Мұғалімді артық жұмыстан қорғауымыз қажет - өнегелі ұстаз Марк Подольский

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Марк Захарович Подольский талай буынды тәрбиелеп, талай түлекті қанаттандырған ұстаз.

Ол жарты ғасырдан астам уақытын мектепке арнады. Жуырда Марк Захарович 85 жасқа толды. Осыған орай, Қорқыт ата атындағы ҚМУ Студенттер сарайында салтанатты шара өтті. Оны қалалық білім басқармасының қолдауымен мерейтой иесі 20 жылдан астам уақыт басшылық жасаған № 198 мектептің ұжымы ұйымдастырды, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  

М.Подольский еңбек жолын пионер жетекшісі болудан бастады. Макаренко атындағы балалар үйінің тәрбиешісі атанған кезі де бар. Марк Захаровичтің есімі № 198 мектепті басқарған жылдары ел арасында кеңінен тарады. Ол жетекшілік еткен білім ошағы жаңашыл директордың бастамасы арқасында тоқсаныншы жылдарғы қиындық қыспағын көп сезіне қойған жоқ. 

Бірінші, мектеп шеберханаларын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге баса мән берілді. Мектеп реформасының алғашқы жылдары оқушылар мен мұғалімдердің белсенді еңбегін ұйымдастыру үшін әртүрлі олимпиадалар мен конкурстар өткізілді. Жаңалықшыл ұстаздың сол тұстағы еңбегі жайлы шәкірттері әсерлі естеліктер айтты.  

Солардың бірі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық - коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов өз лебізін ұстазына алғыс білдіруден бастады. 

«Марк Захаровичтің мыңдаған шәкірті бар, - деді ол. - Солардың бірі ретінде мен ұстазыма алғысымды білдіремін. Қазір елімізде модернизацияның жаңа толқыны басталды. Оны жүзеге асыру үшін білімділер қажет. Өйткені, қандай заманауи техника болмасын, адамсыз жұмыс істей алмайды. Сондықтан да сол техникамен жұмыс істейтін балаларды оқытып жатқан ұстаз білімі мен білігі сай маман болуы керек. Марк Захарович өзінің жаңашыл идеяларымен аңызға айналған адам. Кезінде балаларды кәсіпкерлікке баулып, талай жанның осы саладан жол табуына негіз қалады».  

Кеште мерейтой иесін түрлі ұлттық орталықтар өкілдері мен білім саласының ардагерлері құттықтады. Мектеп оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері өздері дайындаған концерттік нөмірлерін ұсынды.

Марк Захарович өз қуанышын бөлісуге келген әріптестері мен шәкірттеріне, тілеулес жандарға алғысын жеткізді.

«Жалғыз адам ешқашан жетістікке жете алмайды. Мен әрдайым ұжымның қолдауына сүйендім.  Сонымен қатар, менің үнемі қайталайтын бір қағидам бар. Тағы да айтқым келеді: мұғалім - мектептегі басты тұлға. Оларды біз басы артық жұмыстан қорғауымыз керек. Қарап отырсаңыз, қазір мұғалімнің айналыспайтын ісі жоқ. Ол жол қауіпсіздігі туралы әңгіме өткізуі тиіс, өрт қауіпсіздігі туралы да айтатын сол. Оған қоса қаншама артық міндетті арқалап жүр.  Келешекті ойласақ, мұны тоқтатып, мұғалімге өз міндетімен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек», - деді ол. 

Өз сөзінде Марк Захарович білім саласындағы басқа да мәселелер жайлы кеңінен айтып, өзіне құрмет танытқан әріптестеріне жылы лебізін білдірді.