Іс-шара аясында мүгедек жандардың денсаулық сақтау қызметтерін тең дәрежеде пайдалану мәселелері жан-жақты қаралды. ҚР Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың айтуынша, осы салада әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер көп. Мүгедектер, көп жағдайда, медициналық-әлеуметтік маңызы бар нысандарға кіре алмай, қоғамдық көлік қатынасы саласында біраз қиыншылықтарға тап болып жатады. «Әсіресе, мүгедек әйелдердің жағдайы қиын. Себебі олар, бір жағынан әлсіз. Оған тағы мүгедектіктің ауыр халін қосыңыз. Шынын айту керек, медициналық көмекке жүгінген ондай әйелдердің денсаулығын толыққанды қарамайды», - дейді В.Калюжный.
Орталық жетекшісінің сөзіне қарағанда, бүгінде азаматтардан түсетін арыз-шағымдар бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстар жіберілді. Ал 32 әлеуметтік нысанға жүргізілген бақылау жұмыстарының қорытындысы бойынша Үкімет басшысының кеңсесіне ресми хаттар жолданды.