Мұхамед Әли, Брюс Ли сынды атақты спортшыларды жаттықтырған Джун Ри Алматыға келмек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде алдағы 12-15 шілде аралығында Джун Ри таэквондодан (Jhoon Rhee taekwando) бірінші ашық әлем біріншігі өтеді. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат агенттігіне белгілі бизнесмен және меценат, ҚР Джиу-джитсу федерациясының президенті Дәурен Мұса хабарлады.

Оның айтуынша, жарысқа жақын және алыс шет елдерден шамамен 300 жуық спортшы қатысады.

«Ең бастысы Джун Ридің өзі келеді деп күтілуде. Ол - аты аңызға айналған тұлға, 10-шы данның қара белбеуінің иегері. Сонау 1957 жылы АҚШ-та алғашқы таэквондо мектебін ашқан адам. Осылайша ол кикбоксинг, акинадо, хапкидо секілді жекпе-жек өнерлерінің пайда болуына септігін тигізді. Сонымен қатар Джун Ри кезінде Мұхамед Әли, Брюс Ли секілді атақты спортшыларды жаттықтырған», - деді Дәурен Мұса. Аталмыш шараның мақсаты - жастар арасында осы бір жекпе-жек өнерін барынша насихататту және әр елден келген бапкерлерге өзара тәжірибе алмасуға жол ашу. Әлем біріншілігінің басты ұйымдастырушысы - Қазақстандық «Джун Ри таэквондо» академиясы.