Мұхамедиұлы мен Түймебаев халықтың арасында билеп жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киелі Түркістанда тойланған Наурыз мерекесінің дронмен түсірген видеосы желіге жүктелді. «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында тойланған биылғы Наурыз қазақстандықтардың ерекше ықыласына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Видеоны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жүктеген. Роликтен көріп отырғанымыздай, Түркістандағы Наурызда Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халықпен бірге би билеп, ән салып жүр.

Естеріңізге сала кетейік, 21 наурыз күні облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасын салтанатты түрде ашып беріп,  Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнамасына» қатысқан болатын.

Жалпы, киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың ішінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және әр елдің жоғары лауазымды ресми өкілдері бар.