Мұғалімдерді жалған бұйрықпен жұмысқа қабылдаған бұрынғы директорлар сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада мұғалімдерді жалған бұйрық шығарып, жұмысқа қабылдаған бұрынғы мектеп басшылары сотталды.
Қалалық прокуратура екі мектептің бұрынғы директорына қатысты қызметтік жалғандық жасау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 369-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеген болатын. №2 қалалық сот олардың бас бостандығын 1 жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындады.
«Атап айтқанда, білім беру ұйымдары азаматтарды мұғалім ретінде жұмысқа қабылдау туралы жалған бұйрықтар шығарып, еңбек кітапшаларына мәліметтер енгізген. Педагог ретінде конкурссыз жұмысқа орналасуға жағдай жасалған», – делінген ведомство хабарламасында.
Жуырда ғана біз Оқу-ағарту министрі мектеп директорларына қойылатын талапқа қатысты түсінік бергенін жазған болатынбыз.