Мүгедектігі бар адамдар ым-ишара тілі мамандарының қызметін онлайн ала алады
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтарға ым-ишара тілі мамандарының қызметтерін көрсетудің қолданыстағы қағидаларына өзгерістер енгізуді көздеп отыр.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар үшін аталған қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігі қарастырылған. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
- Қазіргі қағидаларға сай, инфекциялық аурулар ым-ишара тілі маманының қызметтерін алуға қарсы көрсетілім болып саналады. Соның салдарынан мұндай қызмет мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз еді, - деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
Жоба қабылданған жағдайда, бұл санаттағы азаматтар ым-ишара тілі қызметіне қашықтан қол жеткізе алады. Бұл олардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етпек.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 10 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылау үшін орналастырылды.
Айта кетейік, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша 434 млрд теңгеден аса жәрдемақы төленді.