Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құжатта дағдарыс салдарына байланысты халықтың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беру көзделіп отыр. Бұл ретте, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, 1-ші, 2-ші және 3-ші топтағы мүгедектерге, тыл еңбеккерлеріне, мүгедек балалардың ата-аналары немесе асыраушыларының табысына салық салынбайтын шек - ең төменгі жалақының 55 есе мөлшеріне дейін ұлғаяды. Бұл шек қазіргі қолданыста ең төменгі жалақының 45 есе мөлшерінде болатын. Бұдан басқа, өзі табыс табатын мүгедек баланың табысы да салықтан толық босатылады», деді Б. Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, заң жобасымен салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар жеңілдіктер ұсынылатын болады. Мәселен, жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу уақыты желтоқсанның 31-не дейін ұзартылады. Сонымен бірге, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер бойынша салық есебін беру уақытын ұзарту мүмкіндігі қарастырылады. «Салық органдарының мемлекеттік бажды қайтару мерзімі салық пен төлемді қайтару мерзімі секілді реттелетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, осы заң жобасын Мемлекет басшысы жедел басымдықпен қарау туралы тапсырма берген болатын. Бүгін Парламент Сенаты аталған құжатты екі оқылымда қабылдап, Елбасының қол қоюына жіберді.