Мүгедек балалар білім берумен толық қамтылмай отыр - З. Балиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Астанада Қазақстан xалқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің отырысында мүмкіндігі шектеулі балаларды біліммен қамту мәселесін көтерді.

"Үлкен өкінішке орай, балалардың барлығы бірдей жоғары өмір сапасына  қажетті құқықтарын пайдаланбай отыр. Мысалы, 140 581 мүмкіндігі шектеулі баланың 61 959-ы инклюзивті білім алуда. Қалғандары не істеп жатыр? Қалғандарына мұғалімдер үйіне келеді, кейде келмейді де. Егер келсе де, аз уақыт оқытады. Сондай балалардың ата-аналарымен кездескенде осыны жиі естимін", - дейді З. Балиева.

Оның айтуынша, біздің елде мұндай балаларға  жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келеді.

"Біз олардың өз Отандарының толыққанды азаматы болып қалыптасуына мардымды көңіл бөлмей келе жатырмыз", - деп атап өтті ол.