Мүгедектер құқығын сақтау үшін жазаны орындай білу керек - «Намыс» бірлестігі

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда мүгедектер құқығын қорғайтын заңнама бар. Алайда ол толыққанды орындалмайды. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісінде жоғары білімі бар мүгедектердің «Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманәлиев осылай айтты.

«Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде мүгедек құқығын сақтамағаны үшін нақты жаза қарастырылған. Жеке тұлғалар 200-400 долларға дейін айыппұл төлесе, заңды тұлғалар 500 АҚШ долларына дейін шығындалуы шарт. Алайда жазаның бұл түрі еш орындалмайды деуге болады. Соның салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы да сақталмайды», - дейді Қ.Иманәлиев. Сондықтан бүгінде заң аясындағы жауапкершілікті күшейтіп, жазаның орындалуын қамтамасыз ету аса маңызды. Мүгедектер үшін жабдықталмаған құрылыс нысандарын қабылдамауға да болады. Осы орайда ұйым басшысы Алматыдағы метроны да мысал ретінде келтірді. Ол жерде мүгедектер үшін жағдай жасалса да, арбаға таңылған азаматтар оған түсе алмай жүр.