Мүгедек балаларын бағып отырған аналар әлеуметтік қызметкер ретінде мойындалуы керек - Г.Ықсанова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүгедек балаларын асырап отырған аналар әлеуметтік қызметкер ретінде мойындалуы керек. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова осындай мәселе көтерді.

Еске салайық, палатаның вице-спикері Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау мәселелері талқыланған болатын. Депутат сөз арасында ауыр науқас балаларын күтіп-бағатын ата-аналарды әлеуметтік қызметкер ретінде мойындаудың маңыздылығына тоқталып, мұның бірқатар проблеманы шешуге септігін тигізетінін айтты.

«Біріншіден, ешқандай әлеуметтік қызметкер өз анасындай туған баласын күте алмайды, ондай балаларды қоғамға өз анасындай әлеуметтік бейімдеуге ешкім жәрдемдесе алмайды. Екіншіден - әлеуметтік қызметкер ретінде мойындалса, ондай отбасылар жалақы түріндегі қосымша кіріс алып тұрар еді. Ал анасына зейнетақы жарнасы төленетін еді, ендеше осы арқылы анасына мемлекеттік зейнетке шығу да қамтамасыз етіле алады», - деді Г.Ықсанова.

Сонымен қатар, депутат еліміздегі паралимпиадалық қозғалысты дамытуға да назар аударды.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеуде олардың дене шынықтыруына ғана емес, қандай спорт түріне икемділігіне де назар аударған ләзім. Сосын медициналық көрсеткіштерді алға тарта отырып, жаттықтырушылар олармен жұмыс істесе, мүгедек адамдар да спортта белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алады. Ең бастысы - мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бағдарламасында оларға қандай спорт түрінің қолжетімді екені немесе қандай спорт түрімен шұғылдануға болатындығы жазылып отыруы керек», - деді Г.Ықсанова.