Мүгедектердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған Ұлттық іс-қимыл жоспары жыл соңына дейін қабылданады

ТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандағы мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары жыл соңына дейін қабылданады.

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоршаған ортаға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып табылады. «Жергілікті жерлерде осы мақсатқа қажетті жағдайды тудыру істері өте баяу жүріп жатыр. Мәселен, еліміздегі нысандардың басым бөлігінде мүгедектердің арбасымен жүретін жолдары мен қондырғылары орнатылмаған. Жаяу жүргіншілер өтетін жолдардың 20-дан бір бөлігі ғана арнайы дыбыс пен жарық беретін құрылғылармен жабдықталған. Ал автобустардың 3,6 пайызы ғана мүгедектердің мінуіне-түсуіне қажетті жабдықпен жарақталған» , - дейді Г. Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік кіріктіру проблемаларын шешу мақсатында министрлік Қазақстандағы мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеген. «Бүгінгі күні аталмыш жоспарды іске асырудың бес бағыты айқындалды. Біріншіден, мүгедектердің тыныс-тіршілігінің негізгі салаларындағы нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделеді. Осы санаттағыларға қатысты қызметтердің қолжетімділігін арттыру да қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, мүгедектерді әлеуметтік қорғау және оңалту жүйелерін жетілдіру де көзделеді. Статистикалық есеп пен деректер жинақтауды жетілдіруге де басымдық береміз», - дейді министр.

Сөз соңында ведомство басшысы депутаттық корпус тарапынан болуы мүмкін ұсыныстарды талқылауға әзір екендігін танытты. «Ұлттық жоспарды жан-жақты толықтырып, жыл соңына дейін қабылдауды көздеп отырмыз», - деді министр.