Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындары квотасын орындамағандарға жауапкершілік күшейтілмек

Мүгедектігі бар адамдарға  арналған жұмыс орындары квотасын орындамаған жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейтілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Үкімет басшысының дерегінше, бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындары квоталарын жергілікті атқарушы органдар ұйым қызметкерлерінің тізімдік санына қарай 2-ден 4 пайызға (штат саны 50 адамнан асатын ұйымдар үшін – 2%, 100-250 адам үшін – 3%, саны 250 адамнан асатын ұйымдар үшін – 4%) дейінгі мөлшерде белгілейді. Бұдан бөлек, жұмыс берушіге жүктемені ынталандыру және азайту үшін осы жылдан бастап мүгедек адамдардың жалақысын мемлекет субсидиялау тетігі іске қосылды. Мәселен, субсидиялау жұмысқа орналастырудың үш жылы ішінде жүргізіледі: бірінші жыл – 70, екінші жыл – 65 және үшінші жыл – 60 пайыз.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 98-бабына сәйкес жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту саласындағы заңнамасын мүгедек адамдар үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасын орындамау түрінде жасаған бұзушылығы ескерту жасауға алып келетінін айта кеткен жөн. Бұл ретте әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзу лауазымды адамдарға кәсіпкерлік субъектісіне байланысты бестен он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің белгіленген квотаны орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін қарап жатыр», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, тиісті заңнамалық түзетулер заңнамада белгіленген тәртіппен Парламент Мәжілісіне енгізіледі.