Мүгедектігі бар адамдар 200 мыңнан астам қызмет алды - Еңбек министрлігі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан бастап мүгедектігі бар адамдар 200 мыңнан астам қызмет алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, 113 мыңнан астам мүгедектігі бар адам Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 6 мыңнан астамы ымдау тілі қызметтерін, 31 мыңнан астамы жеке көмекшінің қызметтерін, 36 мыңға жуығы санаторлық-курорттық емдеу алды және 122 мыңнан астам адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) тапсырыс ресімдеді.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 859 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 127 ОТҚ жеткізуші, жеке көмекші қызметтерін ұсынатын 13 мыңнан астам жеткізуші, ымдау тілі қызметтерін ұсынатын 250 жеткізуші, санаторлық-курорттық емдеу ұсынатын 66 жеткізуші, кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынатын 135 жеткізуші тіркелген.

2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Электрондық үкімет порталында (eGov.kz) мүгедектігі бар адамдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметтерін көрсетуге электрондық өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды. Осы кезеңде Электрондық үкімет порталы арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 110,5 мыңнан астам құжат ресімделді.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

1411 нөмірі арқылы Call-орталықтан порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.