Мүгедектігі бар азаматтарға арналған қолжетімділік туралы ақпараттық портал жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін арттыру үшін «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталы жұмыс істейді.

Фото: МТСЗН

Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, портал азаматтарға қажетті нысандардың қолжетімділігі туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

— Порталдың негізгі мақсаты — мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік маңызы бар нысандардың қолжетімділігі туралы нақты ақпарат ұсыну. Соның арқасында азаматтар белгілі бір мекемеге бармас бұрын оның қолжетімділік деңгейін алдын ала тексере алады, — деді Асқар Аймағамбетов.

Спикердің сөзінше, портал азаматтар, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының иелері арасындағы өзара байланысты нығайтып, саланың ашықтығын арттырады.

Жергілікті атқарушы органдар нысандардың қолжетімділік деңгейін бағалайды. Бағалау барысында алты негізгі өлшем ескеріледі: кіреберіс бөлігі, нысан ішіндегі қозғалыс жолдары, қызмет көрсету аймағы, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, ақпараттық және телекоммуникациялық құралдар, сондай-ақ нысан аумағы.

Бағалау қорытындысы бойынша әр нысанға «қолжетімді», «ішінара қолжетімді», «қолжетімсіз» немесе «мәлімет жоқ» мәртебесі беріледі.

— Бұл тәсіл мүгедектігі бар адамдар үшін нысанның бейімделу деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында портал «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған. Бұл мекенжай деректеріне қатысты қателіктердің алдын алады, — деді департамент басшысы.

Пайдаланушылар портал арқылы Қазақстандағы бейімделген нысандар туралы мәлімет ала алады. Тіркелген қолданушылар нысандардың қолжетімділік деңгейін бағалап, фотосурет қоса отырып пікір қалдыра алады.

Департамент басшысының айтуынша, порталдағы ақпарат тұрақты түрде жаңартылып отырады. Деректерді жаңарту үдерісі автоматтандырылған, сондықтан пайдаланушылар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 30,5 мыңнан аса нысан инклюзивті талаптарға сай жабдықталғаны туралы жазған едік.