Мұхамедиұлы: Кенесары ханның бас сүйегін қайтару жұмыстары жалғасуда

АСТАНА. ҚазАқпарат -Кенесары ханның бас сүйегін қайтару жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше жылдан бері Ресей аймағында Кенесарының бас сүйегін анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатқанын білесіздер және осы бағыттағы жұмыстар міндетті түрде жалғасады. Бірақ қазіргі кезде нақты бір жерде нақты дерек бар деп айту қиынға түсіп отыр. Сонымен қатар бас сүйек жоқ деп айтуға ешкімнің құқысы жоқ»,-деді министрі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап беру кезінде.

Бұдан бөлек, А. Мұхамедиұлы бүгінде Кенасары ханның кезіндегі жеке заттарын қайтару бойынша тиісті шаралар атқаралып жатқанын атап өтті.

«Мәселен, Кенесары қолданған дүниелер бар екені белгілі. Мәселен, оның мылтығы, оның жазған хаттары бар және осы бағытта елеулі жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар бас сүйегін анықтау бойынша ғалымдар айналысып жатқанын нақты айта аламын»,-деді министр.