Мұғалімді моральға жат қылығы үшін жұмыстан босатуға бола ма

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық Сот «моральға жат қылық» ұғымының құқықтық айқындылығы мәселесін қарады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Конституциялық Сот тәрбие беру функцияларын атқаратын жұмыскердің осы жұмысты жалғастырумен сыйыспайтын моральға жат қылық жасағаны үшін еңбек шартын бұзуды көздейтін Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтінішті қарады.

Өтініш беруші мектептің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің шешімі негізінде жұмыстан босатылған. Бұл шешіммен келіспеген ол келісу комиссиясына және соттарға жүгінген. Іс бойынша қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.

Өтініш берушінің пікірінше, моральға жат қылықтың нақты құқықтық белгілері мен объективті өлшемшарттарының болмауы аталған норманы қолдану кезінде кеңінен пайымдауға жол береді және оның еңбек ету мен сот арқылы қорғалу құқықтарын бұзады.

Конституциялық Сот заңнамада адамгершілік қағидаттарына қатысты нормативтік бағдарлар, оның ішінде педагогикалық әдепке қойылатын арнайы талаптар мен оларды бұзғаны үшін жауаптылық көзделгенін атап өтті.

— «Моральға жат қылық» ұғымы өзінің табиғаты бойынша бағалау сипатындағы ұғым саналаады. Сондықтан оның мазмұнын іс-әрекеттердің түпкілікті тізбесі арқылы толық ашып көрсету мүмкін емес. Мұндай қылықты бағалау нақты істің мән-жайларын, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және кәсіби ерекшеліктерді ескеруді талап етеді. Конституциялық Сот аталған ұғымның нақты мән-жайларды ескере отырып қолдануға мүмкіндік беретін жеткілікті нормативтік айқындыққа ие деген қорытындыға келді. Сонымен қатар Сот өтініш берушінің келісу комиссиясына және соттарға жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғаудың заңда көзделген тетіктерін пайдаланғанын атап өтті, — делінген хабарламада.

Осыдан бұрын Конституциялық Сот жер дауларына қатысты Жоғарғы Сот қаулысын тексеретінін жаздық.