Мүгедектігі жоқ адамдар да медициналық көрсетілімдер бойынша есту протезімен тегін қамтылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Қазақстан халқына сурдологиялық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
- Мүгедектігі бар адамдарды есту функциясының бұзылуын өтейтін медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету және ауыстыру «Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 287 бұйрығына және «Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 284 бұйрығына сәйкес жүргізіледі, - делінген құжатта.
Құжатқа сәйкес, мүгедектігі жоқ адамдарға медициналық көрсетілімдер бойынша есту протезі көмегін ұсыну жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Мүгедектігі жоқ адамдарды медициналық көрсетілімдер бойынша есту протезі көмегімен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өз құзыреті шегінде: мүгедектігі жоқ адамдарды медициналық көрсетілімдер бойынша есту протезі көмегімен қамтамасыз ету үшін медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырады.
Есту функциясының 1, 2, 3, 4 дәрежедегі созылмалы (қайтымсыз) бұзылуы бар, мүгедектік дәрежесі жоқ адамдарды есту функциясының бұзылуын өтейтін медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету және ауыстыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Есту аппараттарымен естуді протездеу оториноларинголог (сурдолог) дәрігердің қорытындысы бойынша естуді аудиологиялық зерттеп-қараудан кейін жүзеге асырылады.
Ортаңғы құлақты немесе сүйек өткізгіштігін импланттау жүйесін орнатқаннан кейінгі бірінші жылы аудио-(сөйлеу) процессорын баптау кемінде 4 рет, екінші жылы кемінде 2 рет, келесі жылдары кемінде жылына 1 рет жүргізіледі.
Ортаңғы құлақ және сүйек өткізгіштігі импланттарына арналған сөйлеу (аудио) процессорларын ауыстыру 5 жылда 1 рет жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдарға әуе билеттеріне жеңілдік жасау туралы заң қайта қаралады.