Бұл туралы Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов айтты.
Оның айтуынша, медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) барысында адамның оңалтуға қажеттілігі жеке тәртіппен анықталады. Шешім қабылдау кезінде аурудың диагнозы ғана емес, ағза функцияларының бұзылу сипаты мен дәрежесі, тіршілік әрекетінің шектелуі, функционалдық мүмкіндіктері, оңалту әлеуеті және болжамы ескеріледі.
— Бірдей диагноз әр адамда бірдей функционалдық шектеуге әкелмейді. Сондықтан бір диагноздың болуы техникалық оңалту құралдарын автоматты түрде бірдей тағайындауды білдірмейді, — деді Асқар Аймағамбетов баспасөз мәслихатында.
Департамент басшысы қажеттілікті анықтау қалай жүргізілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, техникалық оңалту құралдарына қажеттілікті анықтау процесі медициналық ұйымнан басталады. Онда қажетті диагностикалық, емдеу және оңалту шаралары жүргізіледі.
Дәрігерлік-консультациялық комиссия медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама дайындап, медициналық құжаттарды ұсынады. Олардың ішінде мамандардың қорытындылары, тексеру нәтижелері және жеке оңалту бағдарламасын әзірлеуге қатысты медициналық мәліметтер болуы мүмкін.
МӘС мамандары ұсынылған құжаттар негізінде адамның денсаулық жағдайын кешенді бағалап, өз құзыреті шегінде қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындайды.
Асқар Аймағамбетовтің айтуынша, сараптама барысында бірнеше негізгі кезең қарастырылады.
Бірінші кезең — медициналық құжаттарды зерделеу. Мамандар тек диагнозды растаумен шектелмейді. Құжаттардан ағза функцияларының қалай бұзылғанын, олардың қаншалықты айқын екенін және күнделікті өмірге қалай әсер ететінін анықтайды.
Екінші кезең — ағза функцияларының бұзылуын бағалау. Бұл ретте қозғалыс, көру, есту, сөйлеу және басқа да функциялардың бұзылу сипаты мен дәрежесі ескеріледі. Негізгі назар адамның қандай әрекеттерді өз бетінше орындай алмайтынына және қандай қиындықтарға тап болатынына аударылады.
Үшінші кезең — тіршілік әрекетінің шектелуін бағалау. МӘС мамандары адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен қозғалу, бағдарлау, қарым-қатынас жасау, білім алу, еңбек ету және басқа да күнделікті әрекеттерді орындау мүмкіндігін қарайды.
Мысалы мүгедектер арбасына қажеттілікті анықтау кезінде аяқ функцияларының бұзылуы ғана ескерілмейді. Адамның отырған күйде тепе-теңдігін сақтай алуы, дене қалпын ұстап тұруы, қолдарының мүмкіндігі және кресло-арбаны өздігінен басқара алуы да бағаланады.
Төртінші кезең — оңалту әлеуеті мен болжамын бағалау. Сарапшылар бұзылған функцияларды қалпына келтірудің мүмкіндіктерін және алдағы оңалтудың ықтимал нәтижесін ескереді.
Бесінші кезең — нәтижелерді есепке алу. Белгілі бір техникалық оңалту құралын немесе қызметті ұсыну кезінде медициналық және медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер қарастырылады. Таңдалған құрал адамның функционалдық мүмкіндіктеріне сәйкес келіп, оны тиімді пайдалануға мүмкіндік беруі керек.
Сонымен қатар департамент басшысы қажеттілікті дұрыс анықтау медициналық ұйым ұсынатын ақпараттың сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Медициналық құжаттарда денсаулық жағдайы туралы өзекті әрі шынайы мәліметтер, тексеру нәтижелері, функциялардың бұзылуы және жүргізілген оңалту шаралары туралы ақпарат болуы қажет, — деді ол.
Оның айтуынша, құжаттардың толықтығы, зерттеу нәтижелерінің негізділігі және оларды дұрыс рәсімдеу медициналық ұйымның жауапкершілігіне жатады. Ал МӘС мамандарының міндеті — ұсынылған мәліметтер негізінде кешенді сараптамалық бағалау жүргізіп, қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтау.
Айта кетейік, бұған дейін, 167 жалған мүгедектік анықталып, елімізде әлеуметтік көмек жүйесі өзгергенін жазған едік.