлекет қана мысалға келтірілген. Осы 9 мемлекеттің арасында Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Қазақстан және Қытайға ғана жеке тараулар арналған. Яғни, Қазақ­станның мемлекеттік қызмет жүйесі мен осы саладағы тәжірибесі алпауыт мемлекеттер тәжірибесімен қатар Ресей оқу орындарында озық үлгі ретінде зерттеледі. Демек, Қазақстан бұл салада көшбасшылардың бірі ретінде танылады», - делінген мақалада. Бұл мақаланы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санын оқуға болады

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Мұғалім мәртебелі мамандық болады» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, Қазақстанда педагогтарды 89 жоғары оқу орны дайындаса, оларды бітіріп шыққан 34 мыңнан астам түлектің тек 10 мыңы ғана білім беру мекемелерінде қалады екен. Енді педагогикалық мамандықтар бойынша, оқытудың тұжырымдамасы мен талаптары түбірімен қайта қаралады. «Бұл туралы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов кеше «Отбасы, мектеп, қоғам-игілікті болашақ үшін бірге!» атты алғашқы республикалық педагогикалық форумда мәлімдеді», - деп жазады басылым. Осы жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санында.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, «Көтерме сатушылар тіркеуден өтеді». «Айқын» басылымы бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала жариялап, еліміздегі жанармайға қатысты қалыптасқан жағдайды сараптады. Басылымның жазуынша, бірнеше айдан бері жанармай нарығындағы жағдай мәз емес. Бензин бағасы біраз көтеріліп, тіпті кейбір аймақтардағы құю бекеттерінде ең сұранысқа ие АИ-92 көлік отыны тек талонмен немесе арнайы карточка арқылы босатылып жатыр. Кәсіпкерлер мұны көтерме бағаның шамадан тыс өсіп кеткенімен түсіндіреді. Алайда Бәсекелестікті қорғау агенттігі басшыларының пікірі басқаша. Олардың айтуларынша, Қазақстандағы мұнай өнімдерінің ішкі нарығы айтарлықтай монополияландырылған және бағаның қалыптасуына да негізінен осы жағдай әсер етеді.

***

«Ел тәуелсіздігі қарсаңында Ленин Қызылжардың төріне қайта отырды». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай мақала жарияланды. Онда Қызылжардың әкімі пролетариат көсемі Лениннің ескерткішін қаланың қаланың қақ төріне орнаттырып, айды аспанға бір-ақ шығарғандығы айтылған. «Шаһардың шетінде 50 жыл тұрған тас мүсін бүгінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратының алдында мен мұндалайды. Әлдеқашан күні өткен коммунистердің көсемін мұндай құрметке бөлейтіндей басымызға не күн туды десеңізші?», - делінген мақалада. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Виза түйінін» кім шешеді?» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, біздің нарық Қытай үшін соншалық ауқымды емес. Керісінше, біз сол елден тауар тасымалдауға мүдделіміз. Себебі белгілі. Оның үстіне, іргелес елден жеткізілген өнімнің тасымал шығыны басқалармен салыстырғанда арзанға түседі. Сондықтан арадағы тауар айналымының көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 20 миллиардтан астам долларды құрады. Бірақ соңғы кезде осы сауда байланысына қатысты бір түйткіл шықты. Шілде басталғанда Қытай жағы біздің тасымалдаушыларға жүргізуші визасын беруді тоқтатқан болатын. Соның салдарынан ел бюджеті 3 миллон доллардан қағылды. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында.

***

Жер ресурстарын басқару агенттігінің мәліметтерінше, жекелеген азаматтар мен заңды тұлғаларға берілген ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерінің көлемі 93,4 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде суармалы жер 23,4 миллион гектар. 10-шы тамыздағы мәліметтер бойынша, жұмыс топтары елде 5,7 миллион гектарды құрайтын 15 мың пайдаланылмаған жер телімдері бар екендігін анықтады. Бұл елдегі ауыл шаруашылығына арналған жердің 6,1 пайызы. Бұл мәселе кеше Үкімет үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев өткізген селекторлық мәжіліс барысында мәлім болды. Жер мәселесіне қатысты жәйттардан хабардар болып, осы мәселе бойынша елімізде қалыптасқан жағдайды білгіңіз келсе, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Жерді игілікке жаратыңыз» атты мақаланы қараңыз.