«Мүгедектер мәселесімен тікелей айналысатын орган керек» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 19-шы қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Мәжіліс депутаты Сәуірбай Есжановтың «Басты бақытымыз - тәуелсіздік» атты мақаласын басты. Депутаттың айтуынша, кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі мен орнықты дамуының ең маңызды факторы - аумақтық тұтастығы мен шекарасының беріктігі. Мұның қаншалықты маңызды екендігін өзінің сан ғасырлық тарихында ше­ка­расын тұңғыш рет шегендеп алған қазақ халқы өте жақсы біледі. Осылайша бүкіл Батыс Еуропаның аумағына тең ұлан-байтақ жерді алып жатқан Қазақстан қауіпсіздік мәселесін әскердің, қарудың күшімен емес, бейбіт жолмен келісім арқылы шешіп келеді.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов Швейцарияның Берн қаласында өткен Парламентаралық Одақ Ассамблеясының мерейтойлық 125-ші отырысына қатысып, осы шарадан соң бірқатар мемлекеттердің жоғары деңгейдегі басшыларымен кездескен. Бұл кездесулерде көтерілген мәселелер «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Жүздесулер жүгі салмақты» деген тақырыппен берілді.

***

«Айқын» басылымының хабарлауынша, Сыр өңірінде айбынды Арал қаласында ғашық жандардың түбіне барып, ғазал оқитын жаңа ескерткішті көкке бой түзеді. Бұл -жаңадан ашылған «Ғашықтар алаңының» сәніне айналған Қыз Жібек пен Төлегеннің мүсіні. «Жаңа алаңның ашылуы Арал жастары үшін мәре-сәре қуанышқа айналды»,-деп жазады басылым. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш қойылды» атты мақалада.

Осы басылымның жазуынша, «Жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп барады». Осындай тақырыппен жарияланған мақалада еліміздегі әрбір 14 қылмыс жасөспірімдердің қолымен жасалатындығы айтылады. Аталған қылмыстардың әрбір 8-сі төбелеспен, әрбір 6-сы ұрлық-қарлықпен тікелей байланысты. Бұған қосу қару қолдану арқылы қылмыс жасау фактісі 17,5 пайызға ұлғайыпты.

***

Алаш айнасы» басылымының жазуынша, бүгінгі мүгедек жандардың онсыз да шектеулі мүмкіндіктерін қоғамның өзі одан да бетер шектеп, «жығылғанның үстіне - жұдырық» болып отырған сыңайлы. Олардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауды былай қойғанда, біздің ортада мүгедектер жұмысқа бейімі бар адам ретінде саналмайды. Осыдан кейін олар көшеге шығып, қоғамның анықтап берген «жұмысын» атқаруға мәжбүр болады. Біле-білсек, мүгедек жандардың ішінде жоғары білімі бар азаматтар баршылық. Олар елдің дамуына, халықтың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуға аса мүдделі. Ал бұл мәселені шешу үшін нендей шаралар атқарылуы керек?. «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Мүгедектер мәселесімен тікелей айналысатын орган керек» атты мақалаға осы өзекті жай арқау болған.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, отандық қант секторындағы кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатпақшы. Соған сәйкес, қызылша саласында жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтарын қоспағанда, зауыттардағы 6 мың адам жұмыссыз қалмақ. Оған басты себеп, Кеден одағы аясындағы мықты бәсекелестік. Бұл жөнінде «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қазақ қанты бәсекеге неге төтеп бере алмады?» атты мақалада айтылады.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгісанында «Мир преобразит духовная культура» атты мақала жарық көрді. Оған кеше елордада өткен «Рухани мәдениет-әлемді жаңғыртудың кілті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, бүгінде бүкіл әлемдегі үдерістер үлкен өзгеріске ұшырап жатыр. Осы ретте адамзат баласын осы үдерістерге мәдениет саласының қаншалықты ықпал етіп отырғандығы толғандыруда. Жиын барысында оған қатысушылар осы тектес мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты.