Мүгедектігі бар балаларды ұрған астаналық тәрбиешінің ісін қараған судья ауысты
«19 шілде күні біз сот отырысына келдік. Бізге хатшы судьяның ауыстырылып жатқанын, ендігі отырыста істі басқа судья қарайтынын жеткізді. Не себепті деп сұрағанымызда, біздің істі қарап жатқан судьяның жұмыс бабымен Алматы облысына ауысып жатқанын айтты», - деді ҚазАқпарат тілшісіне жәбірленуші Галина Николаева.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Балам-ай» мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік қолдау орталығында сәбилерді ұрған тәрбиешіге қатысты сот басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Айыпталушы – 33 жастағы әйел. Оның өзінің мүгедектігі бар. Сөйлемейді, құлағы естімейді. Сот залында ол арнайы сурдоаудармашының көмегімен жауап беріп отырды. Бірақ, күдікті өзіне тағылған айыптардың бірін де мойындамайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өзін бейнетаспаға түсіруге қарсылық білдірді. Судья оның талаптарын қанағаттандырды.
Айта кетейік, күдіктінің үстінен бастапқыда ҚР ҚК 140-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
«Тергеу барысында іс ҚР ҚК 110-бабы 2-тармағы бойынша қайта сараланды. Бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе айыппұл қарастырылған», - деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Аржан Сәдуақас.
Естеріңізге сала кетейік, орталықта бейнебақылау камерасына түскен кадрлардағы жайт көпшіліктің жағасын ұстатты. Ерекше балаларды ұрып-соғу оқиғасын бас прокурор бақылауына алған болатын.