Мұғалім де шаршайды: күйзеліске түскен ұстазға кім көмектеседі

АСТАНА. KAZINFORM – Мұғалімнің жұмысы сабақ берумен ғана шектелмейді. Ол әр оқушының тілін тауып, ата-аналармен байланыс орнатып, түрлі мәселелерді шешуі керек. Осындай қарбаласта ұстаздың өзі жұмыстан қажып, күйзеліске түссе, қайда жүгінеді? Kazinform тілшісі мұғалімдердің қайдан көмек ала алатынын және маманға жүгінуге не кедергі екенін анықтады .

Фото: Kazinform/ЖИ

Біз мұғалім қанша шаршаса да, сабыр сақтап, өз міндетін атқаруы керек деп есептейміз. Бірақ ұстаздың да өз уайымы мен қиындықтары барын, кейде оның да қолдауға мұқтаж болатынын ескере бермейміз. Расында, елімізде педагогтердің психологиялық көмек алуға құқығы бар. Алайда олардың бәрі бірдей психологқа баруға дайын емес.

Мектеп психологі мұғалімге де көмектесе ме?

Мұғалім ең алдымен өзі жұмыс істейтін мектептің психологынан кеңес ала алады.

«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының түсіндіруінше, мұғалімдердің мұндай көмек алу құқығы қолданыстағы ережелерде көзделген.

Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі №92 бұйрығына сәйкес, педагогтер жұмыс барысында туындаған мәселелер бойынша психологке жүгіне алады. Бұған оқушылармен, ата-аналармен және әріптестермен қарым-қатынаста кездесетін қиындықтар да жатады.

Сондай-ақ педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында мектеп психологінің ұстаздарға кеңес беріп, психологиялық қолдау көрсетуі қарастырылған. Демек, мектеп психологі балаларға ғана емес, мұғалімдерге де көмектесе алады. Алайда іс жүзінде бұл әрдайым оңай емес.

Көкшетау қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектептің директоры Мадина Қожубаеваның айтуынша, мектептерде психолог жетіспейді, ал бар мамандардың жүктемесі көп.

– Әрине, мұғалімдер мектеп психологіне жүгіне алады. Бірақ психологтердің да жұмысы көп. Мектептерде маман жетіспейді, қосымша штат жоқ. Кей мектепте 1200, тіпті 3000 оқушыға бір-екі психологтен ғана келеді. Оның өзі жақсы дегендегі жағдай, – дейді мектеп директоры.

Сондықтан мұғалімдер көбіне бір-біріне қолдау көрсетеді. Қиындықтарын айтып, ақылдасады. Бірақ әріптестеріне сырын ашу бәріне бірдей оңай емес.

– Ұжымда өзара сенім болмаса немесе мұғалім жұмысқа жаңадан келсе, ішіндегі ойын ашық айту қиын. Бұл оның жұмысына, отбасына, денсаулығына әсер етеді. Қазір мұғалімдердің жүктемесі өте көп. Олар демалыс күндерін асыға күтеді, отбасымен бірге тыныққысы келеді. Бірақ сол кезде де жаңа тапсырмалар беріледі. Әрине, мұның бәрі адамды қажытады, – дейді Мадина Қожубаева.

Мектеп директоры мұғалімнің бойында жиналған шаршау мен күйзеліс оның оқушылармен қарым-қатынасына кері әсер етпеуі маңызды екенін де атап өтті.

«Жұмыста уақыт жоқ, үйде тыңдайтын адам жоқ»

Егер мұғалім мектеп психологінен қажетті көмек ала алмаса немесе мәселесі күрделі болса, өңірлік психологиялық қолдау орталығына жүгіне алады.

«Өркен» институтының мәліметінше, мұндай орталықтар жұмыста қиындыққа тап болған, күйзеліске түскен немесе ауыр кезеңді бастан өткеріп жүрген педагогтерге көмектеседі. Мамандар жеке кеңес беріп, мектеп ұжымдарына арналған тренингтер мен алдын алу шараларын өткізеді. Орталықтарға балалар, олардың ата-аналары мен мектеп басшылары да жүгіне алады.

Фото: И. Ермұханованың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, мұғалімдерге кейде ішіндегі уайымын айтып, сырласатын адам жетіспейді.

 

– Мұғалімдердің көбіне ішіндегісін ашық айтуға мүмкіндігі болмайды. Жұмыста уақыт жоқ, үйде тыңдайтын адам жоқ. Сөйтіп, өз мәселесімен жалғыз қалады. Педагогтердің басым бөлігі – әйелдер. Олар үйге келген соң отбасы мүшелерінің мәселесін тыңдап, бәріне көңіл бөледі де, өздерін ұмытып кетеді. Ал жалғыз тұратындарға тіпті қиын. Мұғалімдерге де ішіндегісін айтып, сырласатын адам қажет, – дейді маман.

Оның айтуынша, орталыққа келген мұғаліммен алғашқы кездесу көбіне әңгімелесуден басталады. Өйткені көптен бері іште жүрген уайымды біреуге айтудың өзі адамға жеңілдік әкелуі мүмкін.

– Кейде адам мәселесін ашық айтқаннан кейін жеңілдеп қалады. Біз психолог ретінде оған бағыт-бағдар бере аламыз. Ал мәселенің шешімін өзі табуы керек, – дейді Инара Ермұханова.

Психологке жүгіну үшін міндетті түрде ауыр күйзеліске түсу шарт емес. Кейде адамға өз сезімін түсіну, туындаған мәселеге басқа қырынан қарау немесе әрі қарай не істеу керегін анықтау үшін де маманның кеңесі қажет.

Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Ақмола облысында 788 педагог психологиялық көмекке жүгінген

Ақмола облыстық психологиялық қолдау орталығының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 5518 өтініш тіркелген. Оның 843-і сенім телефоны арқылы түссе, 4675 жағдайда бетпе-бет кеңес берілген. Осы кезеңде орталыққа 788 педагог жүгінген.

Мамандардың айтуынша, көмек сұрайтындардың басым бөлігі – балалар мен жасөспірімдер. Одан кейін ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері келеді. Ал мұғалімдер салыстырмалы түрде сирек жүгінеді.

Кейде мұғалімдерге психологтің көмегі өздері сұрамаса да ұсынылады. Мәселен, баланың қиындықтары отбасындағы немесе мектептегі жағдайға байланысты болса, мамандар ата-аналар мен педагогтерді де әңгімеге тартады. Сол кезде ұстаздың өзіне де көмек қажет екені байқалса, оған жеке кеңес алу ұсынылады. Алайда бәрі бірдей келісе бермейді.

Орталық мамандары мұғалімдерге қандай көмек алуға болатынын түсіндіріп, психологке жүгінуден ұялмау керегін жеткізу маңызды деп санайды.

Ал педагог өзі хабарласса, оның өтініші тіркеліп, жеке қабылдауға шақырылады. Алғашқы кездесуден кейін психолог кеңес береді. Қажет болған жағдайда тағы бірнеше рет қабылдайды немесе невропатологке, психиатрға не басқа бағыттағы психологке қаралуды ұсынады.

Дәрігерден де көмек алуға болады

«Өркен» институтының мәліметінше, егер мұғалімге мектеп психологі немесе өңірлік орталық көрсете алмайтын көмек қажет болса, өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.

Денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек қызмет түрі мен оны көрсету шарттарына қарай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.

Қанша мұғалімнің жұмыстан қажығаны белгісіз

Қазақстанда педагогтерге психологиялық көмек көрсету тәртібі бар. Мектептерде психологтер жұмыс істейді, өңірлік орталықтар кеңес беріп, түрлі алдын алу шараларын өткізеді. Алайда елімізде қанша мұғалімнің кәсіби тұрғыдан қажығаны белгісіз. Өйткені бұл жөнінде бірыңғай статистика жоқ.

«Өркен» институтының мәліметінше, мұғалімдердің психологке қандай себеппен жүгінгені туралы да республика бойынша толық дерек жиналмайды. Мәселен, кәсіби қажу, жұмыс жүктемесінің көптігі, оқушылармен, ата-аналармен немесе мектеп басшылығымен келіспеушілік салдарынан қанша педагогтің көмек сұрағаны белгісіз.

Сондай-ақ елімізде мұғалімдердің кәсіби қажу деңгейін тұрақты анықтап отыратын бірыңғай міндетті жүйе енгізілмеген. Жекелеген мектептер мен өңірлерде педагогтердің психологиялық жағдайы зерттелуі мүмкін. Бірақ мұндай жұмыс бүкіл ел бойынша міндетті емес.

Дегенмен психологиялық қолдау орталықтарының жұмысына қатысты деректер бар. «Өркен» институтының мәліметінше, 2025 жылы еліміздің 20 өңіріндегі орталықтар 48 019 рет бетпе-бет психологиялық кеңес берген. Оның 9236-сы педагогтерге көрсетілген.

Өңірлерде мұғалімдерді күйзеліске төтеп беруге, өз сезімін басқаруға үйрететін семинарлар, тренингтер мен тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Мұндай шаралар ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсартуға да бағытталған.

Алайда бұл жұмыстар барлық мұғалімнің қайдан көмек алуға болатынын білетінін немесе психологқа жүгінуге дайын екенін білдірмейді.

Фото: pexels

Мұғалімдер неге психологке жүгінуге асықпайды?

Мұғалімдердің өздері де психологтен көмек сұрауға үйренбегенін айтады. Сондықтан күйзеліске түскенде қиындықтарын көбіне өз бетінше шешуге тырысады.

Ақмола облыстық психологиялық қолдау орталығы мамандарының айтуынша, бұған ұстаздардың өз кәсібіне қатысты түсінігі де әсер етеді. Кейбірі бала оқытып, психология негіздерін білетіндіктен, өз мәселесін де өзі шеше алуы керек деп ойлайды.

Алайда психологиядан хабары бар адамның өзі де күйзеліске түсуі мүмкін. Өзгеге көмектесе білу өз басындағы қиындықтарды әрдайым жалғыз еңсере алады деген сөз емес.

Сондықтан психологке жүгінуді әлсіздік деп қабылдамаған жөн. Дәрігерге қаралып, денсаулықты тексертіп тұру қаншалықты қалыпты болса, қажет кезде психологтен кеңес алу да сондай үйреншікті іске айналуы керек.

Өйткені мұғалімнің жұмыстан қажуы оның өзіне ғана емес, оқушылармен қарым-қатынасына, сыныптағы ахуалға және білім беру сапасына да әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың ұстаздарды жұмыстан тыс уақытта мазаламауға шақырғанын хабарлаған едік.