Мүгедектікті белгілеу бойынша 38 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 38,8 мыңнан астам өтінім қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 26,1%-ын құрайды. Қазіргі уақытта жобаға 740-тан астам медициналық ұйым қосылған. 2022 жылы сырттай куәландыру бойынша 57,1 мың өтінім қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 22,7%-ын құрайды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 536,9 мың адам болса, асыраушысынан айырылғандар шамамен 186,7 мың адам болған.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.

Сонымен қатар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% - ға артты.

ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуіне байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап МӘЖ мөлшері орта есеппен қосымша 14,5% - ға индекстелді.

Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңге, 2-топ үшін 71 398 теңге, 3-топ үшін 48 681 теңге.