«Нысандардың қолжетімді болуы немесе «кедергісіз» ортаны құру – мүгедектігі бар адамдардың қоғамға кірігіп, толық араласуына қажет негізгі фактордың бірі. Сондықтан, «Қолжетімді нысандардың интерактивті картасы» әзірленіп, тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл картаны жергілікті атқарушы органдар ұдайы толықтырып отырады. Ал, нысандардың қолжетімдігін мүгедектігі бар азаматтардың өздері және осы саладағы қоғамдық бірлестіктер бағалайды», - деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Жергілікті атқарушы органдардың дерегіне жүгінсек, бүгінде 25 мыңға жуық нысан мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген. Алайда оның 23 пайызы ғана бекітілген стандарттарға сай келеді.
«Бұл процеске қатысушылардың белсенділігі пандемияға байланысты едәуір төмендегенін мойындау керек. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар объектілердің қолжетімділігіне қоғамдық бақылау жүргізуді жалғастырып, бейімдеуді қажет ететін нысандар тізбесін өзектендіруі керек. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұлттық стандарттарды қайта қарағаны абзал», - деді Тамара Дүйсенова.