Мүгедек балаларға арналған «Қолдан-қолға» атты қайырымдылық шарасы аяқталды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы / - Бүгін Алматы мен Астана қалаларында өткізіліп келген «Қолдан-қолға» атты қайырымдылық шарасы өз мәресіне жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат . Наурыз айының басынан бері жүргізіліп келе жатқан бұл шараның басты мақсаты - мүгедек балалары бар, материалдық жағдайы төмен отбасыларына көмектесу. Шараны «АРДИ» қауымдастығы, «PONY EXPRESS», «MOVATORS» компаниялары, «Қайырымдылықтың ерікті қоғамы» ұйымы ұйымдастырған. Шара барысында жиналған түрлі қайырымдылық көмектер Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығына берілген. Сондай-ақ «PONY EXPRESS» компаниясы аталмыш шараға демеуші болған дүкендердің сыйлықтарын мүгедек балалардың отбасыларына жеткізіп берген. Бүгінгі шараның қорытындысында мүгедек балалар өздері дайындаған концерттерін көрсетті. Сондай-ақ эстрада жұлдызы Нұрлан Абдуллин, белгілі тележүргізуші Аружан Саин қатысып, балаларға өз ниеттерін білдірді.Сондай-ақ 300-ге жуық мүгедек балаларға арналып дастархан жайылды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық шарасы келесі жылы да жалғасын табатын болады.