Мұғалімдер құдыққа құлап кеткен оқушыны құтқарды - Көкшетау

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентінде құдықтың ішіне түсіп кеткен 2-ші сынып оқушысы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақтық ТЖД баспасөз қызметінің дерегі бойынша өткен аптаның соңында Краснояр кентіндегі №2 орта мектептің маңындағы құдықтың ішіне 2-ші сыныпта оқитын Егор есімді 7 жасар бала абайсызда құлап кеткен.

«Бала лезде құтқарушылар мен мұғалімдердің көмегімен құтқарылды. Абырой болғанда ешқандай зардап шеккен жоқ», деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.

Ал, мектеп директоры Светлана Әбдіреупованың сөзінше, қазіргі кезде баланың жағдайы жақсы. Сабағын жалғастыруда. Қақпағы тақтаймен жабық тұрған құдықтың ішін ашып көрмек болған баланың аяғы тайып құлап кеткен екен. Сол кезде, оқиға орнынан табылған ата-аналардың бірі мен оқушылар көріп, құтқарушыларды шақырған. Құтқарушылар келгенше, мектеп мұғалімдері баланы өздері құдықтан шығарып алған.